Сабит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада ақын, журналист Қошқарбай Жұматаевтың «Жұлдызды жылдар жарығы» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Қошқарбай Жұматаев 1952 жылдың 2 шілдесінде Шал ақын ауданындағы Кеңес ауылында дүниеге келген. 1974 жылы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін аяқтады. Өмірінің әр жылдарында Павлодар, Жезқазған облыстық газеттерінде және «Қазақтелефильм» киностудиясында еңбек етті. Жоғары оку орнында есімдері елге белгілі Тұрсын Жұртбай. Жүрсін Ерман, Жанболат Аупбаев, Намазалы Омашев, Дәмір Әбішевтермен бірге оқыған Қошқарбай Тойжанұлы 1991 жылы тұңғыш жыр жинағын шығаруға ниет-теніпті. Алайда белгісіз себептермен кітап баспа бетін көрмеген. «Soltustik Qazaqstan» газеті ұжымынан құралған шығармашылық топ ақынның басылым беттерінде жарияланған, жары Нина Нұртасқызының жеке архивінде сақталған өлеңдерін топтастырған. Жаңа кітаптың тұсауын жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменов, облысымыздың құрметті азаматтары Серікбай Құсайынов пен Тілек Әбдірахманов кесті.
Қошқарбай Жұматаев еңбек жолын «Ленин туы» газетінде бастады. Өте ақжарқын, кішіпейіл болатын. Адал, сенгіш, аздаған асаулығы да бар еді. Әр сәтті өлеңге айналдырып, отырыстын сәнін кіргізіп отыратын, -деп сөз сабақтәған Жарасбай Сүлейменов әріптесінің өзіне арнаған бірнеше өлеңін оқып берді.
Ақынның көзін көрген Әлім Төлебаев, өлкетанушы Дәстен Баймұқанов, журналист Қошан Қали, қоғам белсендісі Қайрат Дүйсенбі есте жүрген ескірмейтін естеліктерімен бөлісті. Өлең жазумен Шал ақын ауданындағы бұрынғы Ленин орта мектебінің 5-сыныбында оқып жүрген кезінен бастап айналысқан таланттың артында қалған еңбектерін жарыққа шығарған редакция ұжымына алғысын білдіріп, ризашылықтарын жеткізді. Ақынның жырларын оқыған №1 гимназияның оқушылары да көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Қошқарбай қолына қалам мен қағаз алса, уақытқа да қарамайтын. Ол дүниеден өткелі біраз уақыт өтті. Бірақ әлі де ел есінде жүргендігі қуантады. Халқының есінде талантты, өз қызметін абыроймен атқарған жан ретінде қалды. Жұмыс үстеліне зор махаббатпен отырушы еді. Өте көп жазды. Өз мамандығын шексіз сүйді, – деді ақынның жары Нина Жұматаева.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltustik Qazaqstan».
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.
Құскенов С. Ақынның жыр-ғұмыры // Солтүстік Қазақстан.2024.-5 желтоқсан.-12 б.