
1938 жылы туған, Қарағанды политехникалық институтын инженер-экономист мамандығы бойынша бітірген.
Кеңес армиясы қатарында азаматтық борышын өтеген соң 1961 жылы Петропавл қаласына комсомолдық жолдамамен келген. Ширек ғасырға жуық «Уралнефтегазстрой» тресі СМУ-4 дәнекерлеушісі, құрылыс комитетінің төрағасы, басқарма бастығының орынбасары, бастығы, одақтық бағыныстағы ірі кәсіпорындар — «Спецводопроводсельстрой», «Союзцелинвод» трестері басқарушысының орынбасары болып істеді.
1984–1993 жылдары Петропавл қалалық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, қала әкімшілігінің басшысы болды. Одан кейінгі екі жылда «СевКазглавснаб» басқармасының бастығы, «Союзцелинвод» тресі басқарушысының бірінші орынбасары, басқарушысы қызметтерін атқарды.
Григорий Васильевич еліміздің солтүстік облыстары тұрғындарын сумен қамтамасыз ету ісіне үлес қосты. Есіл және Булаев топтық су құбырын салуға қатысты. «Союзцелинвод» тресі әлемдегі ең ұзын су құбырын тарту арқылы Гиннестің рекордтар кітабына кірді.
Ол құрметті демалыста болса да, қоғамдық жұмыстардан қол үзген жоқ. «Нұр Отан» ХДП облыстық, қалалық филиалдары төрағасының бірінші орынбасары болды. Қазір қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы. «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Астана» медальдарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен марапатталған.