Конституция күні қарсаңында Петропавл қаласында «Ботай» сурет галереясының ашылуы өтті.
![](https://tuganjer.skolib.kz/wp-content/uploads/2024/12/Буфер-обмена-1-24-1024x499.jpg)
Өңір өміріндегі айтулы мәдени оқиғаға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет комитетінің төрайымы Күміс Сейітова, белгілі суретшілер, өнерсүйер қауым өкілдері қатысты.
Салтанатты шарада Ғауез Торсанұлы баға жетпес жәдігерлер тізіміне енген «Ботай қонысы» археологиялық қазба орнының ерекшелігіне, адамның жылқыны алғаш қолға үйретуі нақ осы жерден басталғанына тоқталды. Бұған еліміздің солтүстігінде орналасқан «Ботай» қонысынан табылған заттар дәлел бола алады. Ескерткіш біздің дәуірімізге дейінгі IV-III мыңжылдыққа, яғни энеолит дәуіріне жатады.
«Жұртшылық жаңа өнер орталығында түрлі көрмелерді қызықтап, кездесулерге қатысып, жергілікті қылқалам иелерінің туындыларын тамашалай алады. Галерея рухани әрі шығармашылық даму аймағына айналарына сенімдіміз. Жаңа нысанның Қазақстан Конституциясы көшесінде орналасуының символдық мәні бар», — деді өңір басшысы.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Мейрамгүл Әбуованың айтуынша, 1980 жылы археологиялық экспедициясының жетекшісі болған жерлесіміз, тарих ғылымының докторы, белгілі археолог Виктор Зайберт ежелгі адамдар мекенін Айыртау ауданы Иманбұрлық өзенінің маңайынан тапқан. Содан бері Ботай қонысының жетістіктері әлемдік деңгейде үзбей насихатталып келеді. Құнды мәліметтер беру музей бірлестігі жұмысының басты бағыттарының бірі болып табылады. Енді оның қатарын заманауи галерея толықгырып отыр.
«Осындай көрме залдары суретшілердің шығармашылық тұрғыда дамуына жігер береді. Олардың шығармалары жылдан-жылға бағасы өсетін инвестиция тәріздес. Сондықтан әр қаланың өзіндік муниципалдық көрме залы болуы заңдылық», -деді өз сөзінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сембіғали Смағұлов.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитетінің төрайымы Күміс Сейітова да өзінің жүрекжарды лебізін білдіріп, солтүстікқазақстандықтарды Ботай заманауи көркем-сурет галереясының ашылуымен құттықтады. Барша қазақстандықтар үшін айтулы күн екенін тебірене жеткізді. Ботай мәдениетінің ашылуы төрткүл дүниені дүр сілкіндіріп, әлемге көшпенділер мәдениетінің бесігі өркениеттің бастауы болғандығын айғақтайды.
Галерея экспозициясына қазақстандық өнердің негізін қалаушы суретшілердің картиналары, облыс аумағында және одан тыс жерлерде тұратын қылқалам иелерінің, Халықаралық «Ботай — Ұлы дала мәдениеті» симпозиумына қатысушы суретшілердің туындылары қойылған.
Диас АЯҒАН, «Soltustik Qazaqstan».
Аяған Д. Өркениет бесігі // Солтүстік Қазақстан.-2024.-3 қыркүйек.-7 б.