Есіл ауданындағы Явленка ауылында Боранбай Әбішев атындағы көше бар. Алайда көпшілік оның кім екенін және елге қандай еңбегі сіңгенін біле бермейді. Ардагердің қызы Ғалия Әбішеваның айтуынша, әкесі соғысқа аттанғанда 17 жаста ғана екен. 1942 жылы бозбала бір жас қостырып алып, майданға сұранған. Ленинград майданында 1943 жылға дейін 221 атқыштар полкінде атқыш, кейін 1945 жылға дейін екінші Украина майданының 44 понтонды полкінің бөлімше командирі болды. 1945-1947 жылдары осы полктің 21-ші жеке батальонында борышын өтеді. 1947 жылы елге оралып, Хадиша есімді қызбен шаңырак көтеріп, сегіз баланы өмірге әкеледі.
— Бір ұлы өзі сияқты соғысты көрді, Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеді. Қазір сегіз баланың бесеуі жер басып жүрміз. Ал әкем зейнет демалысына шыққанға дейін ауыл шаруашылығында түрлі қызметтерді атқарды. Ол кезде баламыз, соғыс жайында қазбалап сұрамадық. «Қызыл Жұлдыз», III дәрежелі «Даңк», II дәрежелі Отан соғысы, «Ерлігі үшін» сынды он шақты орден-медалі болды. «Не үшін алдың?» деп сұрағанда да, «Соны қайтесің, балам» деп айтпайтын. Қарапайым кісі еді, көп сөйлемейтін. Зейнет демалысына шыққаннан кейін 3-4 айдан соң дүниеден өтті, – дейді ардагердің қызы.
Әкелерінің ерлік істері туралы отбасы тек он жыл бұрын ғана ойда-жоқта білген. 2015 жылы жеңістің 70 жылдығы қарсаңында қызы Ғалияға облыстық қорғаныс істері департаментінен хабарласып, «Әкеңіз Ленинград маңында болған соғыстағы ерлігі үшін «За оборону Ленинграда» медалімен наградталған. Алайда ол берілмей қалған» дейді. Бұл жаңалық майдангердің есімін ұлықтауға түрткі болды. Ұрпақтары аталарының ерлігін растайтын құжатты Ресейдің Подольскідегі қорғаныс министрлігінің архивінен табады. Кейін Есіл ауданының орталығындағы бір көшеге Боранбай Әбішевтің есімі беріледі.
– Үйде жауынгерлік досы Шишановпен түскен фотосы бар (суретте). Жаңағы досы бір аптадан кейін снарядтың жарықшағынан көз алдында қаза тапқан екен. «Өзім жерледім» деп айтқаны есімде. Ал анамның айтуынша, әкемнің жанында жарылған снаряд оны топырақпен көміп тастайды. Қасындағылар өлген шығар деп, қазып алуға асықпаған. Бірақ әкем бойшаң, қолы қарулы жігіт еді. Топырақ астынан өзі шыкқан екен. Әлі есімде, арқасында тыртық болатын, бала кезімізде үстіне мініп, шұқылап ойнаушы едік, – дейді Ғалия Әбішева.
Ал «Қызыл Жұлдыз» орденімен бір түнде жалғыз өзі суда тұрып, 50 минаны залалсыздандырғаны үшін наградталған екен. Құжатта оқиғаның 12 қыркүйекте болғаны жазылған. Псков және Чудское көлдерін қосатын бұғазда салынып жатқан айлақты фашистер жоғарыдан бомбалап кетеді. Боранбай Әбішев түні бойы демалмастан суық суда тұрып, жолды миналардан тазартқан.
Жеңістің 80 жылдығына орай туған-туыстары Боранбай Әбішевтің бірнеше фотосын облыстық тарихи-өлкетану музейіне сыйлады. Майдан даласынан сыр шертетін фотолар көрмеге қойылған.
Ақерке Дәуренбекқызы. Бір түнде елу минаны залалсыздандырған // Солтүстік Қазақстан.- 2025.- 9 мамыр.- 2 б.