С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Солтүстік Қазақстанда отызыншы-қырқыншы жылдарда аты бүкіл облысқа әйгілі колхоз болды. Сол әйгілілік пен байлықты өз қолымен баянды еткен колхоз председателі Байміт — шаруаға тындырымды, аздан көп жасап, көптен көл тұрғызатын іскер басшы еді. Бұл колхоздың әманда, малы күйлі. Егіні шығымды. Аудан орталығына бар мейлің, облыс орталығына бар мейлің, қайда барсаң да басшы аузында -Байміт. Қай кезде де атқарған ісінің жұрт көзіне іліккені, бағаланғаны – еңбегінің жанғаны емес пе? Бірақ ауызға бір іліккен адамның шығындап кететінін, жөнді-жөнсіз мақтала беретінін қайтерсің. Жүре-бара Байміт тап осындай ауруға душар болды. Кеудесі өскен председательдің айтқаны заң да, істегені жөн болды.
Облыстық газетке тілшілік қызметте жүріп жаңағы бай колхозға баратын жол түсті. Қай үйге кірсем де, алдымнан өрбіп шағым шығады. Газет тілшісі келді дегенді естіп ауылдың шалдары қаумалады мені.
-Қиратыпбарады мына Байміт…
— Күн көруден қалдық…
Байқасам, шағым төркіні — бас кө-терер ер-азаматтардың бәрі майданда жүрген осы бір шақта Байміт өз аузындағы келін-кепшіктерді айналдырады деген қауесетке саяды екен. Ешкім ешкімді ұстап алмағаннан кейін өсектің аты өсек емес пе, мен не қайрат көрсете алмақпын? Шағымшыл шалдарды жұбатам ғой баяғы.
-Бастықтарыңның жасы болса, келіп қалған адам екен, қаншаға барар дейсің, шыдай тұрыңдар.
Жиналған шалдар шулап қоя бермесі бар емес пе!
-Жігіттік шағы жабағы бөстек астында бит пен бүргеден басқа түк көрмей өскен бұл мұндардың бар қуаты бойында әлі. Бұл ма, бұл ұзаққа шабады.
Шалдар дәлелі мықты сондай. Күлерсің бе, жыларсың ба?!
Оларды қайтіп жұбата аларсың!?
Сафуан ШӘЙМЕРДЕНОВ.
(Жалғасы бар).
/ Шәймерденов, Сафуан. Шалдардың шағымы. / С. Шәймерденов // Солтүстік Қазақстан. – № 35.- С.5 2022.