Атындағы ҚМУ облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының С.Мұқанов
Бұрындары қазақ халқының тарихында шоқтығы биік, ойып тұрып орын алатын атақты қолбасшы, қол бастаған батыр, ақын, жырау, жыршы, шежіреші Қожаберген Толыбайұлы туралы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» секілді қасіретті кезеңнің ащы шындығын шынайы суреттеуімен зар заманның ұлттық әнұранына баланатын «Елім-ай» дастаны арқылы ғана біліп келсек, Тәуелсіздік жылдарынан кейін ғибратты ғұмыры мен шабытты шығармашылығы жайлы жүйелі түрде зерттеліп, кеңінен жазыла бастады. Тың іске білікті тарихшылар, әдебиетші ғалымдар, жазушы, журналистер қауымы белсене араласып, ондаған кітап, жүздеген зерттеу мақалалар жарық көрді. 2000 жылы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен «Қожаберген Толыбайұлының ел тарихындағы орны мен рөлі» деген тақырыпта Петропавл қаласында өткен ғылыми-теориялық конференцияда бабасы жайлы байыпты баяндама жасап, кеңінен көсілген ғұлама ғалым Манаш Қозыбаев атақты тұлға мұрасын зерттеу, бүгінгі ұрпаққа жеткізу заман талабы екенін айта келіп, «Ол көп батырлардың бірі ғана емес. 1688-1710 жылдары қазақ, ноғайлы. қарақалпақ халықтарының біріккен жасағына қолбасшылық жасаған сардар, ордабасы. Орталық Азия деңгейіндегі әскери қайраткер! «Ақтабан шұбырындыдан» кейін ұлы жеңісті шыңдаған стратег», – деп әділ бағасын берген болатын.
Ел басына күн туған шақта қолына найза ұстап, соңына қалың қол ертіп, жауға қарсы атой салған ержүрек баһадүрге қатысты сүбелі басылымдар қатары жуырда тағы бір тың туындымен толықты. Жинақты елімізге есімі жақсы таныс қарымды қаламгер, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменов пен жас зерттеуші Мәдина Сүлеймен құрастырған. Редакторы- белгілі журналист Зарап Құсайынов.

Алматының «Асыл кітап» баспасында басылып, қалың оқырманға жол тартқан «Кожаберген Толыбайулы: символ национального подвига» деп аталатын туындыны бірегей зерттеулер жинағының тәжірибе аларлық, үлгі тұтарлық нұсқасы десек, артық айтқандық емес. Кезінде жыраудың өмірбаяны, шығармашылығы мен қилы тағдыры хақында қалам тартып, тағылымды ой түзген, керек десең, мәселелер көтерген авторларды тоғыстыратын жинақ кәсіби тарихшылардың, құқықтану-шылардың, филологтардың, ақындардың, көсемсөзшілердің шығармашылық коллаборациясының бірегей үлгісі десек те болады. Кітапқа енгізілген мақалалар, зерттеулер, ұлты үшін қалтқысыз қызмет еткен бабамыздың ұлы тұлғасын одан әрі биіктетіп, жарқын бейнесін толықтыра түседі. Академик Салық Зимановтың «Қожаберген – ұлттық ерліктің символы», Манаш Қозыбаевтың «Қожаберген – «Тәуелсіздік жаршысы», ақын Кәкімбек Салықовтың «Ұлттың ар-намыс қорғаушысы», тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлының «Қожаберген жырау шығармалары туралы тарихи мәліметтер», жергілікті өлкетанушы Қайролла Мұқановтың «Қожаберген жыраудың ел тарихындағы лайықты орны», генерал Абай Тасболатовтың «Біздің ұлы бабамыз Қожаберген», тағы басқа зерделі зерттеулер танымдылығымен ерекшеленеді. Бұған Бекет Тұрғараев, Бүркітбай Аяған, Зиябен Қабылдинов, Ерлан Әбіл, Зәуре Картова секілді еліміздің беткеұстар ғалымдары мен беделді азаматтарының шығармашылық ізденістерін, сондай-ақ, ресейлік және отандық мұрағаттар мен фольклор материалдарының жаңа құжаттарының кеңінен пайдалануын қоссақ, жинақтың құндылығы арта түседі.
Сөзімнің соңында құнды еңбектің жарық көруіне қаржылық демеушілік көрсеткен белгілі кәсіп-керлер, руханият жанашырлары Жомарт Омаров пен Нағашыбай Барлыбаевқа деген ыстық ықыласымды жеткізгенді хош көрдім.
Гүлнар МҰҚАНОВА, әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетінің
профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты.
____________________________________________________________________________________________________________________
Мұқанова, Г. Тарихи тұлға танымы /Г. Мұқанова //Солтүстік Қазақстан. – 2020. – 23 маусым. – 8 б. (В Алматинском издательстве «Асыл кітап» вышла книга «Кожаберген Толыбайулы. Символ национального подвига»)