С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Қазақтың жүрек түкпірінде сақталған небір ардақты азаматтарға, аяулы тұлғаларға құтты құндақ бола білген киелі Қызылжар өңірінен ғұмыр көші басталғалы бері қаншама асылдардың шыққаны әмбеге аян. Солардың қатарында биыл туғанына 120,100,90 жыл толатын көркем сөздің зергері Ғабит Мүсіреповтің, көрнекті жазушы Сафуан Шаймерденовтің, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Кәкімбек Салықовтың алар орындары айшықты. Петропавлдағы Оқушылар сарайында «Ұлтын сүйген ұлылар» деген атаумен өткізілген республикалық-ғылыми-тәжірибелік конференцияда халқымыздың руханияты мен әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан қаламгерлердің өмірдариялары мен шығармашылық еңбектері дәріптелді.
Конференцияны жүргізген ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы жиынның мақсаты мен маңызына тоқталып, жиналғандарға алыстан ат арытып келген меймандарды таныстырып өтті. Содан кейін сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов Қызылжардан шығып, күллі қазаққа қызмет еткен тұлғаларды есте қалдыру мақсатында олардың есімдерін көшелерге, білім ордаларына беру жұмыстары атқарылып жатқанын, бүгінгі шара сол игілікті істердің жалғасы екенін жеткізді. Ауқымды жиынға мерейтой иелерінің ұрпақтарының да қатысқанын айтып өткен жөн. Ғани Сақтағанұлы Ғабит Мүсіреповтің келіні Бикен Серәліқызына камзол кигізіп, Сафуан Шаймерденовтің немере інісі Сайын Есмағидың иығына шапан жапты.
Қазақ зиялылары Ғабең, Сафекең, «жезкиік ақын» деп әспеттеген көркем көздің ұсталары — төл әдебиетіміздің қоржынын інжу-маржандай туындыларға толтырған қаламгерлер. Олар көздері тірі кезде ұлтымызға қаламдарының қарымымен ғана емес табиғи дарынымен, ноқтаға сыймас мінездерімен қызмет ете білді. Бұл мәселелерді кесек, өміршең мысалдармен байытып, әсерлі сөз сабақтаған ақын, қоғам қайраткері Жүрсін Ерман қазіргі қазақ әдебиетінде жүрген жастардың бойына осындай берік ұстаным қалыптастырудың маңызды екенін бүгіп қалмады. ІІІара барысында жуырда ғана баспа бетінен шыққан Сағындық Мауғазиннің «Дөңдегі ауыл», Аманжол Зағыпардың «Тағдырымның тамшылары», Нұргүл Оқашеваның «Нұр» кітаптары мен «Қызылжар ақындары антологиясының» тұсауы кесілді. Жас ақындар — Күлайхан Рахмет, Аманжол Зағыпар мен Нұргүл Оқашева, Кирилл Филонов Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданды.
Конференция жұмысына қатысқан қаламгерлер мен ғалымдар мазмұнды баяндамалары, зерттеулері арқылы шараның мазмұнын байыта түсті. Спикерлер баяндамаларының толық нұсқасын газетіміздің 6, 7, 8-беттерінен оқи аласыздар.
Нұргүл ОҚАШЕВА, «Soltustik Qazaqstan».
_____________________________________________________________________________________________________________________________
/ Нұргүл, Оқашева. Көркем сөздің зергерлері. / Н. Оқашева. // Солтүстік Қазақстан. – № 30-31.- 1 бет.- 2022.