С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
(Соңы. Басы өткен сандарда).
Мен Пресногорьков жоғары бастауыш мектебін жиырма бірінші жылы бітірдім. Енді еске түседі, сол мектептің айналасында ғана бірталай қызық нәрселер бар екен. Ең алдымен, Кеңес өкіметі орнағанға дейін, біз күнде таңертең сабақ алдында «дұғаға» тұрушы едік. Барлық бала мектептің екінші қабатындағы үлкен залға сапқа тұрады. Қарсы алдымызда дін сабағын беретін поп Малиновский, мектеп директоры Михаилов, дьякон, мұғалімдер… Ең әуелі: «Отче наш, еже еси, на небеси… да будет воля твоя…» – деген дұғаны хормен айтамыз. Ағаш мектеп күңіреніп кетеді. Одан кейін патша әлдақашан құлап, атылып кетсе де біз «Боже, царя храни» деген дұғаны он тоғызыншы жылға дейін оқыдық. Поптың жуан даусы залдың бұрыш-бұрышын анда-санда бір дүңгірлетіп қояды. Терезелер үн қосады. Бірақ хордың нағыз жаны – дьякон. Ол әрі жас, әрі сұлу жігіт. Даусы нағыз барқыттай баритон болу керек. Қыздар хорға қосылып тұрып, кейде оның даусын тына қалысып тыңдасады. Музыка сабағында еркек балаларға оның көзі бір түскені есімде жоқ, қыздарды ғана оқытатын сияқты.
Сонымен айналасы алты жылға созылған мектеп дәуірінде мен патшаға үш рет кездестім: әуелі инспектор алдында патшаның әйелін мадақтадым, үш күннен кейін суретін сүйреткіге салыстым, енді міне, «Жасаған, патшамызды сақтай көр!» деген дұғаны да төрт жыл бойы хорға қосылып айтып келемін! Бұл әрі шеткейліктің, әрі атты-казак станицасының ерекшелігі еді.
Мен бірақ Пресногорьков жоғары бастауыш мектебін әлі күнге дейін алғыспен еске алам. Орыс тілі, орыс әдебиетін ұғындыруда аса бір ұқыптылығы бар еді. Суффикс, флексияларға екі жыл бойы тілім келмей қойғанда, сол дөкір тілді еріксіз икемге келтірген туріне тілім келмесе де, мағынасын терең ұғындыруға жанын салған оқытушыларымды алғыспен еске аламын. Үйрене алмаған өзім кінәлі, ол мектеп етік тігу, есік-терезе жасау, кірпіштен үй салу өнерлерін де үйретіп еді. Бір жағынан әлі шайқалмаған ескілігі болса, екінші жағынан жаңалыққа да жатсырай қарамайтын. Жиырма бірінші жылы ақ бандылар көтерілісі болғанда сол мектептің жиырма шақты баласы Ақмола облысының оңтүстік партизандарының группасы деген отрядқа қосылып кеттік. Атты-қазақ еңбекшілері таптық тартыста қазақ даласынан оп-оңай озып жүре берді.
Бандыларды құрытқаннан кейін, қазақ елінің ішінде қаймағы шайқалмаған ескі қалыптардың заңсыздығын ұғына бастадық. Болыстық, ауылдық советтер түгелімен байлардың, атқамінерлердің қолында болатын. Азғана топ сол жайды өзгертуге аттандық. Бірақ өзіміз де заңсыз қимылдадық. Айналасы бес жігіт – Есім Досполов дейтін мұғалім екеуміз, қасымызда үш жігіт белсендіміз бар. Болыстың орталығына келіп:
-Бай балалары, сендер болыс болуға хақыларың жоқ. Болыстық жиналыс шақыр, жұртқа соны түсіндіреміз…-дедік.
Жиналыстың, аяғы насырға шауып кете ме деп қауіптенген болыс айналасы жарты сағаттың ішінде маңайдағыларымен ақылдасты да:
-Алғыларың келетіні болыстық шығар, шырақтарым, осыны өздерің алыңдар. Қолымыздан берейік,-деді.
Сол жарты сағаттың ішінде бұрынғы болыс, военком, оқу бөлімі, жер бөлімі сияқты мекемелерді басқарып отырғандарды түгел орындарынан түсіріп, бәрін де өз қолымызға алдық. Орталықты көшіріп, басқа елге апарып орналастырдық.
Менің қылыш, мылтық сияқты нәрселерге ертеден құмарлығым болушы еді, мен военкомдықты қалап алдым… Бір қызығы, біздің заңсыздығымызды облыс орталығы сөккен жоқ, бекітіп берді. Әттең, военкомдық тоғыз айдан кейін жойылды да, мен ол жұмыстан ажырасып кеттім, әйтпегенде осы күнге дейін солдат атанып жүрмей, мүмкін, офицер қатарына қосылар ма ем, әлде қайтер ем?..
Қалың бұқараның сол кездегі ұғымын аңдататын бір жайды Омар деген кісінің амандасуынан түсінуге болатын еді. Ол кісі неше кездессең де бірақ түрлі амандасады:
-Е, шырағым, қай баласың? – дейді ол, көргеннен кейін де танымай қалып. Сен аты-жөніңді айтасың.
-Е, сен екенсің ғой… Орынша ма едің?
-Ие,орыншамын.
-Милицияларың кім?
-Сол бұрынғы жігіт.
-Кәператиптерің кім?
-О да, бұрынғы жігіт…
-Е,бәрі де орынша екен ғой әлі…
Осы екі сұраудан аспай Омекең ылғи тоқтайды. Совет өкіметінің халжайын білгені де, күнделікті тіршіліктің бетін аңғарғысы келгені де осы екі сұраудың аңғарынша шешіліп отыратын сияқты. Ел ішіндегі осы ыңғайға сәйкес мен төрт жарым ай аудандық милиция бастығына орынбасар да болдым. Бірақ ол қызметке қызықпай қоштастым.
Жиырма үшінші жылы күзге қарай Сәбит мені Орынборға әкелді. Бұл кезде шаруасы орташаға қарай ойысып қалған әкеміз менің оқуға кетуіме едәуір-ақ қарсылық етіп еді, Сәбит көп күш салды. Он жетінші жылдан бері Сәбит үлкен қалаларда, мен ауыл төңірегінде болдым да, ол менен «озып» кеткен екен. Ол Совет өкіметінің болашағы жайында сөйлей алатын болыпты. Қазақстан мәселелері түгел алақанында сияқты. Наркомдармен тең отырып сөйлеседі. Өзі бас наркомның үйінде тұрады екен, меніде сонда алып келді.
Екеуміз жалғыз терезесі жабық верандаға шығатын аса қараңғы бөлмеде төрт-бес ай тұрдық. Қараңғы бөлме тазалықты бақыламауға өте қолайлы болды. Біздің бөлмені ешкім сыпырмайды да, жумайды да. Мен де салақпын, Сәбит менен де салақ. Қара махоркені қосыла тартамыз да қалған тұқылын кез келген бұрышқа лақтыра береміз. Темекіміз таусылып қалған кездерде қайта жинап алып, қайта тартамыз. Сөйтіп, салақтықтан да үнем туып жүрді.
Сәбит екеуміз бір кісілік қана жіп-жіңішке темір төсекке бірге жататын едік. Төсекке салған шай жәшігінің жұқа тақтайлары екеумізді көтере алмай, еден жарылғандай гүрс етіп әр түнде сынады. Кейбір түндерде белуардан шойырылып, екі-үш рет еденге түсеміз. Көзімізді ашпастан тақтайларды қайта құрастыра салып, қайта ұйықтап кетеміз. Сәбит менен бұрынырақ ұйықтап кетеді. Кейде шала құрастырылған тақтайлардың сықыр-сықыр сына бастағанына да қарамайды. Әлі есімде сол қырық-құрау тақтайларды қыс бойы жаңартқан да жоқпыз, құрастырумен құтылып кеттік. Мұнымыз да салақтық үнемі болып шықты.
Сәбит көбінесе өлең жазады, мен сабақ әзірлеймін. Ол өлеңнің ұйқасы табылғанына көбірек қуанады, мен шалалау ұғынған бір сабақтың жүйесі табылғанына көбірек қуанамын. Оның газет-журналдарға жиі басылып тұратын өлеңдері екеумізді еркін асырауға жетеді. Бірақ түк берекеміз де жоқ, көбінесе тоқ-жарау жүреміз.
Осы салақтық нәтижесі қыс ортасы ауа бергенде-ақ маңдайымызға тиді. Сәбит рабфакқа былтыр келіп түскен, биыл екіншіде оқитын. Бірақ біріншінің біраз экзамені мойнында жүреді екен. Өлеңге әулігіп, сабаққа салқын қараған Сәбит қыс ортасында біріншіге қайта келді. Мен күзді күні әзірлік курсына түсіп ем, қыс ортасында біріншіге көштім. Сейтіп, енді сабақты бірге әзірлейтін болдық.
Сәбит бұл жайға көп ренжіген жоқ. «Большевиктер налымайды», – деді де өлең жағына қайта ауысты. Жазғытұрым біріншінің, экзамені басталар алдында елге кетіп қалды.
Сәбит өлеңді іркілмей де қиналмай жазушы еді, жағдай да талғамайтын. Бір столдың үстінде, ол өлең жазып, мен есеппен басым қатып, бірге отырамыз. Кейде оның өлеңге еріп бұл бөлмеден шет дүниеде, алыстағы бір оқиғалар арасында, шытырман суреттердің ортасында отырғанын сезінемін де қызығып қоямын. Қазір оның ойында оқу да жоқ, тоқ-жарау тұрмысымыз да жоқ, басқа түрлі күнделік қуаныш-қайғысы да жоқ, тек қана өлеңге ауысатын суреттер, өзі ғана айқын көріп, үнсіз тілдесіп отыратын адамдары бар.
-Адамның кейбір кездері,
Көңілде алаң басылса,
Тәңірінің берген өнері,
Көк бұлттан ашылса,
Тас бұлақтың суындай,
Кірлеген жүрек өз ішін,
Тұра алмас әсте жуынбай… – дегендей, бұл ақынның бір қымбат шағы ғой. Өлең үстінде Сәбитті мен осы халде талай көрдім. Сонысына қызығушы едім.
Менің кітапқа құмарлығымды, азды-көпті сынай алатынымды аңғарып, Сәбит маған «жазуға кіріс» деп мазалап жүрді. Газет басқармаларынан қаулы-қарарлар әкеліп аудартып жүрді. Ол бір оңай табыс болатын. Сол кезде ылғи қате аударылған, қате аударылмасы ешкім түсінуге болмайтын қаулы-қарарлардың қазақшасында менің де еңбегім бар. Бірақ менің ойымда «сылдыраған келісім де», еріксіз сүйреп әкететін суреттер де оянған жоқ еді ол кезде.
Мен сол кездегі Орынбор рабфагын кейбір жағынан жоғары дәрежелі мектептермен теңесе алады-ау деп ойлаймын. Әсіресе әдебиет, тарих жағынан көп нәрселерді түбірлеп оқытушы еді. Қалайда он тоғызыншы ғасырдағы орыс классиктерін мен сол рабфакта ұғынып шыққандаймын. Әсіресе Гоголь, Чехов, Горький бағыты ойыма қона қалушы еді. Шетелдердің классиктері кейінгі кездің ізденуіне байланысты болса, әр кезде өмірге байланысты, шындыққа байланысты, сол шындықты өзгертуге бағытталған орыс классиктерін рабфак бірталайақ ұғындырған сияқты. Рабфакты бітірер кезде жазу талабы менде де ояна бастады. Қабырға газетіне бірінші рет ұзақ әңгіме жаздым (кейін ол «Тулаған толқында»деген повеске айналып, менің бірінші басылып шыққан еңбегім болды).
Ол бір болған оқиғаның төңірегінен туған әңгіме еді. Мені болған оқиғаның өзі бастап кетті. Оқиға желісі үзілер жерге дейін еркін барған сияқты едім, аяқтау салмағы өзіме түскенде малтығып әрең шықтым. Өзге кемшілігін былай қойғанда, аяқталуы олақ еді. Оны кезінде ешкім аңдаған да жоқ.
Біраң рабфакты бітіріп шыққаннан кейін де әдебиетке ауысуға табаным тұрақтай алмай, Омбыдағы ауыл шаруашылық институтына барып түстім. Ол кезде оны Академия деп атайтын. Әдебиетке алабұрту сонда басталды. Есеп үстінде отырып та, тәжірбие станциясында аудармалы егін салысып жүріп те ой алаңынан құтыла алмай қойдым. Өзгелер ауыл шаруашылық үйірмелеріне кеткенде мен әдебиет үйірмесіне жазылдым. Жеті студент ортадан жалдап, өзін Белинскийдің шәкіртімін деп санайтын қартаң бір педагогтан қыс бойы оқыдық.
Ол сабақты әр жазушының өз көзі болу керек дегеннен бастап еді. Барлық жазушы бір-ақ көзбен көруге тырысса, салатын суреттері де ұқсас шығуы мүмкін. Жазушы көзі тұрақтамаған жас балаға ұқсамауы керек, ой көзі тұрақтылықты тілейді. Тұрақсыз көз өмірдің сыртын ғана, бояуын ғана көреді, сырына тереңдей алмайды. Идеялық көзқарастың тұтас та тұрақты болуы жазушыға қандай керекті болса, дүниені көретін өз көзі болуы да сонша қажет. Осыған келісеміз бе? -деді. Біз сөзсіз келістік.
Содан кейін ол мазмұн мен түрдің тұтастығын Белинский ойларымен дәлелдеп, екі лекция оқыды. Көзқарас мазмұндық тек, жазушы көзі деген сол текті өзінше көре білу болады екен.
Қыс бойы әдебиет ағымдарымен танысуымыздың аяғы «философтар дүниені түсіндірумен келеді, міндет сол дүниені өзгертуде ғой» дейтін атақты қағидасымен аяқталды. Бұл -совет әдебиетінің негізгі заңы, негізгі талабы екен деп таныдық.
Бұдан үш-төрт жыл бұрын В.И.Лениннің Саратов, Орынбор, Омбы қалаларының оңтүстік бетіне көз салсаң, қаймағы бұзылмаған қандай патриархалдық, тағылық жатқанын айтқаны құлаққа бір шалынған. Мақтаншақ топтар, бұрынғымызға қол тигізбей, қадірлей ұстағысы келетін бірталай адамдар, Орынборда бұған мән бермей, «Айтылды-қалдыға» айналдырып, тез ұмытқан. Маркстің қағидасы, ең алдымен, сол кең өлкенің өмірлік тіршілігін тез өзгертуді талап етіп тұрғандай, ойға дөп қона қалды. Мүмкін, қаламға тезірек жармасуыма бір себеп осы болу керек.
Ғабит МҮСІРЕПОВ.
______________________________________________________________________________________________________
/Солтүстік Қазақстан.-22 ақпан.-5 бет.- 2022 жыл.