Осы бір қилы кезеңде – 1924 жылдан дайындалған «Табалдырық» манифесі қолжазба күйінде Мәскеуде оқып жүрген студент жастар мен қазақ зиялыларының арасына жедел таралып, таластар мен ұсыныстар да көбейеді. Ондағы тұжырымында М.Жұмабаев қазақ-совет әдебиетінің негізін жасаушылар, алдымен қазақ әдебиетінің ұлттық ерекшелігін ескеруі керек деген батыл ұсынысын былай білдіреді: «…пролетариатпен қол ұстасып, жаңа дүниеге бет алған жолымызда, өзіміздің шығыстығымыз, қазақ иісіміз шықпауы мүмкін емес… Бағыттың бір екені даусыз болғанымен, пролетариаттың өз тарихының, машинасының қайыс камзолының иісі шықпауы, қазақтың мың жылдық тарихының, елтірі тымағының иісі шықпауы мүмкін емес» дей келіп, қазақ ақын-жазушыларын екі тапқа беліп бірімен-бірін қақтығысқа апаруға қарсылық білдіреді.
Сондай-ақ іргесі енді ғана қаланып жатқан Жазушылар одағының алдындағы міндет — партияның түрлі тапсырмалары мен қарарларын іске асыра отырып, көркем шығармалар тек партияның тапсырмасымен ғана жазылуға тиіс екендігіне қарсылығын былай білдіреді: «Саясатшыл адамзаттың алдындағы бүгінгі мәселе, бірінші тұрмыс мәселесі тұратын болса, ақынның алдында өткен, бүгін, келешек — үшеуі де тұруға тиіс. Осы үшеуінің арасына көпір салуға міндетті. Қазақ ақыны мен пролетариат ақынының арасында бірталай айырма бар. Пролетариат ақыны төңкерісті өзі жасаған, өзі қиратып, өзі құрып жатқан төңкерісті, өзінің тарихы тудырған. Европа тарихының машина дәуірі тудырған ойы, сезімі — завод, фабрикке байланған таптың ақыны. Қазақ ақынының тарихы бөлек, тұрмысы бөлек, рухы бөлек. Төңкеріске жолдан қосылған. Сондықтан екеуінің ақындығының мінезі бір болуы мүмкін емес. Бірақ негізі бір болуға тиіс».
Мағжанның өткір айтылған осы көзқарасымен келісер болсақ қазақ ақындарының шығу тегі бір. Мал бағып, малды ауылда өскен. Кәсібі біреу. Ендеше оларға тарих та ортақ. Жыр мен ән де ортақ. Өнер мен күй де ортақ. Одан қандай тап көрінбек. Жеріне шабуылдаған жаулардан да бірігіп қорғанған. Ел бастаған хандар мен би, батырлары да ортақ. Олай болса қазақ әдебиетінің тарихын бөлшектеуге келмейді деген ойын ашық айтқан. Осыдан-ақ Мағжанның неге тарихи аңыздар мен мифтерді, Абылай хан мен Баян батыр, Кенесары мен Сыздық сұлтан, Қойлыбайдың қобызы, Қорқыт туралы аңыздарды поэмаларының сюжетіне арқау еткенін түсінеміз. Өзі айтқандай болашақ ұрпақ пен араға көпір салған. Елінің ерлікке толы өткен қанды жорығын жырлап, жас ұрпақтың ұлттық сезімін оятып, елінің болашағына деген сенімін нығайтқан. Ұлтының ұлттық құндылықтарына деген құрметін оятқан. Сол арқылы тәуелсіз мемлекет болатындықтарына деген сенімін нығайтқан. Ресейдің құрамынан бөлініп кетсек мемлекет бола алмаймыз деп жанталаса қарсыласқандарға да тойтарыс берген. Пролетариат әдебиетінің аясында ел тарихы мен салт-дәстүрі, наным-сенімдері, ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан ауыз әдебиетінің түрлі жанрлары мен тарихы соцреализм дәстүрінің аясында тұншығып қалмасын деген ниетпен, ұлт жазушыларының шығармашылық ұстанымдарын белгілеп берген.
Міне, күні бүгінге дейін біреулердің үрейін алатын Мағжанның «ұлтшылдығының» ақиқаты осындай еді. Ақын қазақ тарихын тек төңкерістің кіндігіне байлап тастауға қарсы болды. Жұмысшы мен шаруаның жайынан басқаны жазуға тыйым салып, ақын-жазушылардың ой еркіндігін тізгіндеуге келіспеді. Әдебиет пен өнердегі такырыптық шектеулерге қарсы болды. Ұлттық өнер мен күй аңыздар да әдебиеттің өзегіне айналуы керек дегенді батыл айтты. «Әдебиет домбырасыңда бір ғана ішек болмай, көп ішек болуы керек. Бірақ барлық ішекті басқанда бір ғана күй шығатын болсын», — деген талап қойған.
Мағжан жасаған қазақ әдебиетінің осы бағыт-бағдары, пошта арқылы қолжазба күйінде «Ақжол», «Қазақ тілі», «Еңбекші қазақ» газеттеріне талқылауға жіберіледі. «Табалдырық» манифесінің негізінде «Алқа» атты әдеби ұйым құруды ойластырған идеясын Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш зиялыларының бәрі дерлік қолдайды. Бағдарламамен танысқан Ілияс Жансүгіров оған өз тарапынан ұсыныс пікірлерін қосқан. Мәскеуде өзі сабақ беріп жүрген Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетіндегі (КУТВ), Мемлекеттік журналистика институтындағы (ГИЖ) студенттер арасында да талқыланған. Бұдан жасырын таратылған бағдарламаны Мұхтар Әуезов тергеушілерге өзі тапсырған екен деп айтылып жүрген өсектердің бәрі жалған екендігі дәлелденеді. Бағдарлама жасырын емес, жұртқа ашық жария түрде таратылған.
«Табалдырық» бағдарламасындағы айтылған осы әдеби ұстаным 1929 жылы маусымда тұтқындалып, 10 жылға сотталғанда, одан 1936 жылы маусымда оралып, 1937 жылдың 30 желтоқсанында қайта тұтқындалып, 1938 жылдың 6 қаңтарында өлім жазасына кесілер алдыңда тергеушіге берген жауабына да тіркелген екен. Осы екі тұтқындалуда да «Табалдырық» бағдарламасының жобасы туралы жауап алынады. Соцреализм дәстүрін толыктыруға ұсынған пікірінен партияға қарсылык, ұлтшылдық бағыт ізделеді. Ендеше бұл бағдарлама «ұлтшыл» атануының негізгі себепкері болған. Қазақ әдебиетінің ұлттық бағыт бағдарын көрсетіп берген пікіріне қарсы ұйымдастырылған тәсіл. Сталиннің нұсқауымен жазылып жаткан, соцреализм дәстүрінін олқы тұстарын көрсетіп, оны қалай толықтыру керектігіне кеңес бергені үшін шамырқана шамданған, менменшіл өктем биліктің қаһарына ұшыраған. Жапонияның тыңшысы деген жалған жаланың астарлы сыры да осыған жетелейді.
Сондай-ақ 1937 жылғы тергеу кезінде де алаштықтардан «Табалдырық» бағдарламасы төңірегінде пікірлері сұралыпты. Олар бір ауыздан Мағжан Жұмабаевтың әдсби ұстанымы ұлтшылдық бағытта жазылмағандығын, керісінше социалистік реализм дәстүрін толықтыру мақсатында жазылған ұсыныс екендігін дәлелдей келіп: «Қазақ ұлтшылдығы өзге ұлт өкілдеріне өз үстемдіктерін көрсетіп, бағындыруды көксеген, шегіне жеткен озбыр ұлтшылдық емес. Ең алдымен қазақ ұлтының өз басын, ұлттық тұтастығын, мәдениеті мен әдебиеті, тарихы мен салт-дәстүрін және жерін сақтап қалу үшін болған күрес. Қазақ әдебиеті жаңа заманда қандай мазмұн, бағытта дамуы керектігін көрсетіп берген бағдарлама. Социалистік реализм дәстүрін бетке ұстап, өршелене ұмтылған өктем биліктен өзін сақтап қалуға тырысқан жансауға. Егер мүмкіндік болса тендік алуға ұмтылған «тіленші» ұлтшылдық», — деп атап көрсеткен екен.
Мағжан Жұмабаев: «Социалистік реализм қазақ жазушыларына сырттан күшпен телініп отырған әдеби әдіс. Онда қазақ қоғамының ішкі даму ерекшелігі ескерілмеген. Тек партияның билігіне ғана бейімделгендіктен, қазақ халқының ішкі сұраныстарына жауап бере алмайды», — дей отырып, «Табалдырық» платформасының негізінде «Алқа» атты әдеби ұйым құрып, қазақ жазушыларының бағыт бағдарын, шығармашылық ұстанымын, айқындап бермек болады. Өкінішке қарай, кеңестік билік оның жолын кесе отырып, Сталин қол қойған социалистік реализм дәстүрін қалыптастырған. Мағжанның ұсыныс-талаптары талқан болып, Қазақстан жазушыларының шығармашылық ұстанымы болуға тиіс — «Табалдырық» манифесінің барлық таралымы жойылады. Ал өзі 1929 жылы маусымда тұткындалады.
Таңданарлық қызықты жағдай — 10 жылға сотталған Мағжанның үш жылын қысқартып, 1936 жылы түрмеден ертерек шығуына жәрдем еткен Максим Горький 1934 жылы Кеңес Одағы Жазушыларының бірінші съезінде сөйлеген сөзінде: «Тек орыс әдебиетінің ғана күш құдіретін насихаттай бермей, өзге ұлттардың да тарихын түгендеп өзіндік ерекшелігі көрінетіндей ұлттар әдебиетінің түрлі жанрдағы шығармалар жазуына мүмкіндік берейік», – деп жазушылар уставымен бекітеді. М.Горькийдің бұл пікірінің астарынан екі ұшты ой көрінеді. Біріншіден, ежелден кең тамырлы орыс әдебиеті енді ғана талпына бастаған уақ ұлттардың әдебиетімен бір деңгейде емес, одан жоғары. Сондықтан екеуін қатар қойғысы келмейді. Тіпті тақырыбы мен мазмұны да ерекше, енді дами бастаған ұлттар әдебиетінің айтары да бөлек. Сондықтан да оларды өзғеше сөйлету керекдс-генге саяды. Өкінішке карай, М.Горькийдің бұл пікірін қазақ ақыны сонау 1924 жылғы манифесінде былайша жазып берген еді: «Қожалық құрған, билеп төстеген, үстем ұлттың әдебиеті мен төменшік, әлсіз, езілген, бодан үлттың әдебиеті бір болмайды. Кдзақ әдебиетінің ұлы орыс әдебиетінен айырмасы бар, һәм болмақ… Өмірлік негіздің бірден шайқалып жоқ болмайтындығы сияқты. Әдебиеттегі ұлтшылдық сезімнің де тез заманда қала қоюы мүмкін емес».
Мағжан «ұлтшылдық» деп ұлт әдебиетінің ерекшелігін, тарихын, салт-дәстүрі мен мәдениетінің өзгешелігін, басына қатер төнсе бойын тіктеп алар патриоттық рухын да ескертіп отыр. Максим Горькийдін пікірі де осыған ойысып тұр ғой. Ал Мағжанның сонау 1924 жылы жалынып сұраған «Табалдырық» манифесіндегі тілегі — 1934 жылғы жазушылардың съезінен кейін М.Горькийдің басшылығымен былайша іске асқан екен. Социалистік реализм дәстүріндегі басты қажеттілік ретінде суреткерлердің шығармашылық бейіміне, форма мен жанр, стилдік таңдау ерекшеліктеріне еркіндік беріледі. Ұмытыла бастаған әдебиет пен өнердегі, өмірдегі салт-дәстүрлер қайта жаңарады. Әр ұлттың тарихи даму ерекшеліктері ескеріледі. Сол негіздегі жаңа шығармалар жазылып, ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлер, кеңес әдебиетінің бас қаһармандарына айналады. Жаңадан жазылатын көркем туындыларда ежелгі көне әдебиетке тән теңеулер мен бояулар жаңа мазмұнды суреттеулерге айналып, кеңес әдебиетінің әрін келтіреді.
Жазушылардың тілдік қолданыстарында, халықтың сан ғасырлық тәжірибесінен өткен даналық (шешендік) сөздер ескерілсін деген ұсыныстар да қолдау табады. Тарих төрінде халық мүддесі үшін күрескен, елі мен жерін сақтап қалу үшін жанын пида еткен ерлердің жаңа образдары жасалады. Тарихи көркем шығармаларда жазыла бастаған жеке қаһармандардың өршіл әрекеті бұқараның тілектерімен үйлесімділік тауып, көркемдікпен баяндалсын деген талаптар іске асады. Міне, осының барлығы да «Табалдырық» бағдарламасының тезисінде бар еді. Оның «Табалдырық» атануының өзі ұлттық дәстүрге негізделген. Қазақ ежелден-ақ алты қанат ақ үйдің төріне өтерде алдымен қасиетті табалдырықты аттап өтіп, төрге шығады. Ендеше бұл «Табалдырық» та енді ғана іргесі қаланып жатқан, болашақта жазылар қазақтың көлкөсір әдебиетіне апарар жолы, ашылар есігі еді. Мағжан Жұмабаев соны бейнелеген. Бұл — сол уақыттағы қазақ әдебиетінің өкілдері қандай бағытта қалам тартуы керектігін ойластырып, соцреализм дәстүрін жасаушыларға өз пікірін ұсынған, биікке қанат қағар балапан әдебиеттің бағдары еді. Оның қалай болу керектігін «Алқа» бағдарламасында даярлап, әдеби ұйым кұруға кіріскен еді. Бірақ оған мүмкіндік берілмеді. Керісінше оның қолжазбасын талқылауға араласқан қазақ газеттері жабылып, оған қолдау білдіргендер тұтқындалып, небәрі 44 жасында қыршынынан қиылды.
Уақ ұлттар әдебиетін дамытайық деп М.Горькийдің съезде жасаған ұсынысынан кейін Қазақстанның арғыбергі дәуірінің тарихи шындығы түрлі жанрлардан көрініп, қазақ әдебиетінің орасан зор байлығы жарқырады. Ендеше бұл да о дүниелік болған Мағжан Жұмабаевтың 1925 жылы талабын орындата алмай тұншығып, «ұлтшыл» атанып жалына, қамыға, зарыға алақан жайып сұраған «тіленші» тілегінің, орындалған арманының бірі еді.
Бақытқамал Қанарбаева. Мағжан – «тіленші» ақын // Солтүстік Қазақстан.- 2025.- 10 маусым.- 7 б.
