С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Бір ғасырдан астам тарихы бар, өңіріміздегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағы — облыстық «Soltustik Qazaqstan» газетінде ұзақ жылдар қызмет еткен басылымның ардагері Амандық Жантеміровке облыстық мәслихаттың кезектен тыс он бірінші сессиясының шешімімен «Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағы берілді.
Амандық Мырзахметұлы 1944 жылғы 25 наурызда Жамбыл ауданындағы Қарақамыс ауылында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, журналист мамандығын алған. 1966 жылы «Ленин туы» (қазіргі «Soltustik Qazaqstan») облыстық газеті редакциясына қатардағы әдеби қызметкер болып орналасып, бас редактордың орынбасары қызметіне дейінгі жолдан өткен. Облыстық радиода директор, облыстық телерадиокомпанияда бас редактор қызметін атқарған. Мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі атақтарына ие. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, Құрмет гра-моталарымен, Алғыс хаттармен марапатталған.
«Қызылжар өңірінің өшпес шежіресі», «Атақоныс-Ақтомпақ», «Жеті атаңды білесің бе?», «Сағындырған ауылым», «Доктор от бога» және «Қапсыт (Аткелтір)» кітаптарының авторы. Амандық Жантеміровтің бұқаралық ақпарат құралдарындағы облысымыздың әлеуметтік-экономикалық даму жолы, түйткілді мәселелері жайлы жазған мақалаларын өңіріміздің жылнамасы деуге болады.
«Қызылжар-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы бұл марапатты газет ардагеріне ғана емес, өңіріміздегі барлық журналистер қауымына көрсетілген құрмет деп қабылдады. Қаламыңыздан қуат кетпесін, жазарыңыз мол болсын!
«Қызылжар-Ақпарат» ЖШС-нің ұжымы.
________________________________________________________________________________________________________
// Soltustik Qazaqstan.-25 қараша.-1 бет.-2021 жыл.