Қай қаламгер болмасын, ол ең алдымен – өз дәуірінің, өз ортасының перзенті. Жазған шығармасының арқауы да сол заманның шындығы болмақ. Ол халқының мәдени, рухани өмірінің болмысын сол уақыт үрдісімен бағалайды, суреттейді. Ешбір ақын да, жазушы да болашаққа арнап немесе келер күннің еншісіне лайықтап шығарма жазып қалдырмайды. Келер ұрпақ өзіне керегін өткен күннің шындығынан алады.
Белгілі бір дәуірдегі әдеби процесс әрбір тарихи кезенде жазылған түрлі деңгейдегі шығармаларды жинақтап, көркем туындылардың толығу тарихын бағдарлап отырады. Ұлттық мәдени рухтың негізі — әдебиет. Ал әдебиет әр халықтың басынан кешетін қилы кезеңдерді өзі де өткереді. Сөз өнері — көркем әдебиеттің мәні, оның танымдық күшінен өмір шындығын, қоғамдық құбылыстардың терең сырын ашып беретін көркемдік қуаттылығы туындайды. Өзі өмір сүрген уақыттың мәдени және әдеби саласьша өшпестей етіп ізін қалдырған адам — академик Евней Арыстанұлы Бөкетов.
Бар ғұмырын техника ғылымына, оның ішінде химия-металлургия саласына арнаған ғалым әдебиет саласында Абай мен М.Әуезов шығармаларын сүйсіне оқып қана қойған жоқ, оларды талдап, бірқатар туындылар жазды. «Анна Онегина», «Письмо женщине», «Собака Качалова», В.Маяковскийдің «Хорошо», А.Пушкиннің «Полководец», В.Шекспирдің «Мак-ябет», «Юлий Цезарь», Надсонның «Только утро любви хорошо» атты туындылардың Е.Бөкетов тәржімасындағы нұсқаларына қазақ әдебиетінің белгілі сыншылары жоғары баға берді. «Е.А.Бөкетовтің тамаша аудармаларына берілген құнды пікірлерді оқып, жазушы-аудармашының әдебиет пен өнерге деген көзқарасы, әңгімелерінің деңгейіндегі парасаттылығын байқап, марқайып қаласың. Оның аударған шығармалары халқымыздың рухани қазынасына қосылатындығы даусыз», – деген болатын сыншы Рәбиға Сыздықова. Бұдан басқа, Евней Бөкетов қазақтың біртуар тұлғалары жайлы зерттеулер жүргізіп, олардың өнегелі ғұмырын жан-жақты зерделеп, оқырман назарына ұсынды. Солардың бірі – қаламгердің «Шоқанның шуақты шұғыласы» атты повесі. Шығармада көз алдымызға Шоқан өмір сүрген уақыттың бірсыпыра ақиқаты елестейді. Ондағы идеялық мазмұн, оқиғалардың табиғаты мен такырыптық маңызы бүгінде де өзекті. Автор кейіпкердің балалық шағынан бастап, қайтыс болғанға дейінгі кезеңін, алмағайып жағдайлардағы іс-әрекеттерін, мінезі сыналар кезеңдерін тізбелеп көрсетіп шыққан. Шығармадағы негізгі идея Ш.Уәлихановтың өз жұрты ішінен алғашқылардың бірі болып қазақ деген халықтың мән-жайымен таныстыруы, орыстардың алдында көзі ашық, білімдар, ізденуші болып мойындалуы, қазақ елінің қамқоршысы санатында қызмет етуі асқақ мақсат пен жарқын істің ізі екенін жазушы негізгі нысан етіп ұстап отырған.
Бұл шығармадағы Шоқан бейнесінде көп шындық бар. Шоқан зиялылық тұрғыдан сатылап өскен, табанды, ізденімпаз, тәкаппар тұлға ретінде бейнеленген. Жазушы он екі жасар Шоқанды білімнің соңына шырақ алып түскен, өзінің ілім-ғылымға деген сусынын қандыру үшін қалаға, кадет корпусына ұмтылған талапкер ретінде суреттеуінің де жөні бар. Повесть авторы Шоқанның білім мен ғылымға құмарлығы мен ынтазарлығы табиғат сыйлаған айырып алғысыз қасиеттері екенін үнемі есте ұстап отырады. Бойында зеректік, қайырымдылық, өжеттік бар Шоқан – даладан келген жалғыз қазақ баласы. Бірақ корпусқа келе салысымен бір ауыз орысша білмесе де өзін мойындатады. Ол туралы Е.Бөкетов былай деп жазады: «Мұндай жағдай мен беделге қол жеткізу оған оңайға түсті ме – бұл ойланарлық жағдай. Даланың кішкентай ғана тағылау дерлік ұлы, орысша кедір-бұдыр сөйлей бастаған ол бұл тілдін «басын жарып, көзін шығарса да» қайтпай, ілгерілей берді».
Е.Бөкетов осы шығармасында Шоқанның Құлжа сапарында болған оқиғаларын өте қызғылықты баяндаған. Ғалымның көрген-білгендерін көркем тілмен толғана жаза отырып, сол елді мекендеуші халықтардың тұрмыс-тіршілігі, тарихы, табиғаты, сол жердің ой-қырлары, өсімдіктері мен хайуанаттарына дейін тәптіштеп суреттеген күнделіктерін де жазушы орынды пайдаланады.
Е.Бөкетовтің прозалық шығармаларындағы тағы бір ерекшелігі — әртүрлі саладағы адамдардың өмірі мен тарихын қызғылықты етіп көрсете білуінде. Қай кейіпкерін алып қарасаң да, өзіне ғана тиісті шыншыл ортада табиғи іс-әрекет үстінде көрінетіндігімен ерекшеленеді.
Көркем шығармаларда адам жанын, сезім дүниесін толғантар күш-қуаты мол өмір шындығы болса ғана жазушының мұраты орындалғаны. Өмір материалдарының ауқымы мен идеялық мақсаты Е.Бөкетов романдары мен повесть, әңгімелерінде басты рөл атқарады.
Е.Бөкетов – өткен дәуірдің екінші жартысында әдебиетке өзге ғылым саласында жүріп етене араласқан, өз сөзімен айтқанда «мәдениеті жоғары әдебиетке жетік болған» үлкен ғалым, зерттеуші, қаламгер. Шәкірт жасынан-ақ өлең жазьш, аударма жасауға талаптанған Е.Бөкетов ғылымның күрделі жолында жүріп-ақ, мәнерлі де дәлелді, айқын сөйлеп-жазуды, әдебиет пен өнерге етене жақын болуды өзіне машық еткен. Зерттеуші М.Әуезовтің: «Біздің замандасымыз — барша қауымның бақытын тілейтін, жалпақ дүниенің жан лебін жүрегімен ұғатын адам. Оны тебірентпейтін нәрсе жоқ — ел өмірі, достар мен қастар жайы көңілін бөледі, саясат та, ғылым да, өнер де, еңбектегі жеңіс пен жетімсіздік те — бәрі, бәрі де оны толғандырады…» — деген пікірі Е.Бөкетовтің бейнесін ашуға тура келетін сияқты. Оның шығармашылық қызметі әдебиет зерттеушісі, сыншы, публицист және ақьш-жазушы ретіңде өрбіді.
Көркемдік ойлау — өнер туындыларының бәріне ортақ. Оның негізгі мәні — жаратылысты көркемдік тұрғыдан игерудегі рухани қабілет. Бейнелік-сезімдік түрде айнала қоршаған ортаны тану, адам табиғатына үңілу, ой-арман, қиял арқылы жүзеге асатын бейнелі ұғымдар топтамасы — көркемдік ойлаудың өзіне тән ерекшелігі болып табылады. Көркемдік сананың эмоциялық белсенділігі, эстетикалық сезімнің кемелдігі, шабыттану-көркемдік ойлаудың қуатын көрсетеді.
Көркем әдебиет — өнердің бір түрі. Ал өнерге шығармашылық қасиет тән. Кез келген суреткер шығармашылық иесі ретінде өзінің көркемдік танымы мен шеберлігін, дарын қуатын жұмсау арқылы бейнелі, тың дүниелер жасауға тырысады. Ендеше ондай туындылардың халық жадында қалатыны анық. Табиғи дарын-талыбының арқасында ғылым мен білімді кешенді игерген ғалым, қаламгер, қайраткер Е.Бөкетов – әдебиет әлемінде, аударма саласында өзінің айқын қолтаңбасын қалдырған тұлға.
Данагүл Қуандықова. Әдебиет әлеміндегі қолтаңба // Солтүстік Қазақстан.- 2025.-


