С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
(Басы өткен санда).

Қобызшы, домбырашы, әнші, жүйрік ат, қыран құсқа құмар Ботпай деген жақын ағамыз улап-шулап отырған балалардың арасына жиі келіп отырады. Үлкендерден біреу келгенде балалар тіпті әндетіп кетеді (ескі оқудың әдісінде үндемей оқу атымен жоқ қой!):
-Әліпкі-күсін – ән, әліпкі-кәсін – ен, әліпкі-күтірөн-әи-ен, өн!
Жарықшақсыз жас дауыстарға елтігендей, Ботпай біраз мүлги тыңдап отырады да молдаға наразылық айта бастайды.
-Осы сенің «әліпки-күсін-ән» дегенің немене өзі? Осы да құдай сөзі ме?
-деп, қадала сұрайды. Мінезі оқыс, түсі суықтау кісі болушы еді, молда да оған ығыса жауап береді:
-Оқуғой, Ботеке… Не екенін бір Алланың өзі білмесе, біз қайдан білейік…
-дейді. Молданың көкшіл көзі айран-данып, сирек мұрты дірілдей бастағаны аңдалады. Бізге ылғи ызғарлы көрінгісі келетін бейшара молданың ығысар бір жаны болғанына біз қуанып қаламыз.
-Сенің үйретейін дегенің «он, ен, өн» болса, соның өзін ғана үйретіп қоймаймысың, қу мұндар! «Әліпки-кәсін» деген ішіңді ұрайының неме керек? Енді бір жетіден кейін балам тағы да осыны оттап отыратын болса, оқуыңнан шығарып алам!-деп, Ботпай молдаға ұрт мінездер көрсетіп қояды.
Әрине, келер жетіден кейін де балалар баяғы маңда жүреді, бірақ Ботекең де баласын оқудан шығарып әкете алмайды.
Анда-санда Ботпайдың басқа елге ұзатылған жалғыз қызы Бәтима үйіне келеді. Сұлу емес сүйкімді, елжіреген балажан, ерке жүректі адам еді. Ескі ауылда сирек кездесетін, ерекше тұратын, не ойлай қалғаны жүзіне шыға келетін нәзік сезімнің адамы еді. Сол бір жылы бейне балалық шақтың ұмы-тылмас сағынышы сияқты менің ойымда әлі бар, әлі сыны жоғалған жоқ.
Бәтима қобыз бен домбыраға бірдей жүйрік. Елге қашаннан бері таныс күйлер мен жұпыны ғана әндер оның саусағына іліккенде құлпыра жөнеліп, жаңа бірдемелерді пайымдап кетеді. Басқалар тартқанда сақау қалатын домбыра пернелері ең жанына тиетін дыбыстар береді. Бәтиманың даусы да сазды болушы еді. Әсіресе қалың топ қоршап алып қысталағанда, жарқырап шығатын қазақ қызын бірінші көргенім сол. Ол ән салғанда, домбыра тартқанда әкесінен басқа әнші, күйшілердің бәрі де құба төбелденіп, жасып қалатын еді. Әкесі ғана тасып отыратын.
Кешқұрым айдын көлдердің жағасында әкесі қобызды алып, қызы домбыраны алып қосыла тартып кеткенде, әр ауылдан шұбырған жұрт андай бастайды. Ол екеуінен басқа ешбір адам қобыз бен домбыраның үнін қоса да алмайды.
Бәтима үйіне келгенде Ботпай үйі ұзақ думанға айналады. Жақын елдердің әнші, домбырашылары жиналып, алыстан талықсып-талмаурап жеткен Ақан, Біржан әндерін салады, Арқа күйлерін әкеледі. Қараңғы елге Абай әлі естілген жоқ, Құрманғазы күйлері Октябрь революциясына дейін жете алмай қойды. Қалай да Ботпай айналасы домбыра, қобыз үйренуге, жастардың еркіндік сезінуіне сеп болды.
Біздің сол жас бала кезімізде Қазан, Ташкент, Бұхар арқылы тараған «қис-салар» тасқыны басталды. Қараңғы ауыл үшін «Сал-сал» да қисса, «Қыз Жібек» те қисса. Бірақ Ботпай «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш», «Көр ұғылыны» жаттап алыпты, өзгелерін жаттамаған. «Қозы Көрпешті» айтып отырып, Қодарды боқтап алады да «Қыз Жібекті» айтып отырып:
-Көріңді ұрайын бір қожа мен бір молда мына жерін бұзып қойыпты, бұрын былай айтылушы еді, – деп, аратұра түзеп айтады. Сол кезде құлаққа сіңгеннен қалған бір-екі жол өлеңді мен ерте кезде жарияладым. Ол Жібектің әмеңгерлікке қарсылығын көрсететін сөздер еді:
-Көрпені ағаң ашқан сен ашқандай,
Не болды жас басыңнан, сорлы бала?
Ботпай бұл сөздерді ширатыңқырай да қадағалай айтады. Жеңгесін алған, келінін алған адамдар отырса, өлеңнің әнін кілт үзіп:
-Сендерге айтады! – дейді. Олар ұялып, жауапсыз ыржиысады.
Біз үш жаз, екі қыс молдадан оқып, қиссаларды едәуір кеуделей бергенде, Доңыз жылының атақты жұтына ұрынып, бәрінен біржола ажырастық. Молда босанып кетті. Содан кейін мен не ескіше, не жаңаша, қазақша оқыған емеспін. Әкемнің орташаға қарай ойыса беріп сылқ етер кезеңі келіп қалған екен, сол жұтта тұралады да қалды.
Ескі ауыл шаруа бағуға қандай қырсыз, қандай бейғам екендігін мен кейінірек түсіндім. Ол кезде бір жалқаулықты, барлық олақтықты тек қана «Доңыздың» ылаңына жауып, ақтаушылармен ойлас едім.
Біздің құба-төбел ауылдар оп-оңай жұтап қалды. Жайлауда отырып-ақ шөбін шаптыра берген бай ағайындарынан жырылып кете алмай, етек басты болып отыра берген орташакедей күздікке келгенде, жаз бойы ескен аңызақ жердің түгін ұшырып әкеткен екен. Жұт сол қызыл іңір, күзден-ақ басталып кетті. Біздің үйде сол жылы дәл он алты жан бар еді. Мұның ішінде төрт-ақ адам жұмысқа жарайды, өзгесі өңкей өңез көз, ас иесі, қызыл аяқ балалар мен қартаңдар болатын. Жұмысқа жарайтындардың үшеуі есікте, жалшылықта еді.
Азғана жылқыны «жынды боран» алды, азғана қой аштан, азғана сиыр тістен таусылды. Сүйегі саудыраған, жағы суалған, көзі үңірейген, тәлтірек аштық жер үйдің төрт бұрышында түгел орнай қалды. Сүйек, тері, сақармен қақтап алған сүйектің майы, өлімтік жылбысқысы, бәрі де тесік тамақтан өтіп жатты.
Үйдің қақ жартысын алып жатқан жалпақ пештің аузында қара шөген қайнап тұрады. Шөгеннің ішінде сықыр-сықыр еткен өңкей сүйек болады. Сирақ, кәрі жілік, шеке секілді сүйектер асылған күні сорпаның бетіне май кебірек шығады да, шегеннің бір жақ бұрышына жиналады. Біз үш бала үш қасық ұрлап алып, көзтаса бола бергенде әлгі майды қалқып кеп әкетеміз… Жер үй бу басқан караңғы… Тағы қайталаймыз… Қолға түсіп қалсақ, бір қасық сорпа майы үшін бір күн таяқ жеуге біз әзір…
Шай келеді, шаймен бірге қуырылған бидай келеді. Бидайды кемпір шешеміз бөліп береді, үлкендерге 2 қасық, балаларға сыла қасық тиеді. Бидайды бөлгенде барлық кез кемпірдің қасығында болады да, әркім өз пайдасына қарай түрлі «замечаниялар» жасап отырады:
-Қасығыңды сілікпесейші!
-Батыра түс!
-Маған дегенде қасығың ылғи қалқи бастайды-ау! – десіп қалады.
Кемпірдің бүкір қолдарының қалай қозғалуы мәселені шешеді: жарты аймақ, болмаса он шақты түйір бидай қосса, не алып қалса, 32 көз соған қарай түрлі белгілер білдіреді. Кемпір қалыпты бір «кәперетіп» секілді.
Балалар шамамыз келгенше кемпірдің қасына жақын отыруға, кеш болса арқасын қасуға, жалпы айтқанда, кемпірге жақсы көрінуге жанталасамыз. Кемпірге жанаса алмағанымыз, шалға, әкеге, болмаса басқа бір беделі бар біреуіне жақын отырамыз. Өйткені олардың көзіне жаутаңдай берсең, шыныаяғын әперіп жіберсең, дер кезінде «бидайың шашылып барады» деп қала алсаң, шырайына қарай әртүрлі жағымпаздық істей алсаң, бес-он бидай ауысып та салады. Бірақ басқа уақытта қарым-қатынасы түзу адамдар да, шай үстінде ысқырынып, көбінесе ырай бермей қояды.
Кейде шыныаяғын әпере беріп үлкен біреуінің алдындағы бидайын өзімізге қарай шашыңқырап та жібереміз… «Қайда апарасың?» – деп сол секундында-ақ жалғыз түйіріне дейін жинап алады, бұрынғысынан көрі де өзіне жақындатып, ықшамдап қояды. Көздері жайнап, бізге қарақұстай түйіледі. Біз оған ұялмаймыз, өзімізге тиген бір қасық бидайды бірдей қылып, 7-8-ге бөліп, 7-8 шәшке қайнаған ақ су «шай» ішеміз. Суды қанша сораптасаң да ешкім қарсы болмайды…
Көп жан – «жақ жұты». Доңыздың қысы да, жазы да аштық болып еді. Бірін-бірі оғымен атып отырған 32 көз бір жерге сыя алмай, әкем еншісін алды: бізге бір ала қой, бір қысыр қызыл сиыр, бір кер тай тиді. Менен үлкен екі баласын әкем кісіге жалдады да, менің жалданар кезегім бірер жылдан кейін келді…
Белгілі 16-шы жылы қара жұмысқа іліккен нағашым мені шаруасына баскөз етіп қалдыруға сұрап етті. Дөңгелек қана шаруалы, екі жас баласы бар адам еді. Ол ел Обаған өзенінің жағасында отырады да, қысы-жазы балық аулап, аздап егін салады екен. Қыстау түрлері әлі де баяғыдай үйме-жүйме болғанымен, отырықшылыққа бейімделіп қалған ел. Жаздыгүні қыстау маңынан 4-5 шақырым жерге ғана жылжып қонады. Обаған өзенінен Қостанайға жақындаған сайын отырықшылық тіпті айқындай береді
Мен бұл мойны алыстықтан бұрын келіп көрмеген елге егін жинау үстінде келіп едім. Егіннен кейін балық ауласып кеттім.
Көкше мұз екі еліге ілексе-ақ балықшы ел балыққа аттаныс жасайды екен. Обаған өзенін мың жерден кесіп тастаған қаза, ау, сүзекі… Қазаны қарап үлгірмейсің! Балықты сақпен сүзіп алуға мұршаң келмейді. Тау-тау болып балық Кавказдың қанжарындай жарқылдап, мұзды шапалақтайды да жатады… Шортан, шорағай, алабұға, табан, сазан, қарабалык, күмістей жылтылдаған ақ шабақ…
-Жиен бала, балықты жйнай бер,-дейді нағашым.
Балық науқаны қыс ортасында саябырлалы. Көрші ауылда екі класты орысша мектеп бар екен. 6 сом пара алып, «учитель» мені январь айында бірінші класқа кіргізді. Атын әлі күнге білмеймін, «Ақтөбе жігіті» дейтін еді, бірақ алты сом пара алғанын әлі күнге үмытқаным жоқ: өйткені бұл дәл төрт пұт балық еді.
Ұзамай ол орнынан алынып, мектеп белгілі оқытушы Бекет Өтетілеуовке көшті Ондай жақсы оқытушыны мен кейінде сирек кездестірдім. Ол үлкен мағынада ағартушы болатын тілегі бар адам еді. Кейде сабақ біткеннен кейін оқуға, білімге шақыратын әңгімелерді айтады. Көбінесе өзі аударған Крылов мысалдарын оқып береді. Абай, Ыбырай шығармаларын оқиды. Не түсінгенімізді сұрайды. Бірақ балалар ойы ұғындырғанды да ұмыта береді. Бекеттің өз айтқандарынан есте қалған бір ауыз сөз:
– Қандай іске кіріссең де таза қолмен кіріс! – дегенді көбірек айтушы еді. Тақтаға барып есеп шығарғаннан кейін, болмаса, жазуға отырарда біз ылғи қолымызды жуып әдеттендік. Оның айтатыны бұл ғана еместігін мен кейінірек аңғардым. Қолың таза болуы шынында да көп нәрсені аңғартпай ма?
Бекет менің қиссаға құмарлығымды білгеннен кейін мені әдебиетке тарта бастады. Әуелі «Жиған-терген» деген өзі шығарған өлеңін берді. «Жиған-терген» маған өте ұнады. Бірақ «Кәне, несі ұнады?» деп сұрағанда, мен оған жауап айта алмадым. Содан соң ол маған бір жетіге «Шаһымаран» қисса-сын беріп, кейін ертегі ретінде түгел айтқызып шықты. Желілі әңгіме есте қалған екен, мен сүрінбей айтып бердім. Бір кеште, Бекеттің өз үйінде он шақты адамға тағы бір тыңдатты. Тыңдаушылар мені мақтасып тарасты. Өнерсіз-білімсіз елге ертегіші де, бірдемені оқи алған да өзге жұрттан биігірек тұратын еді.
Бұрын бірер жыл молда алдын көрген балаға бірінші кластың сабағы өте жеңіл бсгып еді. Оның үстіне аздаған мақтаншақ та болуым керек, мені өзіне жақынырақ ұстайтын оқытушыма еркіндік жасап, айналасы бір айдан кейін былай дегенім әлі есімде:
-Мен бірінші класты бітірдім… Екіншінің кітаптарын оқып жүрмін, -дедім.
-Қалай бітірдің?-деп, ақкөңіл оқытушым таңданып та, абыржып қалды.
-Оқытып көріңіз… Букварь да бітті, есеп те бітті -дедім.
Ғабит МҮСІРЕПОВ.
(Жалғасы бар).
________________________________________________________________
/ Солтүстік Қазақстан.-17 ақпан.-5 бет.-2022 жыл.