С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
(Соңы. Басы өткен санда).
Жылқы баласында да сондай сурет сұлулық бола береді екен ғой. Абсент – ескерткіш орнатуға тұрарлық жануар. Өйткені ол Токио мен Римдегі бүкіл дүниежүзілік жарыстарда бас бәйгені жеңіп алған ғой. Англия мен Американың не бір ат бапкерлері келіп: «Сатыңыздаршы, қанша миллион сұрасаңыздар да, қолмақол ашық чекпен төлейміз», – деуі тегіннен-тегін емес.
Абсентті еске түсіріп отырған себебім: ол егер әр облыста өзінің бір дүлділіне ескерткіш орнату керек десе, мен ойланбай-ақ солтүстікте Тұрғынның сол сұр биесін атаған болар едім. Өйткені осы жануар не бір қыстың ақ түтек боранында қалың қар сызған шанамен, не бір жаздың лайсаң ақ жаңбырында күбішектен саз кешкен арбамен қиын жолдың қайсысына шықсаң да болдырмақ түгіл, сыр бермейтін еді ғой. Сыр бермек түгіл, қамшы салдырмайтын-ды. Делебені қағып қалсаң, құйрығын бір шипың еткізіп (бойындағы бар міні осы ғана), құстай ұшып жөнелер еді… Балалық па, әлде сұр биеге сондайлық табынғандығым ба, мақсат – келген жұмысты тындырған соң»Айымжанға» бастықтың атын мініп бару. Күтпеген қызығым да сол егінжайда болды. Тұрғын дағдысынша, елпілдей қарсы алды. Шаруашылық жайын баяндады. Адамдарын таныстырды. Жұмысым біткен соң «Айымжанға» баратынымды айтып, апарып тастауын өтініп едім, әдетте кісі бетіне келмейтін момыным ал кеп кетсін дейсің, Жұрт көзінше айтпағаны жоқ. «Тілші болсаң, астыңда атың неге болмайды? Машинамен неге жүрмейсің? Сен тіпті тілші емессің. Тілші болған күннің өзінде де газетіңдегілерге беделің жоқ. Беделді азаматтың астында көлігі болады». Сөз осы. Басу айтпақ болған Әпенді де тыңдаған жоқ. Ақыры менің жаяу кетуіме тура келді. Дегенмен мен кеткен соң бастықты, тегі, Әпен айтып көндірген болса керек. Тұрғын марқұмның өзінің де қайтымы шапшаң болатын, жол ортасына жете бергенімде, сұр биені салдыртып бір жігіт келді де, «Айымжанға» жеткізіп салды. Лау сұрағаннан басқа түк жазығым жоқ болғандықтан ба (тіпті астындағы өз атыңды бер деп те айтпағанмын ғой), Тұрғынның мына соңғы қылрғы әлгі ұрысқанынан да жаман батты. Мазақ секілді. Мен қатты ренжідім. Соның өзінде де Тұрғынды, Тұрғын бастаған шаруашылықты жамандап мақала жазу ойыма да келмепті. Арада отыз алты жыл өткен соң, міне, енді ғана, онда да орайы келген соң айтып отырмын. Бұл қылығыммен мен ешкімге қиянат жасамадым дегенді айтқым келеді. Содан болса керек, мен ғана елді танып қойған жоқпын. Ел де мені танып, өзіне санаған. Соның айғағы – екі ауданда да жақсы көрген аға-достарым көп еді. Бұдан, әрине, «мына тілші жауырды жаба тоқып жүре берген екен ғой» деген ұғым тумайды. Объективті айтылатын пікір, жазылатын мақалалардың жөні бөлек. Мен бұл жерде мың тонна кен қоқысынан бір грамм радий іздеген кенші секілді күйбеңі көп күнделікті күйкі тірліктен әманда жақсы мен жаңаның нышанын із-деушілік пиғылын айтып отырмын.
Тағы бір есте қалған оқиға – бұрынғы Октябрь ауданының Ленин атындағы колхозында өткен ақындар айтысы. Бұл ауданда айтыс өткізу газет редакторы Өміржан Оспанов пен оның орынбасары Ғалым Мұхамеджановтың ұсынысы бойынша облыстық партия комитетінде маған тапсырылған-ды. Кіммен-кім айтысады? Және кіммін деп айтысады? Әуелі осыны шешіп алу керек. Белгілі ақын 81 Тырбидің Молдахметі, әрине, шаппай бер. Ал оның қарсыласы кім болмақ? Сол Ленин атындағы колхоздың тұрғыны Ерғали ма, әлде «Өрнектегі» әнші мұғалім Әзікен бе? Аудан басшыларымен ақылдаса келіп, айтысқа ақын келіншек араласса, жиынымыздың әрлі, тартымды боларын ескеріл, біз Әзікен мен Ерғалиға тоқтадық. Ал Молдахмет болса, екеуіне төрелік айтпақ. Көп кешікпеді. «Еңбек» колхозынан Тырбидің Молдахметі, «Өрнектен» Әзікен айтыс өтетін Ленин атындағы колхоздың орталығына келді. Шынын айтсам, айтыс текстін күн ұзақ отырып мен жазам. Ерғали мен Әзікен жаттаумен болады. Осындай күндердің бірінде ұзақ жұмыс істеп шаршаған соң, далаға шығып біраз қыдырып, ала көлеңкеде жатқан пәтерім – колхоз председателі Әлмағамбеттікіне келсем, аупартком хатшысы Көбегенов, Алматыдан келген ақын Ғалым Малдыбаев отыр. Әзікен маған бас салды.
-Рақмет сізге, өкпем жоқ. Мен енді ауылыма қайта берейін.
Мен түкке түсінбеймін.
-Неғыл деп қайта бермексіз?
-Мына кісілер солай деп отыр ғой.
-Себеп не? – деймін хатшыға қарап.
Көбегенов:
-Әзікеннің орнына Молдекеңнің өзі жөн секілді, – дейді.
-Неге жөн секілді? – деп қадаламын тағы да Көбегеновке. Ерғали Ғалым Малдыбаевтың кейінгі алған әйелінің әкесі екенін білгендіктен, тіктеу сейлеймін.
–Оны мына Ғалекең айтсын,-деп жалтарды хатшы.
-Әзікен өлең шығармайды ғой, -деді Ғалекең.
-Әзікен өлең шығармаса, өлек шығарып қарқ қылып тастапты деп Ерғалиді де естіген жоқпын, – деп дауласа кеттім Ғалекеңмен. -Содан кейін кеше ғана келісіп алып, бүгін былай құбылып жатқанымыз ұят. Кейін де күн бар. Молдекең мен Ерекеңді де айтыстыруға болады. Оны -мына Ғалекеңнің өзіне тапсыру жөн -деп Кебегеновке қараймын.
Негізі бос, Алматыдан келген аты бар ақынның беделіне ғана сыйып отырған Көбегенов жығыла кетті.
-Ғалеке, шынында да, шалдарды кейінірек бір кездестірейік. Мыне айтыс өте берсін.
Ғалым Малдыбаев ал кеттімі жоқ, байсалды адам ғой, «жоқ болмайды» демеді.
Осы оқиғадан кейін Әзікенге өзіне деген бір түрлі сенім пайда болғанын аңғардым. Ақын келіншегім құлпыра шабыттанып, даусы да ашылып кетті. Кәрі тарлан Молдахметтің төрелік етуі, өз елінде қадірлі, әнші келіншек Әзікеннің Ерғалимен айтысы көпке дейін жұрт аузынан тастамай айтып жүрерлік той болып өтті.
Бұл 1945 жылдың февраль айының орта шені болатын. Қателеспесем, сол айдың аяқ кезінде айтыс тексті толығымен «Ленин туында» жарияланды.
Содан бері арада отыз бес жыл жатыр. Әзікен, оның күйеуі Мәжитпен арамызда сол кезде басталған достық байланыс күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Әзікен мен Мәжиттің айтысы өткен кезде бір-екі жастағы үлкен қызы Гүлбаршын кейін қолымызда тұрып, университетті бітірді. Біз оны өз қолымыздан тұрмысқа бердік. Жолдасы Рабат Апматыда Қазақ радиосында істейді. Бұл жас, жаңа семья да Алматыдағы біздің екінші үйіміз секілді қазір.
Сөз соңында мына мүшелі той күнін пайдаланып, газетке қояр бір тілек-талабым да бар: газет жас таланттарды үнемі бақылап, көтермелеп, жазғандарын жиі-жиі жариялап отыруға тиісті. Өйткені аудан, облыстағы баспа орны жас дарындардың алғашқы ақ бесігі болып табылады. Солтүстіктен шыққан ірі талант иелері Сәбит, Ғабиттерді мақтан ететіндеріңізді білем. Бірақ басқа облыстарға қарағанда Солтүстік өлкесі талантқа сарабдал екенін де ұмытпау керек. Мен өзім өз артымнан жиырма жылдан кейін ғана ерген жалғыз-ақ інімнің барын (талантты прозашы Ермек Қонарбаевты айтамын) ойлап, азырқана қынжыламын.
1979 жылы «Жалын» баспасы «Жүздесу» деген атпен тамаша әңгімелер жинағын шығарды. Онда 1935-1945 жылдары арасында дүниеге келген қазіргі халыққа танымал жиырма бір автор бар. Солардың ішінде Солтүстік пен Көкшетаудан шыққан бір жазушы жоқ. Осы жайды ескерсек, жаңағы мен айтқан тілектің мағынасы айқындала түседі.
Сафуан Шәймерденов.
______________________________________________________________________________________________________________________________
/ Солтүстік Қазақстан.-7 сәуір.-5 бет.- 2022 жыл.