Зарып Ержанұлы Жүсіпов 1915 жылы қазіргі Қызылжар ауданындағы Новоникольск селосының маңындағы Киров ұжымшарында дүниеге келіп, Есіл ауданындағы Чириковка ауылының маңындағы Қарағаш пен Гурьяновка ауылдарының маңындағы қазір жоғалып кеткен қазақ ауылында өмір сүрген. Кеңес өкіметі орнағанда бұл аймақ Приишим ауданы атанған, орталығы Боголюбов селосы. Зарып ағамыз төрт ағайынды. Үлкені Шәріп өмірден ерте өтеді, одан кейін Зарып ағамыз. Бір інісі Рамазан өзі сұранып майданға аттанып, Ленинград қоршауында хабарсыз кеткен. Екінші інісі Қарып бертін қайтыс болды.
Зарып ағамыз пысық болса керек, Петропавл қаласындағы педагогикалық техникумға түсіп, оны 1939 жылы бітірген. Одан әскерге алынып, сол жылы күзде басталған Фин соғысына қатысады. Кеңес тарихында «Қысқы соғыс», «Фин соғысы», «Фин кампаниясы» деп әртүрлі аталған бұл майдан 1939 жылдың 30 қарашасында басталып, 1940 жылдың 12 наурызына дейін созылып, 102 күнге жалғасқан. Осы уақыт аралығында екі жақтан да жүздеген мың адам қырылды. КСРО адам саны көптігінің арқасында ғана шағын Финляндияны жеңе алды. Міне, осы соғысқа қазақ азаматтары да қатысқан, соның ішінде Зарып Жүсіпов ағамыз да қан төккен.

Соғыс аяқталған соң оны елге жібермей, әскери міндетін тағы бір жыл өтеуге ұстап қалады. Бұл мерзім 1941 жылғы 22 маусымдағы Ұлы Отан соғысына ұласады. Зарып ағамыз алғашқы кұнінен Батыс шекарада соғысқа кіреді. Әйтеуір, олар қызмет еткен әскери бөлім Ленинград бағытында тұрғандықтан «шекарадан шегінуді» көрмей, немістердің қолына тұтқынға түскен үш миллионға жуык әскер қатарына кірмеген.
Көзінің тірісінде Зарып марқұм жалғыз ұлы Асқарға қайда соғысқанын, қалай жараланғанын айтпайды екен. Соғыста көрген қиындықтары жас баланың жүрегін жараламасын деп ойлаған болуы керек. Алайда Асқар оның жонарқасындағы Берлинді алу операциясында фашистердің овчаркасы киімімен қоса жұлып алған тыртығын, басындағы снаряд жарықшақтары тигеннен қалған ақ дақтарды көріп жүреді. Егер бір үлкен адамға осыларды қалай алғанын айта бастаса Асқарды дереу үйден шығарып жібереді екен. Сондықтан баласы оның қайда соғысқанын, қай жерлерде болғанын білмейді. Тек бірнеше алғыс хаттар мен орден-медальдар иесінің кайда соғысқанын және қандай ерліктер көрсеткенін тайға таңба басқандай көрсетіп тұр. Әскери әуе күштерінің механигі болған оған 1945 жылға дейін «Висладан өткені үшін», «Вроцлав қаласын алғаны үшін» және т.б. алты алғыс хат беріліпті.
«Сталинградты қорғағаны үшін» медалін ол 1943 жылы 3 тамызда алған. Сөйтіп, адамзат тарихында болған ең үлкен қырғындардың біріне қатысып, жараланса да аман шыққан. Үш айға созылған «Сталинград соғысынан» кейін майданда бетбұрыс басталып, Германияның КСРО-ны жеңе алмайтыны белгілі болған. Бұдан кейін Зарып Жүсіпов «Варшаваны азат еткені үшін» медалімен 1944 жылы наградталған. Бұл — оның Польша жеріндегі соғысқа қатысқандығының айғағы. Ал «Кавказды қорғағаны үшін» 1945 жылдың 22 сәуірінде табыс етілген медаль кешігіп жеткен награда екені көрініп тұр, өйткені бұл уақытта оның әскери құрамасы Еуропа жерінде жүрген.
Бір қызығы аға сержант Зарып Жүсіповке 1945 жылы берілген «Б» сериялы №420412 куәлікте «Жауынгерлік ерлігі үшін» (№330229) және «Қызыл жұлдыз» ордені (№481571) берілгені көрсетілген. Демек екі награда бір-ақ берілген. Бұл — оның ерлігі осал болмағандығының белгісі. Осы куәлікге: «Имеет право начиная с июля 1943 года на получение орденских денежных выдач и на другие льготы и преимущества согласно «Общему положению об орденах Союза ССР» деп жазылып, «Секретарь Президиума Верховного Совета СССР» деп қол қойылып, мөр басылған. Демек бұл КСРО-ның ордендерін алған адамдарға ол кезде азды-көп материалдық көмектер берілгенін көрсетеді.
Зарып ағамыздың соғыстан алған соңғы марапаты «Берлинді алғаны үшін» медалі, оны 1945 жылдың 17 қазанында алған. «40 жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген бар ғой, Зарып Жұсіпов ағамыз Фин соғысына, одан Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, туған жеріне алты жылдан кейін аман оралған екен.
Соғыстан кейін ол қысқа мерзімді басқармалық курсты бітірген сон «Октябрь», «Қызыл жұлдыз» ұжымшарларында төраға болып қызмет істеген. Оның басқармалық окуға барғанда басқалармен бірге түскен суреті сақталған. Кейін ол ұзак жылдар бойы бұрынғы Октябрь ауданына қараған, белгілі ақын Ахметжан Нұртазин басқарған орман шаруашылығында трагедиялық жағдайда қаза болғанға дейін орманшы болып жұмыс істеді. Қанды қырғыннан аман келген ол 1969 жылы Чириковка ауылындағы автобус аялдамасында көлік күтіп отырғанда есерсоқ солдат айдап жүрген жүк көлігі соғып, 54 жасында қайтыс болды. Тағдырдың жазуы ғой, дәл сол аялдамада інісі Қарып та 10 жылдан кейін жол апатынан көз жұмды. Ат-шанамен келе жатқан оны да жұк машинасы соғып кеткен.
Зарып Жүсіпов 1939 жылы әскерге алынғанға дейін педтехникум бітірген Сабиға деген қызға үйленген екен. Іште қалған тұңғыш қызы 1940 жылы туады. Алайда сол жылдардағы ауыр тұрмыстан жас бала шейіт болады. Ал соғыстан кейін үш ұл, үш қызы өмірге келген. Олардың ішінен Роза мен Гүлнәр есімді екі қызы және жалғыз ұлы Асқар ғана ер-жетіп, аман-есен өмір сүріп жатыр. Асқар Зарыпұлы Алматының архитектуралық-кұрылыс институтын бітірген, бұрынғы Возвышен ауданындағы «Советский» кеңшарында ұзақ жылдар архитектор болып абыройлы қызмет атқарды. Ал кеңшар тарауға айналғанда Петропавл қаласы архитекторын тандауға арналған конкурста жеңіп шығып, бірнеше жыл облыс орталығында қазақтан шыққан тұңғыш архитектор болды. Одан кейін Бурабай ауданының орталығы, курортты қала Щучинскіде де архитектор қызметін атқарды, қазір зейнет демалысында.
Кіші інісі Қарыптан Бақыт, Ғалия, Мұрат, Сара есімді ұл-қыздар бар. Бақыт Қызылжар ауданындағы Преснов селосында, Ғалия деген қызы осы ауданның Налобино ауылында тұрады. Мұрат елдің қауіпсіздік саласының жауапты қызметкері, ең кішісі Сара Астана қаласында сауда саласында қызмет атқарады. Рамазаннан ұрпақ қалмаған, ол жастай пысық, белсенді азамат болып өсіп, өз еркімен соғысқа сұранып, Ленинград қоршауында хабарсыз кеткенін жоғарыда айттық.
Міне, бір отбасының соғыс салдарынан бастан кешкен тағдыры осындай. «Орнында бар оңалар» демекші тірілерінің ұрпақтары аман өсіп, еліміздің айтулы азаматтары болып отыр.
Жақсыбай САМРАТ,
журналист.
Жақсыбай С. Қос соғыстың куәгері // Солтүстік Қазақстан.-2025.- 21 қантар.-7 б.