9 монография, 242 ғылыми еңбек жазып, жүзден артық ғылыми жаңалығына авторлық құқық алған атақты ғалым Евней Бөкетовтің туғанына биыл 100 жыл толды. Ғұлама ғалым, химик-металлург, прозашы, сыншы, аудармашы сынды сан өнерді бір бойына тоғыстырған ардақты тұлғаның артына қалдырған мұрасы орасан.
Евней Арыстанұлының жазушылық, сыншылық өнері — қазақ ауыз әдебиетіне, оның тіліне деген риясыз жанашырлығынан туған қасиет. Ардақты тұлғаның «Атаң қомында туған ұл» деп аталатын кітабын оқымаған адам кемде-кем. Әдеби туынды халқымыздың дара перзенті, екі мәрте С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін (бұрынғы АГМИ) басқарып, сонша рет Денсаулық сақтау министрі болған айтулы эпидемиолог-ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик Ишанбай Қарағұловқа арналған. Одан өзге ғалымның қазақ халқының адал перзенттерін, заңғар жазушыларын, дүлдүл ақындарын елге танытқан туындылары аз емес.

Біз «ұлылыққа — жылылық, кемшілікке — кеңшілік» жасаған көргенді халықпыз. Тау қопарар толағай жұмыстарды нәтижелі атқару — өз ұлтын ерекше сүйген дара дарын иелеріне ғана тән қасиет. Қазақ үкіметін 14 жыл басқарған (1970 жылғы наурыздан 1984 жылғы наурызға дейін) көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, ардагер – Бәйкен Әшімовтің «Ел сенімі — ең қымбатың» атты кітабында ұлт руханиятының жандануына үлес қосқан ұлт қайраткері – Нұртас Оңдасынов жөнінде, оның аяулы қарындасы Зүбайра апамыздың асыл жары болған Евней Арыстанұлы Бөкетов туралы тың ойлар, тұшымды оқиғалар айшықты баяндалады.
Евней Бөкетов өзі еңбек еткен академияда ғылымның марқасқаларымен иық тірестіріп орасан зор ғылыми жаңалықтар ашты. Өз саласындағы тәжірибесі толағай мамандардан жоғары баға алған ол небір жала мен сынға тап болып, қуғын-сүргін көрсе де, барлығын сабырмен жеңген ғылымның шын сардары атанды. Білімі артып бара жатса, еңбегіне қарай құрметке, елдің ыстық-ықыласына бөлене бастаса, аяқтан шалуды, кұрдымға кетіруді ойлайтындар арамызда жоқ емес. Осындай тар кезең соқтықпалы, соқлақсыз жолдардан аман-сау өткен Евней Бөкетов еліміз қадір тұтқан дана да дара тұлға болғаны рас.
«Евней — жас кезінен екі тілді жетік білген, алдына қойған мақсатына жетуді көздейтін сөз бен істің адамы. «Абай жолы» Евнейдің сүйікті кітабы болды, ғалым-жазушы Мұхтар Әуезовті барлық әдебиетші қауымның ағасы ғана емес, ұстазы деп таныды. Академик Бөкетовтің шығармашылығында сирек кездесетін металл-селенге деген махаббаты өлеңге деген махаббатымен пара-пар, оның біртұтас тұлғасының құпиясы дәл осында еді.»
«Ғылымды, ақылды сактайтұғын мінездеген сауыт болады», -депті кемеңгер Абай атамыз өзінің 32-ші қара сөзінде. Ғұлама ғалымның өзімен қызметтес замандастарының айтуына, жазған естелік мемуарларына қарағанда, Е.А.Бөкетов халқымыздың фольклоры саналатын әуезді әндерін, күмбір-күмбір күйлерін нақышына келтіре орындап, домбыра шертіп ән салғанда таңырқап құмартпайтын жан кемде-кем болған көрінеді. Талантта тұсау болмайды. Таусылмайтын кен Жер-анамыздың кеудесінде болса, әсем ән, жыр мен күй-ойшыл елдің көкірек көзінде, ал ғылым, білім ғұлама ғалымдар жүрегінде жатса керек.
Ғалым 1958 жылы ашылған Қарағанды химия-металлургия институтының басшысы болды. Айтулы оқу орнының тізгінін ұстай жүріп жүздеген дарынды жасты ғылымға баулығанының өзі халқымыздың кемел келешегін ойлағандығынан екені дау тудыра қоймас. Жаратылыстану ғылымдарының үлкен бір саласы электрлі химияның рөлін, сонымен қатар, оның өндіріс орындарында орасан зор маңызы терең екенін болжап, бағалай білген ол осы бағытты тереңнен зерттеуді мұрат тұтқан шәкірттер шоғырын тәрбиелеп шығарды. Олардың қатарында екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҰҒА-ның академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдірәсіл Жәрменов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҰҒА-ның академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, Ж.Әбішев атындағы химия-металлургия институтының директоры Сайлаубай Байсанов сынды ғалымдар бар. Сонымен қатар өздеріне ғылыми жетекшілік етпесе де, ұстаз тұтып қадірлейтін Қарағанды қаласында тұратын бір топ ғалымдар заманында бір мекемеде ғылыми жұмыстар атқарып, тәлім-тәрбиесін алған ғылым докторлары, профессор, академиктер: Болат Қасенов, Бораш Төлеуов, Арыстан Ғазалиев, Серғазы Әдекеновтерді атамау мүмкін емес. Е.Бөкетовтің көптеген ғалым шәкірттері еліміздің жан-жақты өсіп-өркендеуіне ұлттық ғылымымыздың айтарлықтай дамуына үлес қосып, алыс-жақын шет елдерде үздіксіз қызмет атқаруда. Барлық ізбасар шәкірттерін, даярлаған кадрларын өз баласы секілді жаныңдай жақсы көрген өнегесі мол атамыздың ғылымдағы салған сара жолын ұстазын құрметтеген, аманатқа адал бүкіл шәкірттері бір дақ түсірмей жалғастырып келеді.
Академиктің негізгі деген ғылыми бағыты химия мен металлургия, яғни тау-кен өндірісі еді. Мәселен, халькогендер мен халькогенидтердің химиясы мен технологиясы, түсті және сирек металдардың гидрометаллургиясы, мыстың, халькогендердің және халькогенидтердің электрохимиясы, фосфорлы шикізаттарды өндеу, Орталық Қазақстанның марганец кендерін өндеу және марганец шлактарын физика-химиялық зерттеу, мышьяк және оның қосылыстарының химиясы мен металлургиясы, түсті металлургиядағы сорбциялық-экстракциялық үдерістер жөнінде ғылыми еңбектер жазды. Бұлардың дені өндіріс тәжірибесіне еніп, кәдеге жарады.
Химиялық-металлургия институтында ол ғалымдардың игілігіне түрлі-түсті, сирек және бытыраңқы металлдар зертханасын ашты. Өзі сонда жетекшілік еткен тұста молибден, вольфрам, селен және теллур элементтері бойынша көптеген зерттеуін жүргізді. 1965 жылы шахта пештерінде түйіршіктелген концентраттарды күшейткіш күйдіруден өткізу үрдісін алғаш енгізгенін де ел ұмыта қоймаған. Осы бір таудай еңбегі еленіп, 1969 жылы Евней Арыстанұлы КСР Мемлекеттік сыйлығын иеленген еді.
Евней Бөкетовтің өмірі мен шығармашылығы туралы өндірте жазган қаламгерлердің бірі – Медеу Сәрсеке. «Бұған дейін анда-санда, кейде ұзақ уақыт үзіліс жасап әдебиет әлеміне сирек қатысып жүрген ғалым ғұмырының соңғы он бес жылында (1969-1983 жылдар) көңілі хош көрген тақырыпқа жиірек қалам сілтеген. Биобиблиофафиялық көрсеткішінде нақты аталған жарияланымы – 40, бұлардың ішінде жұртшылыққа мәлім кітаптары, эссе жазбалары да бар. Осы қарсаңда ол әлеумет жұмысына белсене қатысып, жергілікті газет пен облыстық телерадио редакцияларының тапсырмалары бойынша да әрқилы мақала жазып, арнайы сұхбаттарды жүргізуші болғаны мәлім. Ресей мен Қазақстанның тележурналистері бірлесіп дайындаған, Қарағанды мен Екібастұз көмір ошағының күш-қуатын, тарихы мен металлургия өндірісінің осы өңірде қалыптасуын, дамуын сөз ететін «Омбы шәрінен түстікке таман» атты деректі телефильмнің авторы да, жүргізушісі де Евней Бөкетов болғанын бүгінде көпшілік жұрт жете білмейді», — депті қаламгер бір мақаласында.
Ғалымның өзі үзбей шұғылданған химия ілімінің көкейкесті мәселелеріне арналған ғылыми еңбектері қаншама! Оның үстіне қаншама аспиранттар мен докторанттарға ғылыми жетекшілік етті. Қаншама ғылыми атақ қорғаушыларға ресми оппонент болды. Профессор һәм әдебиетші химия және филология факультеттері студенттерінің диплом жұмысына жетекшілік етуден де бас тартпаған. Ғылыми ірі ізденістермен тұрақты шұғылданып әрі ҚарМУ сиякты неше мың адамнан құралған үлкен ұжымды басқаратын ғалым әдеби шығармашылықпен айналысуға уақытты қалай тапқан деп таңғаласың.
1990 жылдары ашқан ғаламат ғылыми жаңалығы үшін Америка ғалымдары аспандағы жаңадан табылған жұлдызға «Бөкетов-Баешов жұлдызы» деген атау берген. Елдігіміздің абыройы ұстаз бен шәкірт сабақтастығының айқын көрінісі «Бөкетов-Баешов» ғылыми әдісі болып, жер жүзінің тарихына таңбаланған қыруар ғылыми жаңалықтың құндылығы күн өткен сайын жарқырап, жаңара беретіні, жас ғалымдарға бағыт-бағдар, ұрпаққа серпіліс жасап, серпін беретіні ақиқат. Еліміздің және әлемдік ғалым Е.А.Бөкетовтің ғылым жолы, ғылыми майданда өз тұрғыластарынан қара үзіп алға шыққаны, оның тумысынан зеректігі, ізденімпаздығы мен адал еңбексүйгіштігі де болғаны баршамызға үлгі болуы керек.
Француз елінің әйгілі жазушысы, әлемдік қайраткер Виктор Гюго: «Тұлғалар тұғырын өзі жасайды, ескерткішін туған елі қояды», – депті. Туған жері -Қызылжардағы өзгеден өзгерек жаратылған бітім болмысымен, таза, адал еңбегімен халқымыздың атақ-абыройын, даңқын әлемге кеңінен жайған дарабоз ғалымның ескерткішіне тәу етушілер көп. Қазақ ғылымының тарихында ғылыми өшпейтін мұра қалдырған, тау секілді алыстаған сайын асқақтайтын, оқыған-тоқығаны аз емес, терең ойлы, өткір тілді, ақиқатшыл ғалым Евней Бөкетовтің естен кетпес ерек есімін туған елі ешқашан ұмытпайды.
Ғани Смаханұлы. Академик Арыстанұлы // Солтүстік Қазақстан.- 2025.- 18 шілде.- 6 б.