С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
(Басы өткен сандарда).

Оқытушымның өз почеркіне еліктей-еліктей, көркем жазуды да түзеп алғанмын. Букварьды қиссадай заулатып, әлденеше рет сыдыртып шыққанмын… Осы жайларымды көтере айттым…
Оқытушым азғана жымиды да:
-Қалай оқитыныңды сен емес, мен білуім керек емес пе?.. – деп, мен қызарғанша едәуір кідіріс жасады да жақсы оқитының рас, мақтаншақтығың да бар… Осы екеуінің біреуін мықтап ұста да, біреуін таста, -деді.
Мен үндей алмай жүдеңкіреп қалдым… Әлде не шым-шым етіп өнебойымды күйдіріп бара жатыр. Сол шым-шым жеріне жеткенше, оқытушым үнсіз, елеусіз, аржағына қарай қырындай берді.
-Айтпақшы, арғы күні инспектор келеді, – деді оқытушым, аздан кейін маған еңсеріле бурылып:
-Жақсы балаларыңды көрсет дейді. Есептен әзірлен. Тақтаға сені де шығарамын, – деді. Мен селк етіп, тез сергіп кеттім.
Инспектор келгенде біз де әзір едік. Өте жарасымды формада киінген, халық ағарту жұмысында екендігі барлық бейнесінен аңқып тұрған, сұлу мұртты, шоқша сақалды инспектор балалармен жұмсақ амандасты. Класта алтындатып салған патшаның өз суреті мен әйелінің суреті ілулі тұратын, сол екеуінің кім екендігін сұрады. Барлық бала қол көтердік. Инспектор балаларды түгел шолып бір қарап шықты да:
Кәне, сен айтшы, – деп, алдыңғы партада менімен қатар отыратын Мұсақай деген баладан сұрады. Мұсақай қолын шошаңдата көтеріп, білетіндігін тым-ақ айқын сездіруге жанталасып еді.
Бірақ жаттап алған ұзын сүре тез ұмытылмақ қой. Мұсақай орнынан іркілмей-ақ тұрып еді, біраз жаутаңдап, жұтынып-жұтынып қалды да:
Нызнаю… – деді, қара басып.
Инспектор көз кұйрығымен оқытушымызды бір жанап өткенде, ол қызарып кетті.
Кәне, сен айтшы… – деп инспектор ең артқы партада отыратын, жасы жиырмаға келіп қалған ұзынтұралау келген Жаңып деген бала жігіттен сұрады.
Ол партаны сықырлата, тарсылдата, ебедейсіз тұра келіп:
Яго… -деп бастады.
Яго емес, его… – деп түзетті инспектор.
Сол-ақ мұң екен, Жақып та сандырақтап қалды.
Енді оқытушымыздың көзі сенімді оқушыларына қайта-қайта қдалып, қамшылай бастады. Солардың бірі болып, мен де қолымды соза көтердім.
Жә, сен айтшы… – деп, инспектор маған патшаның әйелін нұсқады.
Бірінші класта болғаныммен, мен де он төрттегі ересек бала, тілім оралымға келе бермейтін. Әсіресе патша әйелінің ұзын сүре лауазымы басталатын «Ея» деген сөзге біржола тілім келмей койған. Кейде «Ия», кейде «Иа» дейтінмін. Сол бір кеселді шаларақ естірте, тез жаттап алдым да әржағын мүдірмей шұбатып кеттім. Инспектор ырзалығын аңдатқаны болу керек, мені тақтаға шақырды. Көбейту ережесінен бірер сұрақ берді де, қатарынан екі түрлі есеп шығартты. Онысының бәрі де бұрын талай кездескен есептер еді, мен мүдіргенім жоқ. Жүрексініп қалмаса, ол есептерге басқа балалар да мүдіретін емес-ті.
Осыдан кейін оқытушымыз да есін жиып, инспекторға менен орыс тілінен де сұрауды ұсынды. Ұмытпасам, менен сұралған «Чиж и голубь», не болмаса, «Маймыл мен көзілдірік» мысалы:
Чижа захлопнула злодейка западня,
Бедняжка в ней и рвался и метался.
А Голубь молодой над ним же издевался.
Осы өлеңді осы күнге дейін жатқа білетініме қарағанда, менен сұралған да осы болу керек. Көз алдыңа келері бар, аярың бар, ұғынарың бар өлең оңай жатталған.
Оқушы балалардың бесеуі қыз еді, үшеуі инспектордан қорқып үйлеріне кеткен. Қалған екеуінің бірі тағы да осы мысалды айтып шықты. Инспектор маған М. Лермонтов томын, қызға А. Пушкин томын сыйлады. «Қанжар», «Терек», «Дұға» деген өлеңдерді мен сол қыста жаттап алдым. Бірақ мағынасын бұлдыр ұғынушы едім. Оқытушым ұғындырғаннан кейін де көз жазып қала бергенім даусыз.
Ең қызығы, инспектор кеткеннен кейін үш-төрт күннен соң патша құлаған хабары тарады. Әр ауыл дүрліге хабарласып, ел рухы қатты көтеріліп кетті.
-Бостандық, бостандық! – деп, сүйінші сұраушылар ерсілі-қарсылы шапқыласты. Таңертең мектепке келсек. оқытушымыз патша мен әйелінің суретін жұлып алыл, столының қабырғасына сүйеп қойған екен. Енді анықтап көрсек, сыр бояумен қаңылтырға салыныпты. Алтындатқан жақтаулары да қаңқырлаған қаңылтыр екен.
Бүгін оқудан боссыңдар. Мына екеуін ауыл-ауылға сүйретіп, кешке дейін мыжғылаңдар… Патша құлады деген дауыстарың бәсеңдемесін! -деді оқытушымыз.
Біз патша мен әйелінің суретін қыл шылбырға байлап алып, кешке дейін сүйреттік. Әр ауыл үй төбесіне шығып қарап, балаларды еріксіз үйге кіргізіп, сыйлап шығарды. Патша дегенді көзімен көрмеген қазақ әйелдері мыж-мыж болған суретті көріп:
-Албастының кейпі қалай жаман еді! Бір көзі соқыр екен ғой, – деседі, ол көзді біз шұқып тастағанымызды білмей.
Сонымен бұдан үш-терт күн бұрын инспектор алдында қалтырап тұрып мадақтаған патшаны кешке дейін сүйреттік те, Обағанның ойына тастап жібердік. Қаңылтыр суреттер мұз астын тықыр-тықыр бір-екі тырналады да үндері өшті…
Келер жазда Бекет Өтетілеуов өз атынан өтініш жазып, мені Пресногорьковская станциясындағы жоғарғы бастауыш мектебіне түсірді. Орысшадан екі алып, есептен бес алып, түстім…
Сол күз бір той болып жатқан ауылдың шетінде Сәбит Мұқанов екеуміз кездестік. Бұрын сырт қана біліс болатынбыз. Менің үстімде, солдат шинелінен қазақ әйеліне тіктірген сұр «пальтом» болатын. Басымда тоқыма қара бұйра бөрік, аяғымда саптамалы етік барды. Сәбит маған ығыса сөйлесті. Мен тұйықтау, ол ашықтау болғанымен, жасқанып тұрды. Қайда баратынымызды айтыстық. Ол Омбыға, мұғалімдер курсына кетіп барады екен. Аяғында ол малға «дөстебірен» жазудың үлгісін сұрап алды.
Өткен жазғытұрғы бір базарда мен елу-алпыс атқа «дөстебірен» жазып беріп, үш сомдай ақша тапқаным барды; оның үстіне, қара қазақтың алдында мақтаныш етіп сыпылдатып жазам – деп, «песір» атанғамын. Сәбитке сол жеткен екен. Мен оған бір «дөстебіреннің» үлгісін жазып бердім де, бірақ жылқы біткен бір түсті болмайтынын ескертіп -қара, торы, жирен, құла, күрең деген сияқты түстердің орысша, қазақшасын тіздім. Сөздіктің бір бағанасындай етіп малдың әртүрлі ен таңбасын дажаздым.
Сәбиттің ол үлгіні қалай пайдаланғаны күзді күнгі Пресногорьков базарында екі рет кездесті. Өте ыңғайсыз түрде кездесті. Бір аттың түсін жазғанда Сәбит қара, торы, қара көк, жирен деген үш-төрт түсті бір-ақ қосақтапты. Екінші бір аттың ен таңбасын жазғанда оң құлағында ойығы бар, тілігі бар, шорт кескені бар деген секілді белгілердің бәрін тізіп, сап-сау құлақты жоқ қылып шығарыпты. Қылжақбас стражниктер ат иесін ұзақ әурелеп, аяғында пара алып босатты. Өзге шатақтарын Сәбит «Менің мектептерімде» өзі де жазған.
Орыс үйіне пәтерге қоюға әкеміздің шаруасы көтермей, мені атты казактардың сауын сиырын бағатын бақташы Сағындық деген адамның үйіне орналастырды. Ақкөңіл жақсы адамдар еді. Сағындықтын інісі Сыздық жасында орысша оқыған. Одан қалған жалғыз белгі «Қыз Жібекті» орыс әрпімен көшіріп алыпты. Бұлар ертеден осы қалаға орналасып, жаяу кәсіппен күн көріп отырған адамдар: әйелдері тон тігеді, еркектері етік тігеді, ойық тазалайды, әркімнің отын-шөбін тасып береді. Балаларына дейін орысша таза сөйлейді. Мен олармен орысша сөйлесуге көп уақыт жасқанып жүрдім. Әсіресе Сәлима, Шайзат деген 13-14 жастағы қыздарымен орысша сөйлесе алмадым.
Бір күні сабақтан қайтып келе жатсам, базарда бір әйел «Яблочки, яблочки» деп, зар қағып тұр екен. Алманы солай атайтынын «орысша-қазақша тілмаштан» көрген сияқты едім. Бірақ алманың өзі қандай болатынын көрген емеспін де. Пәтер үйімнің екі қызына бір көрмеген сыйлық жасағым келіп, базарға бұрылдым да әлгі әйелден алманың бағасын сұрадым.
Жалқын қызыл жемісті әйел қолына алды да:
Екі тиыннан, – деді.
Мен жиырма тиынға онын алдым да қалтама салдым Жарылып кеткелі тұрған іркілдеген қызып жемісті барлық қалтама бөліп салуға тура келді. Үшеу-төртеуін шалбар қалтасына да салдым. Қаланың батыс жағында, ағаш арасында киіз үйде отыратын пәтер үйіме жеткенше әр қалтамнан-ақ едәуір сыз біліне бастады.
Ең ауыр халге киіз үйге кірген соң түстім. Үй толы адам жерде шай ішіп отыр екен. Екі қыз самауырдың екі жағында шай құйып отыр. Әлдеқайдан келген жат қонақтар бар. Үй иесі зорлап мені де шайға отырғызды. Мен де малдас құрып отыра бердім, шалбар қалтасындағы қызыл жемістер де бырт-бырт жарыла бастады. Сығылыса отырған жұрт сырт қалталарымды да езіп жіберді. Киім сыртына қара-қошқыл ылғал шыға бастады… Енді мен орнымнан қозғала алмай, мелшиіп отыра бердім. Қыр қазағы қала нанына қандай құмар, шай да ұзаққа созылды. Менің астыма түгел су өте бастады.
Әлден уақытта шай аяқталып, екі қыз отын теріп әкелуге шықты. Пәтер үйімнің оны-мұнысына жеңіл қолғабыс ететін шартымыз бойынша отынға мен де кеттім. Үйден ұзап шыққан соң, мен қысыла-қызараңдай тұрып қыздарға алған сыйлығымды көрсеттім:
Алма… Сендерге алып едім, -деп жарылып-жарылып. езіліп кеткен қызыл жемістерді қыздарға ұсындым.
Үлкен қыз қызыл жемісті қолына ала беріп-ақ сықылықтап күле бастады. Кіші қыз ашық мінезді, еркелеу болушы еді, мен ұсынып тұрған қызыл жемісті әуелі қағып жіберіп жерге түсірді де іле өзі енкейіп жерден алып, үйге қарай жүгірді:
– Апа, Ғабиттің бізге әкелген базарлығын қара! Помидор, помидор! – деп айғайлап, сақылдап күліп барады. Үлкен қыз күле-күле ішек-сілесі қатып, жерге құлай кетті.
Сөйтіп, қызға қырындаймын деген бірінші талабым осы күнге дейін ұмытылмаған ұятқа ұшыратты. Кейінірек білдім. Қорған жағында помидорды яблочки деп атайтындар да бар екен.
Ғабит МҮСІРЕПОВ.
(Жалғасы бар).
_____________________________________________________________________________________________________________________________
/ Солтүстік Қазақстан.-19 ақпан.- 5 бет.- 2022 жыл.