Ұлт баспасөзі тарихын зерделеп-зерттеген профессор Қайыржан Бекхожин әу баста «Бостандық туы» газеті «Кедей сөзі» деген атпен 1920 жылдың ақпанында Омбы шаһарында түлеп ұшты деп жазады. 2-ші нөміріндегі бас мақала «Теңдік» деп аталған-ды («Қазақтың үстіндегі қара тұман айығып, жадырап жарқын күн туады. Кемдік кетіп, теңдік жетеді. Құл емес, ұл боламыз» дейтін ұран сөздер бар). Сонымен қатар Баймағамбет Ізтөлиннің «Сен де алдың бостандықты, қазақ халқы!» дейтін отты жыры басылған.
1921 жылдың 19 наурызында «Бостандық туы» Қызылжарда шыға бастады. Бас мақаланың қақ төбесінде киіз үйдің суреті және мандайшасына айқастыра екі ту тігілген. Сонан соң пролетарлық интернационализмнің ұраны таңбаланған. Бұл нөмірде Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл ерлер» өлеңі жарияланған.

«Бостандық туы» газетінде Сабыр Айтқожин, Сәбит Мұқанов, Мәжит Дәулетбаев, Жақан Сыздықов, Сейітжан Омаров, Жұмағали Саин, Асқар Тоқмағамбетов, Шахмет Құсайынов, Ғалым Малдыбаев сияқты қайраткерлер қызмет етті. Сәбит Мұқановтың көрсетуінше, Мағжан Жұмабаев 1919 жылдың қыс ортасынан бастап Қызылжарда шығатын «Бостандық туы» газетіне жауапты редактор болды. Бұл қызметті ол 1929 жылдың күзіне шейін атқарды.
Мағжанның өзі «1917 жылы Омбы мұғалімдер семинариясын бітірген соң, облыстық қазақ комитетінде, сонан соң Петропавлда екі жылдық мұғалімдер курсында жетекшілік жасадым (1922 жылдың 15 қыркүйегінде «Педагогика» еңбегін тамамдаған), сонсоң «Бостандық туы» газетіне редактор етіп тағайындады, 1923 жылы Ташкент қаласында оқытушылықпен шұғылдандым әрі Қазақ ғылым комиссиясының мүшесі ретінде қызмет еттім, 1925-1927 жылдарда Мәскеуде көркем әдебиет институтында оқыдым, 1927-1928 оқу жылында Петропавл педагогика техникумында орыс-қазақ тілдерінен сабақ бердім», — дейді.
Ғұн заманының, Түрік өркениетінің, Тұран елінің, Алаш жұртының жалынды жыршысы Мағжанның «Бірінші Май мейрамы» дейтін көсемсөзі «Бостандық туы» газетінде (1921 жыл, 1 май, №4) жарияланған. «Жәжеке» деп қол қойған. Ол билерше, көсемше толғанып: «Қазақ елі адамзат тұрмысында өз бетімен жол салу дәрежесі әлі жеткен жоқ. Үміт — келешекте» деп қазақтың ел болуын, бағы, абыройы артықшылықтарға ие болуын, өркен жаюын армандайды.
Заманнан озып туған көреген кемел білім иесі Мағжан өз қоғамының саяси ахуалын, ел басқару мәнісін тамыршыдай танитын, ақыл таразысымен салмақтап саралайтын сыншы да. Бұған «Екіден бір» («Бостандық туы», 1921 жыл, 3 апрелъ, №2), «Сайлау» («Бостандық туы», 1921 жыл, №13) дейтін мақалалары айғақ.
Мағжанның көшбасшылық ұлы идеяларының бел омыртқасы ұлт тағдыры (тілі, әдебиеті, тарихы). Бұл орайда «Кедей сөзі» газетінің 1921 жылғы 12 ақпанындағы нөміріндегі «Автономия кімдікі?» дейтін әлеуметтік-тарихи сипаты бөлекше мақаласында: «Россия төңкерісінің тау-тау толқындары тарих теңізінің қараңғы түкпірінен Алаш елінің алдына бағасыз асыл зат шығарып тастайды. Бұл — Қазақ Республикасы енді қазақтың қыбырлаған оқиғаны белсеніп іске кіріссе керек еді», – деп шарболатша шамырқанып, дауылпаздай дауыстап бастайды да, «Алаш азаматында» дағдарысты күй бар, «Жолың мынау» деп, жөңкілтіп, елді бастап кеткен кісі болмады» деп өкінеді. Сөйтеді де, қайтадан жалындап, «Автономия — Қазақтікі! Айлы, күнді, отты тарихы бар, кең, бай, терең тілі, әдебиеті бар, басқаларға үйлеспейтін тұрмысы, шаруасы бар Қазақтікі!
Шөл далада жаратылыстан жапа көрген, алдындағы малымен бірге жусап, бірге өскен, тыныштық көрмей күңірене күш тартқан, мал баққан Қазақтікі!
Жүз жылдар орыс ақсүйектері, байларының тепкісінде елдігін ұмытпаған Алаштікі!
Аязды күні айналған, бұлтты күні толғанған, құрығын найзадай таянған, қу толағай жастанған, Ер қазақгың автономиясы, бұл!»
Оның «Бостандық туының» 1921 жылғы №5 санындағы «Жазылашақ оқу құралдары һәм мектебіміз» деген мақаласында ұлт мектебі мен оқу құралдары жайында терең, сара пікірлер өрбітіледі. «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізге құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, сау, берік һәм өз жанымызға (қазақ жанына) қабысатын, үйлесетін негізге құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады», — деп парасатты пайымдаулар жасайды.
Жинақтай айтқанда, «Бостандық туы» газетінде Алаш елінің мұраты (ата жұрты, ата тілі, ата кәсібі, ата дәстүрі, ата діні хақында) турасында қадау-қадау қағидалы асыл ой-тұжырымдар ұсынылған.
Серік Негимов. «Бостандық туы» және Мағжан // Солтүстік Қазақстан.- 2025.- 16 желтоқсан.- 3 б.
