С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінде 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысты сан алуан деректер бар. ХХ ғасырдағы ең қасіретті, зұлмат соғысты суреттейтін ресми құжаттардан басқа, майдан тарихын зерттеуде маңызды мәліметтердің бірі – жеке адамдардың майданнан тылға, тылдан майданға жазған хаттары. Олардың ішінде Кеңес одағының батырлары мен қатардағы жауынгерлерден келіп түскен хаттар мен үндеулер жеке жинақталған. Екі-үш майдангердің жүрек түкпірінен сыр шерткен хаттарына тоқталғанды жөн көрдік.
Жәлел Қизатовтың хаты
ЛКСМК-нің Солтүстік Қазақстан облыстық комитетінің хатшысына.
Жолдас хатшы, мен сізді білмеймін, сіз де мені білмейсіз.
Мен – майдангермін, Қызыл армия офицерімін. Соғысқа дейін Ленин ауданында, «Қарағай» кеңшарында тұрып. 6 жыл бойы комсомол ұйымының қатарында тәрбиелендім. Басқалар сияқты майданға аттанып, ұлы комсомол мүшесі атағын ақтауға тырыстым. Отан үшін көптеген шайқастарға қатыстым: Сталинград үшін, Одесса мен Орел маңында, Днепрде, Беларуссияда.
Барлаушыдан гвардия аға-лейтенантына дейін өстім. Партия мен Кеңес үкіметі менің еңбегімді жоғары бағалап «Одессаны қорғағаны үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» медальдарымен марапаттады. Днепрде көрсеткен ерлігім үшін 15.01.1944 жылғы Президиумның жарлығымен Көңес Одағының батыры атағын алдым.
Қазіргі уақытта немістерді батысқа қарай қуып барамыз. Тыл майдангерлеріне де сәттілік тілеймін. Менің жерлестеріме сәлем жолдауыңызды сұраймын, еңбек майданынан бізге көмектерін аямасын.
Жолдас хатшы, біздің ксмсомолдардың жұмысы туралы жазуыңызды сұраймын. Мен комсомолдармен, жерлес еңбек қаһармандарымен байланысуға ниеттімін.
КСРО батыры, Ж.К.Қизатов
Далалық пошта 45377 «Ж» 4 мамыр 1944жыл.
* * *
Ж. Қизатовтың әйеліне жазған хаты.
Ленинград қ. 15 қаңтар 1945ж.
Ленинградтан сәлем!
Сәлеметсіз бе, Шәмшібану, 2 ай бойы сендерден хат алмадым. Онсыз адамның көңілі салы суға кетеді де, ештеңе қуантпайды. Менің сендерді уайымдап жүргенімді тусін, осы хатты алысымен. өз өмірлерің туралы шұғыл хат жаз.
Мен аман-есенмін, мектептемін. Қызыл армия командирінің оқуын оқып жатырмын. Әрине, оқу -жауапты іс, онда бұрынғыдай басшылар мен шеберлер дайындалмайды, сондықтан аса жауапкершілік танытуың көрек.
Әзірге қош бол.
Сәлеммен, өзіңнің Жәлелің.
Позолотиндердің хаттары.
Амансыздар ма, анашым. Маруся мен Вера!
Міне, Мәскеуге жеттік, бірақ қанша күн тұратынымыз белгісіз. Екі-үш күннен артық болмас, одан кейін майдан даласында «мәйіттердің үстімен, қанға боялған жерді басып жүреміз», Дженидің әні осылай айтылады.
Мәскеуде қазір тыныш, аспаннан оқ жаумайды, жерүстіндегі жауды біраз жерге дейін қуып тастадық, әлі қуып барамыз.
Сендерді көргім келеді, айтар сырым да, естір әңгімем де көп. 1942 жыл бәрімізге жақсылығымен бұйырсын, міндетті түрде кездесеміз деп ойлаймын.
Сіздер менің жаңа мекенжайымды білген кезде, маған болып жатқан жаңалықтарды жиі және егжей-тегжейлі жазыңыздар.
Майданда жүрген аға-інілерімнің мекенжайларын білсеңіздер, оларға менен жалынды сәлем айтыңыздар.
Беттеріңізден сүйемін, Тимофей.
Мәскеу қ., 4 қаңтар 1942ж.
* * *
20 сәуір 1942ж.
Жалынды жауынгерлік сәлем!
Сәлеметсіз бе, анашым, Маруся, Галя, Вера! Сутулова Марусяға, Першина Надяға, олардың балаларына, Василий C-ғa Сутуловтар отбасымен бірге, барлық Позолотиндерге, мені білетін баршаға менің жалынды сәлемімді жеткізіңіздер. Мен аман-есенмін. Анашым, мені уайымдама. Бізде бәрі жақсы, күндіз-түні жауға соққы беріп жатырмыз. Мен соңғы деміме дейін ағаларым үшін кек аламын. Анашым, Маруся, Галя, Верамен бірге суретке түсіп, маған жіберулеріңізді өтінемін, сондай-ақ хатты жиі жазыңыздар, қалай өмір сүріп жатырсыздар, қандай жаңалық бар, біздің туыстардан майданға кімдерді әкетті, Маруся қайда жұмыс істейді, Галя ше?
Тимадан Ташкенттен хат және фото алдым.
Мен қазір миномет батальонында взвод командирімін, кіші лейтенант шеніндемін.
Мүмкін болса, маған аздап темекі жіберсеңіздер. Білесіз бе, анашым, алдында үнемі беріп отыратын, қазір темекімен қамтамасыз ету қиындап кетті. Әзірге айтарым осы. Cay болыңыздар, бәріне сәлем. Сіздерден хат, фотография, темекі күтемін.
Сіздердің ұлыңыз, ағаңыз, ағатайыңыз, жиеніңіз.
Ф.Позолотин.
Ескендір Дәуітовтің хаты.
28 маусым 1943жыл.
Қайырлы күн, қымбатты әке, ана! Осы хатты жаза отырып, өзімнің аман-есен екенімді жеткіземін, сіздерге де амандық тілеймін. Мен бірнеше хат жаздым, бірақ жауап алмадым, неге екенін білмеймін, ұмытып кеттіңдер ме?! Барлық туыстар мен таныстарға сәлем айтыңыздар. Қалай өмір сүріп жатырсыздар, денсаулықтарыңыз жақсы ма, қандай жаңалықтар бар?
Шамильдің әкесі мен ағасын әскерге шақыртпады ма? Бірақ біз әлі майдан даласына жеткен жоқпыз, қашан жөнелетінімізді білмеймін. Мен бұл хатты қысқаша жазамын: ауырып қалдым. Ауруханада жатқан кезде жаздым. Әзірге осы, аман-есенмін, сіздер де аман больңыздар. Күтіңіздер! Өмір сүремін, Батыстағы жауды жеңгеннен кеиің келемін.
Әкемді қатты сағындым. Сіздерде бәрі жақсы ма, туыстарым? Болды. Ұлдарыңыз Ескендір.
Дайындаған
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ
_____________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
/ Гүлгүл Қуатқызы. Сарғайған хаттар. / Г. Қуатқызы. // Солтүстік Қазақстан. – 6 мамыр. – № 51. – С 5. 2023 г.