
1965 жылы туған. Темір жол училищесін бітірген соң Петропавл локомотив депосында электровоз машинисінің көмекшісі, әскерден кейін С.М. Киров атындағы зауытта слесарь, инженер-электромонтер болды.
1995 жылдан жеке бизнеспен айналысуда. Осы уақыт ішінде ол көппрофильді кәсіпорынның басшысына дейін өсті. «Фирма Леонтьев» ЖШС-нің өнімдері еліміздің және Ресейдің тұрғындарына жақсы таныс. Кәсіпорын шығаратын өнімдер сапалығымен ерекшеленеді. Ол өзінің кәсіби шеберлігі мен білімін жетілдіруге үнемі көңіл бөліп отырады. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде экономист мамандығы бойынша сырттай оқып жүр.
Сергей Геннадьевич қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. Екі шақырылымда Петропавл қалалық мәслихатының депутаты болды. Биыл облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Ол қаланың шет аймақтары — Бензострой, Жұмысшы кенттері тұрғындарының мәселелерін шешуге күш салады. Бензострой кентінде үш қабатты монша — тұрмыстық қызмет кешенін салуда. Онда базар, шаштараз, дәріхана және т.б. қызмет түрлері болады. Бүгіндері «Аквапарк» су спорттық-көңіл көтеру кешенінің құрылысы аяқталуға жуық. Мұндай кешен еліміздің басқа өңірлерінде жоқ. Сайлау науқанында ол Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың сенім көрсетілген тұлғасы болды.
С. Г. Леонтьев «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен, республика Президентінің Алғыс хатымен екі рет, облыс және қала әкімдерінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталған.