С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Омырауы орден-медальға толы ардагерлер кез келген отырыстың көркі еді ғой! Ентелеген жауды тізе бүктіріп, жерімізді азат еткен жауынгерлерге деген құрмет те кезінде ерекше болатын. Әр ауылдың өз батырлары бар. Олардың майдандағы ерліктері жайлы айтқан әңгімелері жас буынды ел мен жерді сүюге тәрбиелеп, ержүректікке баулитын. Осындай талай жиынның ортасынан Ұлы Отан соғысының ардагері Қайырбек Сыздықұлы табылатын. Асқар тау алыстаған сайын асқақ көрінетіні сияқты кеиіе ғана арамызда жүрген майдангерді бүгінде сағынышпен еске аламыз.
Жер-жаһанды шарпыған Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 1 миллион 350 мың адам шақырылса, соның алты жүз мыңдайы елге оралмады. Қасық қандары қалғанша шайқасқан олар туған жерді жаудан қорғау қанымызға сіңген қасиет екенін барша әлемге танытты. Ал от пен оқтың арасынан аман шығып, туғандарымен қайта қауышқандар еселі еңбектерімен қираған шаруашылықты қалпына келтіруге атсалысты, соғыстан әбден титықтаған халықты жігерлендірді, қоғамда темірдей тәртіп орнатты. Осындай жүмыстың бел ортасында білекті сыбанып тастап майдангер Қайырбек Сыздықұлы жүрді.
Қайырбек Сыздықұлы қазіргі Жамбыл ауданының Айтуар ауылында дүниеге келген. Мектепте өте жақсы оқыған ол қолына аттестаты тие мұғалімдік қызметке кірісіп, алдымен Үлгі, кейін Баян жетіжылдық мектептерінде бала оқытады. Бірақ ұстаздық қызметі ұзаққа созылмады. 1940 жылдың қазан айында аудандық әскери комиссариат оны Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін Амур облысының Свободный деп аталатын қалашығындағы 3-ші Қырым дивизиясының 18-ші Қызыл Тулы полкіне жібереді. Бұл кезде әлем соғыс алдында тұрғандықтан әскери даярлық та қыза түскен еді. Көп ұзамай жау ескертпестен шекараны бұзып кірді деген суыт хабар да жетті.
Майданға білікті әскери мамандар ауадай қажет. Сондықтан азаматтық борышын өтеп жүрген бозбалалар Амурдың Комсомольск қаласындағы 2-ші Владивосток жаяу әскер училищесіне оқуға қабылданады. 1942 жылы ақпанда әскери училищені бітірген Қайырбек Сыздықұлына лейтенант шені беріліп, Канск қаласындағы Сібір әскери округінің 120-шы қосалқы полкіндегі пулеметшілер взводының командирі болып тағайындалды. Осы жылдың наурызында Волхов майданына Мясной Бор ауылының маңындағы пулеметшілер взводының командирі ретінде соғыска кіріседі.
Теріскейдің ақтүтек бораны мен қатты аязында шынығып өскен шымыр жігіт қол астындағы жауынгерлерін алға жетелеп, бірнеше рет ерлігімен көзге түседі. Қарша бораған талай оқтан аман қалғанын тағдырдың жазуы деп білген жөн. Мыңдаған қаруласы ұрыс даласында жан тапсырды. Қолаяғын снаряд жарықшағы жұлып әкетіп, мүгедек болып қалғандар да аз емес. Қайырбек Сыздықұлы Жеңіс күнін Қиыр Шығыстағы фронтта пулеметшілер ротасының командирі болып жүрген жерінде қарсы алды. Алайда жерлесіміз үшін соғыс бұнымен аяқталған жоқ еді. Ол 5-ші армияның 63-ші атқыштар дивизиясының құрамында жапон милитаристеріне қарсы шабуылдарға қатысты. Тек 1945 жылы 3 қыркүйекте ғана жау жеңіліп, мылтықтың атысы сап тыйылды. Соғыс аяқталғанымен Қайырбек Сыздықұлы үшін Отанды қорғау ісі бүкіл өмірінің мәніне айналды десе де болады. Ол 1950 жылға дейін Қиыр Шығыстағы 63-ші атқыштар дивизиясының құрамында әскери борышын өтеуді жалғастыра берді.
Бақандай он жыл бойы туған жерден тысқары жүрген ол елге оралған соң Ақмола облысы, Вишневский ауданының және Тың өлкесі құрылған тұста Боровской ауданының (қазір Қостанай облысына қарайды) әскери комиссары қызметтерін атқарды. Бірнеше рет аудандық кеңес депутаты болып сайланды. 1972 жылы запасқа шыққаннан кейін Солтүстік Қазақстан облыстық табиғатты қорғау қоғамы төрағасының орынбасары болып қызмететті.
Қайырбек Сыздықұлы әскери сала маманы болғанымен шығармашылыққа өте жақын еді. Қазақта сегіз қырлы, бір сырлы адам деп осындай азаматтарға қаратып айтылса керек. Ол өлең шығаратын, сазгерлігі де бар еді. Жиырма шақты әннің авторы. Майдангердің окопта отырып жазған алғашқы әні туралы баласы Руслан Сыздықов былай дейді: «Әкемнің айтуынша, ол алғашқы әнді 1942 жылы шығарыпты. Волхов майданында жүрген кезі екен. Суық, асты сыз окопта жатып, жау оғы сәл саябырлап, тыныштық орнаған тұста туған жерді, туысқандарды, сүйген жарын ойлап, қиялға ерік береді. Ыңылдап ән салып отырып, сағынышқа толы сөздер мен сырлы әуеннің қалай туғанын өзі де байқамай қалады. Дереу блокнотын қолына алып, сөзін түртіп қояды. Бұл әнді анамызға арнап, атауын «Аңсарым сен» деп қойған екен».
Ақын Сырбай Мәуленовтің сөзіне жазылған «Қос қару» атты әні бар, бұдан бөлек, Махмудбай Әміреевтің «Ардагерлер», Игібай Әлібаевтың»Туған жерім – Айтуар», Кәкімбек Салықовтың «Күлші еркем», Мақсұт Байсейітовтің «Арманың аңсаған», Мүталлап Қанғожиннің «Қызылжар» атты өлендеріне ән шығарған. Мысалы, «Туған жерім – Айтуар» әнін әнші Әскербек Еншібаев республикалық радио арқылы талай рет шырқағанын, «Қызылжар» әнін Айгүл Мұхамеджанова орындағанын өңірімізге есімі белгілі өлкетанушы, ұстаз Қайролла Мұқанов көзі тірісінде жазып кеткен болатын.
1993 жылы жыр жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Қайырбек Сыздықұлы ақынның «Сүй, жан сәулем» атты өлеңіне ән шығарып, оны әнші Ұлан Омаров орындаған еді, ал қарт майдангерлерге арналған «Ардагерлер» әнін кезінде облыстық радиодан әнші, журналист Бүркіт Бекмағанбетов айтып жүрді. «Бұлбұл қыз» деген әнін Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әншісі Дәмеш Құрманкина концерттерде айтқан болатын. «Қайырбек ағайдың көзін көрдім, батасын алдым. Өте қарапайым, жанашыр азамат еді. Бір күні мені іздеп келіпті. Үлкен сахналарға шығып, көрерменге танылып қалған кезім ғой. Маған арнап арнайы ән жазып әкелгенін айтты. Сөзінің де, әуенінің де авторы өзі екен. «Бұлбұл қыз» деген атауы да маған арналып қойылғандай. Шағын оркестрмен орындадым, бірнеше концертте айттым. Көрерменге ұнаған әндердің бірі болды», – дейді әнші.
Қайырбек Сыздықұлының сазгерлігінен бөлек, ұшқыр қаламынан туған, кейін газет бетінде жарияланған танымдық мақалалары да бір төбе. Жазғандарының көбі Ұлы Отан соғысына, онда ерлік көрсеткен қаруластарына арналып, өңіріміздің қарашаңырағы – «Soltustuk Qazaqstan» газетінде басылды. Мәселен, «Көк домбыра» әңгімесі ақын Игібай Әлібаевқа, «Кемел дарын» мақаласы жазушы Сафуан Шаймерденовке арналды. Кеңес Одағының Батыры Ысқақ Ыбыраев, жауынгер әрі сазгер Рамазан Елебаев, ұстаз Шияп Садықов, еңбек ардагері Мағзұм Әлжанов, ақын Молдахмет Тырбиев туралы жазғандары да қарт оқырмандардың есінде болар. Қайырбек Сыздықұлы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ақсақалдар алқасының мүшесі ретінде ана тіліміздің дамуына бір кісідей үлесін қосқан еді.
«Аңсарым сен» әнінің негізгі кейіпкері Мүкарама Абдоллақызымен танысып, үйленуге сөз байласқандарына екі ай өтпей, Қайырбек Сыздықұлы әскерге кетеді. Артынша соғыс басталып кетіп, қос ғашық арада төрт жыл өткенде бірақ жолыққан екен. 1944 жылы қысқамерзімді демалысқа келген тұста екеуі некелерін қидырып, тойын өткізеді. Ерлізайыпты екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Солардан тараған немере-жиендер майдангер аталарының өсиетті әңгімелерін жасы кішілеріне айтып беріп, сазды әндерін бірге шырқап, ұрпақ сабақтастығын жалғап келеді.
Кеңес одағы тұсында ақпанның 23-і Отан қорғаушылар күні ретінде тойланушы еді ғой. Бұл күн Қайырбек Сыздықұлы үшін қос бірдей мейрам болатын. Себебі өзі де 1922 жылдың 23 ақпанында дүниеге келген еді. Биыл бір ғасырлық мерейтойы. Ұрпақтары осы күні майдангердің рухына Құран бағыштап, туған күнін үлкен әулет болып атап өтпекші.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ, » Soltustuk Qazaqstan «.
_____________________________________________________________________________________________________________________________
/ Soltustuk Qazaqstan.-22 ақпан.-5 бет.-2022 жыл.