С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Айтарым көп сияқты көрінгенімен, жасым 90-нан асқаннан кейін бе, біразы көрген түстей жадымда көмескілене бастапты. Бұғанамыз қатпай жатып еңбекке араластық, ерте есейдік. Неміс басқыншылары тұтқиылдан соғыс ашып, ел басына ауыр күн туғанда мектеп оқушысы едік. Тұлымшағымыз желбіреп, құлынтайдай асыр салып ойнаудың орнына үлкендермен бірге ұжымшардың жұмысына жегілдік. Таң атқаннан қас қарайғанға шейін беліміз жазылмайтын. Өгіз жетектеп, су тасыдық, егін егіп, астық бастырып, масақ тердік. Мал азығын дайындап, шөп маяладық. Осылайша балалық бал кезеңнің не екенін білмей өстік. Ер-азаматтар соғыста, ауылда қалғандар – кемпір-шал, біз сияқты бала-шага ғана. Erie алқабынан қатты шаршап келеек те, түн ауғанша ұйықтамаймыз. Аталарымыздың, әжелеріміздің қиссаларын, ертегілерін тыңдайтынбыз. Орны үңірейіп қалған әкелеріміздің, ағаларымыздың қылықтарын айтысып, аман-есен оралуын тілеп, қалай ұйықтап кеткенімізді сезбейтінбіз. Біразға дейін жұртта қалған жандай үйренісе алмай жүрдік. Бірақ «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұран жігерімізді жанып, қиындық атаулыны ұмыттырып жіберетін. Майдан даласынан жазылған үшбұрыш хаттарды таласа-тармаса дауыстап оқимыз. «Қара қағаз» келсе, көз жасымыз төгілетін. Қолғап, шұлық тоқып, сәлемдеме жолдаймыз.
Ол кездің адамдарының мықтылығы, тектілігі, анау-мынауға жаси қоймайтын тегеурінді қайсарлығы мен жігерлігі мені әлі күнге дейін таңғалдырады. Бәйни, Мәруәр, Әкіжан, Бикамал, Күләндам, Сағила сияқты келіншектер кез келген жұмысты жапырып жіберетін. 4-5 кісіден бөлініп, өзара жарысқа түсетін. Біләл, Құлатай, Сейфолла, Мүлік бас-көз болып жүретін. Бәйни апайдың кей қылығы есіме түссе, күліп те аламын. Ешкімнен тайынбайтындығының арқасында басқарма мүшесі болып та сайланды. Мәриям мен Дина қой бағып, қозы жамыратты. Ауылда екі Күлән болды. «Жуан Күлән» қойма маңайында жүрсе, «жіңішке Күлән» ас-сумен айналысты. Күләндам мен Бикамал – өңірдегі әйелдер арасында тұңғыш тракторшылар әрі коммунистер болатын. Жиналыс сайын мақтау еститін. Кейін олардың қатарына Зарбап пен Ендіғой қосылды. Ол уақытта әйел түгіл еркектің өзі техникаға жолай қоймайтын еді ғой.
Меңсұлу, Мақпуза, Нағима, Мәжікен – бәріміз құралыптаспыз. Малайсарыда тігілген қосты Сұраған деген атай күзететін, сонда қона жатып жұмыс істедік. Оның кемпірі Үміт тамақ әзірлейді. Озат еңбеккерді «интеллигент» дейтін. Осы саптан көріндік. Нағима екеумізге Мағауия аға талдың қабығын бояп, етік тігіп беретін. Біләл Рамазанов, Құлатай Татанов, Сейфолла деген татар жамағайын қапты белдеріне байлап, егістікке қолмен бидай шашады.
«Шелек көтере аласыңдар ма? Айтпақшы, жастарың нешеде?» -деп бригадир Омар Ауғанов бізге мүсіркей, аяй қарайтын. «Көтере аламыз. Жасымыз 13-те», – деп тақ-тұқ етіп жауап береміз. «Олай болса, ана шалдар өгізге мініп, сендер шелекпен тұқым әперіп тұрасындар. Мойындарыңа асып алған қапқа екі шелектен артық салмаңдар», – деп, не атқаратынымызды тәптіштеп түсіндіретін. Бізді қойшы, әбден көндік-кенбіз, болдырған өгізді жүргізе алмай ит әуреге түсеміз. Бағымызға қарай, 1944 жылы астық бітік шығып, еңбегіміз жанып, қатты қуандық. Масақты лобогрейкамен құлатып, өгізге жегілген 5-6 қатар етіп қайыңнан жасалған сүйреткімен мая етіп үйеміз.
Құрбыларымыздың бірі тұрмысқа шығып, бірі үйде отырып қалса, біз 1947 жылға дейін тынбастан маңдай терімізді төктік. Осы жағы ескерілген болу керек, КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының шешімімен «Еңбектегі ерен еңбегі үшін» медалімен ауылдан Нұрғали, Бораш, Нағима төртеуіміз марапатталдық. Медаль алғанымыз әлі күнгідей есімде. Қазіргі Есіл ауданының орталығы Явленка кенті жанындағы қалың ағаш ортасында үлкен жиын өтті. Оған бізді арбаға жегілген пар атпен көшіріміз Еркін деген кісі апарды. Неге шақырғанын ешкім жөнді білмейді. Ауылдан ұзап шыққанымызға мәзбіз. Жиналыс біткен соң еңбек озаттарының аттарын атап, бір-бірлеп шақырып, наградтау басталып кетті. Бір кезде «Сәкенова Нағима, Хамзина Қымбат қайда?»- деген дауысты естідік. Ағаш түбінде қуыршақ ойнап отыр едік, жүгіре жөнелдік. Дүйім жұрттың алдына шығуға ұялып барамыз. Бір жағынан, сенбей тұрмыз. Не керек, өңіміз түгіл түсімізге енбеген мемлекеттік медальді кеудеге тағып, мәре-сәре болдық. Қуанышымызда шек жоқ. Бір-бір шұлық пен сия қалам қосып берді.
Қиын-қыстау кезеңде сырттан келген жетім-жесірлерді қанатының астына алып, бір үзім нанды бөліп берген ақылды аталарымыз бен әжелеріміздің қамқорлығын ұмыту мүмкін емес. Бірқатарын өз қолдарымен үйлендіріп, ұзатып, еншісін беріп, жеке отау етіп шығарды. Соғыс жылдары барар жері, басар тауы болмаған Ефим деген жігіт Ақтасты паналады. Орысты бірінші көруім. Қайдан келгенін білмеймін, әйтеуір, көп жыл ұсталық құрды. Шаруақор, өз ісіне тиянақты еді. Көзі жұмылғаннан кейін кейбіреулер мұсылман зиратына жерлеуге қарсылық білдірсе керек. Сонда Кәкім молла: «Ол мұсылман болмаса да, Алла тағала адам баласын бірдей етіп жаратқан, бір-бірінен айырмасы жоқ», – деп шеткерілеу жерге қоюға рүқсат берген.
Есім атамыздың түсі суық, көзі өткір болғандықтан, шешелеріміз балаларға көзі тиеді деп аулақ жүретін. Әйелі Кәмәли қайтыс болып, Явленка жақтан Мәриям деген орыс келіншегін алып келді. Бір ауыз қазақша білмейтін ол кейін абысындарын сөзден, дәстүрден жаңылыстыратын болды. Соғыс кезінде тұрақтап қалғандардың бірі – өзіміздің Иван Герман. «Өзіміз» деп отырғаным – қатарласпыз, әзіліміз де, әңгімеміз де жарасатын. Иван шешесі Наталья екеуі қуғын-сүргінге ұшыраған туыстарынан ажырап қалып, бастары ауған жаққа қаңғып жүре берген. Ақыры Ақтасқа тап болған. Алғашқыда Біләл мен Бәтеннің үйінде тұрды. Сосын ауылдағылар кезекпе-кезек қондырып, тамақтандырып, туыстарындай күтті. Кәттай мен Шура (шын аты Зылиха) – Хадиша деп атап кеткен орыс әйелінің қыздары. Бірінші күйеуі – қазақ, қайтыс болған. Екі қызды жетектеген оны Кәкім молла үйіне түстендіріп. алдарына жылы-жұмсағын тосып, киіндірген. Сөйтсе, Жаңалық ауылынан шығып, жол бойы қайыр сұрап, аш-жалаңаш жеткен беті екен. Оларға асарлап, ескі моншаны жөндеп, үй тұрғызып берді. Жеңіл-желпі жұмысқа орналастырды. Хадишаны Өмеке деген кісіге қосты. Менің жолдасым Жәмет және басқалары Иванға «Сен Кәттайды ал, одан артық жар таппайсың», -деп құлағына құя берген соң «Сендердікі жөн, айтқандарыңа құлдық», – деп көне кеткен. Содан Кәттай Иванға қазақы салтпен ұзатылды. Қанша айтқанмен, зады неміс қой, Краснояр жақтан үй бұзып әкеліп, құтты шаңыраққа айналдырды. Шешесі Натальяны, қарындасы Лиданы қолдарына алды. Валера, Юра, Саша, Надя деген ұл-қыз сүйді. Бәрі де қазақша мектеп бітірді. Иван да ұсталықты өмірбақи кәсіп етті. Қолынана келмейтін ісі болмайтын. Ауылға көкөніс егуді үйретті. Мақалдап, мәтелдеп сөйлейтін. Гармонды құйқылжыта тартатын. Надясы «тек қазақ жігітіне тұрмысқа шығамын» деген мұратына жетті. Иванның шешесі Наталья да мұсылман зиратында мәңгілік дамылдап жатыр.
Замандастарымның қай-қайсысын алсақ та, биязы мінезі самал желдей есіп, иманы жүзінен төгіліп тұратын. Еңбектің жампозы еді-ау шетінен! Оларды ойласам, жүрегім езіледі. Ұлттық салт-дәстүріміздің, әдет-ғұрпымыздың қаймағы бұзылмаған біздің заман өзгеше еді. Сүттей ұйыған, ынтымақты бір қауым ел едік. Осы күнге жеткеніме шүкіршілік етемін. Қазіргі жастарға берер батам сол, Тәуелсіздігіміздің көк байрағын түсірмеңдер, желбірете беріңдер. Еліміздің іргесі берік болсын, шаңырағы шайқалмасын!
Қымбат КӘКІМКЕЛІНІ,
тыл еңбеккері.
_____________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
/ Қымбат Кәкімкеліні. Ерте есейткен уақыт. / Қ. Кәкімкеліні. // Солтүстік Қазақстан. – 6 мамыр. – № 51. – С 4. 2023 г.