2024 жылдың 14 ақпаны күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жерлесіміз, ақын, аудармашы Хамза Абдуллиннің туғанына 105 жыл толуына арналған «Қиын тағдырлы ақын» атты поэзия кеші өтті.
Іс-шараны осы кітапхананың қазақ тіліндегі әдебиет бөлімінің басшысы Майра Әшімова жүргізді.
Шараға зиялы қауым өкілдері, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері, Ж.Тәшенов атындағы №20 мектептің оқушылары, кітапхана оқырмандары қатысты.
Алғашқы болып сөз алған еңбек ардагері, Мағжан Жұмабаев ауданының құрметті азаматы Зейнолла Олжабаев Хамза Абдуллинді көзі тірісінде көргенін, туыстық қатынасы бар екенін айта келіп, оның ата-анасы, аға-інілері, күреске толы тағдыры жайлы сыр шертті. Хамза Абдуллиннің журналистік және әдеби қызметіне тоқталды. Тар қапаста Грузин халқының ұлы ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс тонды жаһангез» атты екі жүз беттен асатын дастанын аударғанын, көзі тірісінде халық қадірін білмеген ақынның еліне деген сүйіспеншілігі шексіз болғанын, өмірінің соңына дейін Мағжан Жұмабаевты пір тұтқанын, өмірде көрген қиындығы көп Хамза Абдуллиннің қайтпас қайсарлығы, батылдығы жастарға үлгі екенін баса айтты.
Шара барысында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанындағы Тіл және әдебиет институтының 2 курс студенті Алуа Кеңесбай Хамза Абдуллиннің «Жолдыөзегім» атты өлеңін жатқа мәнерлеп оқып берді.
Жас ақын Мөлдір Қыстаубаева Хамза Абдуллиннің «Есіл» және «Өтті ғой, достар, сол күндер» атты сағынышқа толы жырларынан сусындатты.
Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, еңбек ардагері Тілек Әбдірахманов Хамза Абдуллиннің шығармаларының жас ұрпақты туған елін, жерін сүюге тәрбиелеуде маңызы зор екеніне тоқталды.
Шараға қатысушылар «Сыршыл да суреткер ақын» атты кітап көрмесін тамашалады.
#БиблиотекаимСМуканова #ЛучшаяБиблиотекаРК #СамыйЧитающийРегионСКО #Коворкинг #ПарасатЖолы #Мейкерспейс #Информация #Чтение #Книги