Мен ескіше жыл басы деп есептелетін «Наурыз күні» киіз үйде туыппын. Қазақ даласының ең суық жағын жайлайтын біздің елдердің бірсыпырасы XX ғасырдың бас кезінде де қыс айларын киіз үйде өткізеді екен.

Ол күні жер де сілкінбеген, күн түгіл ай да тұтылмаған, есте қаларлық боран да болмаған, ең аяғы қалжа сүйегіне иттер де таласа алмаған. Менсіз де үбірлі-шүбірлі бір қара үйде тағы бір бала туа салған да, басқа балаларының атына ұйқастыра ат берілген.
Әрине, ол күннен менің есімде қалған ешнәрсе жоқ. Болысым кім, патшам кім, пайғамбарым кім, табым кім, онда менің жұмысым болмауы керек. Кейін ондайды ұнатпаса да ол кезде тістеген мен шаққанға да енжар болған сияқтымын: жылауық болмаппын.
-Қайсар болушы ең, жыламайтын едің, – деп, шешем осы күнге дейін әр кезде айтып отырады.
Тегі, ол кезде біздің ауылдарға көп оқиғалар соқпай өте берген сияқтанады. «Асау той, тентек жиын», қызыл жон қырғын, батырлық, ерлік жайларын шалдар ғана ертегі ретінде айтып отырушы еді. Апталап, айлап көшетін кездер де атам заманғыға айналған. Қақ қасымызда, төрт-ақ шақырым жерде, Торсан ауылы бар. Оның екі баласы болыс, бір баласы төре: безектеген қос қоңырау ол ауылға күнде бір соқпай өтпейді. Ол қоңыраулар осы елдің тыныштығы үшін, қуанышы үшін шылдырамайтынын қай ауыл'»болса да біліп отырады.
-Тағы да қандай алым-салық келер екен?-десіп,күңкілдесіп те қояды Бірақ бай ауылын айнала қоршаған кедей ауылдар әр кезде сыртта, әр кезде қағыс: заман оларға салмағын салады да әңгімесіне араластырмайды.
-Апыр-ай, осы жылда алатын алым-салық қайда кете береді екен? Біздің бір ауылдай елдің бір жылғы төлейтін алым-салығы бір үйді он жыл асырауға жетпей ме? Патша дегеннің өңеші кең бола береді екен-ау! – дейді Рақмет деген момын адам.
-Пәлі! Алым-салық төлейтін сенің бір ауылнайың ғана ма екен, мың-мың ауылнай, мың-мың болыс бар емес пе!-дейді,оның інісі Қожаң.
-Мың-мың ауылнай жоқ шығар… Ол тым көп қой. Сонша жұрттан жылда алым-салық алып отырса, қанша патша болғанымен жарылып өлер! -дейді үйкүшіктеу, он сомнан арғы есепті біле бермейтін Досан деген адам.
-Жарылып өлер? Әкеңнің әкесінен бері төлеп келе жатқанда балаңның баласына дейін төлейсің. Патша сонда да жарылып өлмейді, – дейді Қожақ. Ол Қорған қаласына жүкші болып кеткен адам. Елге анда-санда ғана бір соғады. Сондықтан оның сөзі нанымды сияқтанады.
Осы сияқты терең тамыры бар сөздер әлденеге байланысты қозғалып кетеді де аяқталмай үзіледі. Тағы бір ретте қайта жаңғырады. Бірақ мұның тамырлы сөз екеніне көпшілік мән бере алмайды. Үлкен әңгімелер бұл маңайда емес, болыс-би маңайында деп ойлайды. Оған бұл маңай қатынасада алмайды.
Әсіресе «үлкен» әңгімелерден -«төрт үй түрікпен» аталатын – біздің ауыл сырт отырады. Сондықтан менің балалық шағымда есте қаларлық бір оқиға болмаған сияқты. Бұл не деген жадау өмір деп мұңайған да ешкім ойымда жоқ. Болмаған болу керек.
Сондай болымсыз өмірден менің есімде қалғандары да болымсыз. Әкеміздің шаруасы тайға артқан қоржындай бұлтылдап кедей мен орташаға кезек ауысудан көз ашқан емес. Анда-санда орташаға жақындап, шырт түкіре бастағанда әкеміз оп-оңай кедей болып қалушы еді. Бай болуды қанша ұнатқанымен, ол бір ішінде кеткен арманы болу керек. Әр қыста бір тосып алатын жұт пен әр жылда егіздей беретін алым-салықтар кейде тұқыртып кетсе, кейде біржола тұралатып кетуші еді.
Төртте шығармын деймін, Хамит, Сәбит дейтін екі ағам мен үшеумізді, мұсылмандық белгісін салу үшін, «сүндетке» отырғызатын болыпты… Бастыра киген бөркімен, бөркіне түстес буырыл сақалынан бет-аузының пернесі айқын аңдалмайтын тәйпік бір молда қылт-жылт еткізіп, бәкісін қайрап отыр. Өткен түні осы бәкісімен бастың құлағын кесіп отырған. Анда-санда бәкісін төбеден сорғалаған тамшыға тосып алады. Қайрақтың татын тамшы жуып жібергенде бәкі бізге қарай сумаңдап-сүйреңдеп, жұтынып қоятын сияқтанады. Әке-шешелеріміз әр баласының жақсы мінездерін көтере мадақтап, жоқ мінездерді де тауып мақтап, «сүндетке» бейімдеп келеді. Бір-бір «сүндет атымыз» болады екен, «сүндет тойы» болғанда сол сүндет атымызға мініп шығады екенбіз, ендігі жылы оқу оқиды екенбіз, ақылды болады екенбіз… Киіз үйдің, бір қабырғасына көрпе төселіп. жастықтар тасталып жатыр. Тұғжың молда намазға да отырды.
Әзірлік аяқталып болғанша үш бала көз құйрығымен ұғынысып, сыртқа шығып кеттік. Ауыл ағаш арасында болатын, тез жүгіріп, ауылдан ұзаңқырап алдық. Үйімізде жалғыз кәрі бурыл ат болатын. Үшеуміздің ойымызға да сол жануар түсіпті: «сүндет» арқылы бір-бір ат аламыз да, ат жетпегеніміз «сүндеттен» аман қалатын сияқтандық: бірақ мұның бірі де болмай шықты
Естиярымыз Хамит інілерінен гөрі тереңірек бір сырды ұстап қалған екен:
-Сүндеттелмеген балаға қатын да әпермейді!-деді.
Біздің:
-Әпермесе, әпермесін! Қатын не керек? Ойнап жүре береміз! – дегенімізге тағы да бірталай салмақты тойтарыс беріп, ағалығын істеп сабарман мінез көрсете бастады. Сәбит екеуміз беріспеуге бет алып, ағаш арасымен зыта жөнелгелі тұрғанымызда сыртымыздан кұшақтай алған бауырмал қолдар үйге қарай алып кетті.
Енді, міне, үш бала қаз-қатар жатырмыз. Енді бурыл атқа екінші жағынан жабысқымыз келеді. «Сүндет атың қандай?» деп молда сұрап қалғанда -«бурыл ат!» десек болды ғой! Ат сенікі болад та…
Төр жақ шетте Хамит, ортада Сәбит, мен есік жақ шеттемін. Молда менен бастаса, бурыл ат маған тиетін сияқтанады. Ортада жатқан Сәбит Хамитқа бата алмай, менімен орын ауыстырғысы келіп еді, мен көнбедім. Ол мені шымшып, аяғымен теуіп қалып, сыбырлап боқтап та жатыр…
Молда үлкендете бастады да:
– Сүндет тойына мініп шығатын «Сүндет атың қандай?» – деп, ең алдымен, Хамиттан сұрады.
О да қауіптеніп жатыр екен «бурыл ат!» деп тез жауап берді. Тегінде молданың аңдитыны да баланың кеңілі алаң болатын осы бір кез екен. Хамит: «Ойбай-ай!» деп, бақырып та жіберді: өткір бәкі ащы сезілді білем…
Бурыл атты Хамит атап қалғанда Сәбит кемсеңдеп жылай бастады. Біржола қара жаяу қалғандай, егіліп жылап кетті.
Кезегі келіп «сүндет атын» сұрағанда Сәбит: – «А-т-ы-м жоқ», – деп тіпті қатты өксіп жіберді: көзімен ғана емес, бүкіл денесімен, жанымен, тәнімен жылады, әлдеқандай ауыр қорлық алқымына тығылып, буынып жатқандай сезіледі. Сәбит «Атым жоқ» дегенде менің жүрегімде атым жоқтық жарасы тереңдей түскенімен, қожаға беретін жауапты Сәбит тауып бергендей азырақ жеңіліп те кеттім.
Бірақ өзіме кезек келгенде, едәуір тоқталып барып: – «Менің де атым жоқ»,-дедім. Безеріп, қайсарлана айттым да қасарып қалдым.
Әркімге жаутаңдай қарап, шешем егіліп жылап отыр. Ботбай деген жақын ағамыз бар еді, ол да намыстанып жылап отыр екен:
-Немене қайта-қайта аты жоқтығын айтқыза беріп!.. Бір-бір ат беруші ме едің?-деп молдаға ақырып қалды.
-Өзім ат әперем… Жыламаңдар, мына шірік әкелерің ат әперуші ме еді! – деп бізді де уатты. Қуанып қалдық… Кейін «сүндет тойы» болмағанына одан да артық қуандық. Өйткені бізге ешкім ат әперген жоқ еді…
-Әке-шешеден күнде еститін көп жақсы тілектердің өзгесі келмесе де «оқу оқисыңдар» дегендері екі жылдан кейін келіп еді. Жаз бір көлдің басында, қыс айларын әр ағаштың қойнауында өткізетін бес-алты ауыл «балалардың тілін сындыру үшін» молда жалдапты. Молданың жылдық еңбегіне құнажын бұзаулаған бір сиыр, алты ауылдың пітір-садақасы берілмекші. «Аузының салымына қарай», өліктің жаназасы да соныкі. Бейсенбі күні балалар молдасына «жұмалық» беріп тұруға тиісті: екі тиыннан кем болмасын, бес тиыннан артық та болмасын… Үлкендер кешқұрым осы «жалақыны» бөлісіп, қыр басында ұзақ отырысып қалды.
Молда әр үйде бір жетілеп оқытады. Оқуға бала берген үйлер кезектесіп, бір жеті молданың тамағын да көтереді, балалар оқитын мектеп те болады. Бір жеті өткеннен кейін молда келесі үйге ауысады.
Алғаш «оқуға» барған күні арабтың жиырма тоғыз харпі түгел тізілген бір жапырақ қағазды молда барлық баланың қолына түгел ұстатты. Сарғыш мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан шақар жас молданың алдында өрімдей көк шыбық жатыр. Шыбықтың үш жағы жыланның құйрығындай сүйірленіп, балаларға қарай қозғалақтап қояды. Оны керіп отырған балалардың оқымауына да болмайды, бірақ үйренуіне де болмайды. Қорқыту еш нәрсе үйретпейді.
Балалар терден есікке қарай үлкендете отырғызылды. Жиырма шақты баланың ең кішісі алты жасар мен едім, маған орын босағадан тиді. Кей үйде қозы-лақпен етектесе отырамын Кейбір үйдің иті қасымда жатады.
Молда ең жасы үлкен баланы апдына шақырып алды да әлгі айтылған бір жапырақ қағазды тырнағын әдемілеп алған сұқ саусағымен нұқып көрсетіп:
-Әліп, би, ти… -деді. Содан кейін балаға өзі айтқанын үш рет қайталатып:
-Бар, орныңа бар, оқы, – деді де келесі баланы алдына шақырды…
Осы тәртіппен молда оқушы балалардың нақ жартысын алдынан өткізгенше, өзгеміз «әліп, би, ти» деген үш сөзді жаттап та алдық. Тек бір де бірінің мағынасын аңдай алмай отырмыз. Екі жыл оқытып, екі бұзаулы сиыр алып, он шақты адамға жаназа шығарып, алты ауылдан екі жылғы бітір-садақасын алып, молда еліне қайтар кезде де біз ол мағынадан еш нәрсе аңғармап едік. Ескі оқудың әдісі бойынша бір харып баланың алдынан сегіз-тоғыз түрлі өзгеріп өтеді. Мысалы, «а» харпын алайык;. Бұл ең әуелі «а» емес «ә», «әліп» деген аты да бар, таяқ сияқты таңбасы да бар. Алдымен бала оның сол атын бір жаттайды, әліп…
Келесі жолы оның асты-үстінде нүкте жоқтығын жаттайды.
-Әліпте жоқ, би астында бір нүкте, ти үстінде екі нүкте…
Бірақ бұның қандай дыбыс беретінін бала әлі білген жоқ…
Үшінші кездескенде жаңағы «ә» қатарынан үш дыбыс ретінде оқытылады: -Әліпсін – ә, әлбәсін – и, әліптүр -ө, ә-и-ө…
Осы ә-и-ө деген үш дыбысты араб харпында жазылатын түрімен қазіргі жаңа алфавитқа көшірсек, былай таңбаланар еді: -а, аи, ао…
-Ұлы, өндіріс, он, ер деген сөздер-аоғлы, аендирис, аои, анр – деп таңбаланар еді.
Төртінші оралғаныңда сол бір «әлігі» тағы да үш түрлі өзгеріс табады:
-Әліпкі-күсін – ән, әліпки-кәсін – ен, әліпки-күтірен – ән-ен-өн…
Енді бір кезде жаңағы жұмсақ әліп (ә) «а» болып кетеді. Ол қай жерде ер жетіп, жуандап кеткенін балалар да аңдамай қалады, молданың өзі де ұғындыра алмайды.
Сонымен бір харыптың сегіз-тоғыз рет өзгертіліп оқытылатынын еске алсақ, араб әліппесінің жиырма тоғыз дыбысы 232-261 харып болып шығады. Сонша шытырманға кіріп кеткен бала кейде соны жыл бойы оқып та хат танымай қала береді. Дыбыс не, харып не, таңба не, оны ешбір бала айыра алмайды. Ең жақсы оқиды деген бала – жаттауға ғана машық болғаны. Сол машықтардың бірі мен болсам керек.
Ғабит МҮСІРЕПОВ. (Жалғасы бар).
____________________________________________________________________________________________________________________________
/ Солтүстік Қазақстан.-15 ақпан.-5 бет.- 2022 жыл.