Заманында “Мен – Хақпын” деген әйгілі ұстанымы үшін опат болған мистик шайыр Мансұр Халлаж бен “өзіме өзім табынам” деп жырлаған Мағжан Жұмабаев арасындағы рухани үндестік таңғалдырмай қоймайды.
875 жылы парсы даласында дүниеге келген шайыр Мансұр Халлаж – Ахмет Ясауи хикметтерінде ерекше құрметке ие тұлға. 12 жасында Құранды толық жаттаған Мансұр есейе бере діннің қасаң қағидаттарын мансұқтап, Құдайды мешіттен емес, жүректен іздеу керектігін уағыздай бастайды. Тіпті жағдайы келмеген мұсылмандар үшін Шалкиіз жыраудың Би Темірге айтатынындай, “жығылғанды тұрғызсаң, жылағанды жұбатсаң, қисайғанды түзетсең” қажылық сауабы дəл солай саған да жазылады деп түсіндіре бастайды. Сəйкесінше, шайыр догмашыл дін қазиларының қытығына одан сайын тие береді.
Дəл осы ұстаным Мағжанның “Мешіт һəм абақты” өлеңінде əке мен бала диалогі ретінде көрініс табады. Онда ақын діни буквализмді қатты айыптайды:
“Бұл үйді мешіт дейді, құлыншағым,
Ерігіп, қуған болып ата заңын.
Анда-санда домалап бармағы үшін,
Салдырған өзіне арнап “жуан қарын”.
Бес минут “жатып-тұрып”, жуып алмақ,
Былғанған бұзықтықпен ұят-арын”.
Бұл түсінікті Абайдың “Алланың өзі де рас, сөзі де рас” өлеңінен кең тарқатуға болады. Онда адамның бойындағы үш сүю: Алланы сүю, адамды сүю жəне əділетті сүю бекімей жатып, ғибадат-құлшылықтың татымды жеміс бермейтіні айтылады. Не болмаса Шəкəрімнің “Анық асық – əулие” өлеңінде де ішкі дүниенің тазалығы сыртқы көріністен артық тұратыны баса назарға алынады:
“Таспиық, сəлде, жайнамаз,
Тастамасаң қыс пен жаз.
Жүрегiң болса тайғақ саз –
Сопысынып қылма наз”.
Солай Мансұрдың жүрек ілімі ел ішнде кең етек ала бастайды. Кейін оның ақиқат (хақтық) жайлы мəлімдемесі биліктің ең қатал жазасына кесілуіне себеп болды. Ол Халлаждың “Əнел Хақ” деген жария сөзі еді. Яғни “мен – Құдаймын, мен – хақпын”, – деп сөйлейді рухты шайыр.
Мағжан да өзінің “Мен кім?” өлеңінде құдайлық құдіретін байқата жырлайды:
“Өзім – тəңірі, табынамын өзіме,
Сөзім – Құран, бағынамын сөзіме!”
Ескеру керек. Бұл ешқандай да эгоистік-нарцистік сөз емес. Бұл жерде ешқандай “мен” атаулы жоқ. Керісінше мұнда – пенделіктің пердесін жыртып, Аллалық ареалдан асқақтап сөйлеген ақынның рухы.
Мансұр да, Мағжан да ғашықтықты асқан шеберлікпен өзінше жырлады. Жəне түбі осы ғашықтық сезімі оларды күллі дүниенің “Тəңірі” қылып сөйлетті. Мейлі, екі тұлғаның өмір салты, алған білімі, түйген түсінігі бірдей болмасын, бірақ та олардың əділетке, ұлы ақиқатқа ұмтылған ақын жүректері өзара бір тактіде соғып тұрғандай əсер қалдырады.
Абзал МАҚАШ.
Мақаш А. Мағжан мен Мансұр Халлаж // Soltüstık Qazaqstan.- 2024.-20 ақпан.- 4 б.