Алаш қайраткерлерінің осыдан бір ғасыр бұрын атқарған істері қазір өз жемісін беріп жатқандай, ал айтқан сөздері әлі өзектілігін жойған жоқ. Мәселен, сол кезде Омбыда оқып жүрген Смағұл Сәдуақасұлының ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру туралы идеясы қазір ауылдарды сақтап қалудың бір жолы ретінде ұсынылуда. Жаңа әрі әділетті Қазақстан құрып жатқан біздің билік Алаштың арда ұлының ескі мен жаңа туралы жазған мақаласына бір назар салса артық болмас еді. Оқырман назарына биыл туғанына 125 жыл толған Смағұл Сәдуақасұлының «Жас азамат», «Лениншіл жас» газеттеріне шыққан бірнеше мақаласын алаштанушы ғалым, профессор Зарқын Тайшыбай ықшамдап ұсынып отыр.
ҚАЗІРГІ ДӘУІР – ІС ДӘУІРІ
Қазақстан өңірінде жастардың міндеті өте-мөте зор екенін дәлелдеп қажеті жоқ. Жастар төңкеріс заманының қазанында қайнап өсті. Жастардың мектебі алысқан, тартысқан тұрмыс болды. Бұрын кітапта айтылатын нәрселердің көбін жастарға өмірдің өзі көрсетті. Бұл жастардың заманынан алған олжасы. Мұнымен қабат, жастардың өзгелердің алдында табиғи артықшылығы да бар. Жастың жүрегі тезірек қызады. Жаңалыққа да жас тезірек аяқ басады. Елді жасартатын — жас.
Бірақ жастың бұл сықылды артықшылығымен қатар, оның кемшілік жері де аз емес. Жас жаңа пікірге тез түседі дедік әлгінде. Жаңа пікір деп нені айтамыз? Біреудің ойына келмегенді айтқанды жаңа пікір тапты дей аламыз ба? Ылғи ескілікке қарсыны жаңа пікірге санай аламыз ба?
Мысалы, біреу: «Абайды күйдіріп, өртеп жіберу керек», — дейді екен. Себебі Абай ескі, ол бұрын болған, бізге жаңа керек. Бұл сықылды пікірге жаңа пікірлі жастар қалай қарау керек? Бұл пікір сырттан қарағанда, рас, жаңа сықылды. Бірақ бұның негізі дұрыс емес. Біз ескіге қарсы болғанда, оның шын шіріген, ескірген жеріне қарсымыз. Осы күнгіні гүлдендірудің орнына бүлдіретін, шірітетін, ілгері басуға бөгет болатын жеріне қарсымыз.
Біз өткен заманнан осы күнгінің арасын шорт кесіп тастамаймыз. Менен бұрынғының бәрі ескі, менікі ғана жаңа, сол жаңа өзіме жетеді, өзімді қанағаттандырады деп біз еш уақытта да айта алмаймыз.
…Сондықтан біз іске жарайтын ескіден жиренбейміз, біз оны өз керегімізге жаратамыз. Әлгі Абайға қайта келейік. Абайдың біз шәкіртіміз деп, әрине, айтпаймыз. Бірақ Абайдың сабақ болатын жері де бар. Абай — анық ақын. Абай әдемі сөздің ұстазы. Абайдан біз әдемі сөзге үйренуіміз керек. Абай құр ғана ақын емес, ол бір белгілі заманның адамы, заманында болған кертартпалыққа, бұзақылыққа Абай қарсы болған. Оның сынаған, оның мінеген тұрмысы осы күні, әрине, өзгереді, бірақ әлі өзгермеген, жетпеген жерлері де бар. Олай болса, осы күнгі кем-кетіктерімізбен күресу жолында Абайдың іске асатын сөздері әлі де толып жатыр.
Біз «ескі», «жаңа» деген сөздердің арасын тым жадағай, құрғақ түсінбеуіміз керек. Бұл екеуінің арасында байлам бар, қатынас бар. Қыс пен жаздың арасында жазғытұрым бар. Ескі мен жаңаны екі ортасындағы байламымен бірге түсіну керек.
ЖАСТАРДЫҢ БҰРЫНҒЫ ҺӘМ ҚАЗІРГІ ҰЙЫМДАРЫ
Қазақ жастарының ұйымдары бұрыннан бар еді. Ең алғашқы жастар ұйымы Омбы қаласында 1914 жылы ашылды. Ол ұйымның аты «Бірлік» еді. «Бірліктің» мақсаты оның программасында (тұтынған жолында) айтылған:
«Қазақ халқын мәдени һәм әдеби жағынан ілгергі қатардағы жұрттарға қосу, ұлтшылдық сезімін туғызу һәм ұлттықты сақтау».
Бұл айтылған мақсаттарға жету үшін жастар арасында ұлтты сүю сезімін сіңдіре беру. Халық әдебиетін жинау, ол әдебиетті кітапша һәм үлкен кітаптар етіп бастыру. Театр кітаптарын шығару, газет-журналдар шығару. Бастауыш, орта дәрежелі мектептерге кітаптар жазу, школға түсемін деген шәкірттерді даярлайтын курстар ашу, мұқтаж шәкірттерге жәрдем көрсету, спектакль, концерт һәм басқа ойындар жасап, қазақтың ішінде театр туғызу.
Ұйымның саяси һәм шаруашылық туралы ұстаған жолы: кедейлерді, жіңішкелерді байлардың, күштілердің зорлығынан құтқару, әйелге теңдік әперу.
«Бірліктің» бұдан басқа да істеген жұмыстары толып жатыр. 1916 жылы «Бірлік» «Балапан» деген қолжазба журнал шығарып тұрды. «Балапан» заманында ауызға ілініп, жастарға көрсеткен қызметі көп болды.
1917 жылы Қазақстанда мынадай ұйымдар ашылды: «Еркін дала» -Орынборда; «Жанар» – Семейде. «Оқытушылар ұйымы» – Семейде; «Талап» – Семейде, Шыңғыс болысы; «Игілік» – Орынборда; «Қамқор» -Торғайда; «Жас қазақ» – Уральскіде; «Үміт» – Троицкіде; «Талап» – Қызылжарда; «Оқығандар» – Көкшетауда; «Ұйым» – Екібастұз заводы, Семей облысында; «Ғылым ұйымы» – Керекуде; «Ынтымақ» – Атбасарда; «Жас жүрек» – Спасск заводында; «Жастар ұйымшасы» – Бөкейлік ордасында; «Жас қазақ» – Ақмолада; «Қазақ жәрдемі» – Зайсанда; «Ерік» – Баянауылда (Семей облысы); «Қызмет» – Керекуде; «Жас тілек» – Ақтөбеде; «Ғылым» – Керекуде. Бұл ұйымдардың ішінде «Еркін дала», «Жанар» ұйымдары да көп жұмыстар істеді.
1918 жылы Омбыда жалпы қазақ-қырғыз жастарының жиылысы шақырылды. Бұл жиылыста қазақ-қырғыз жастарының ұйымдарының бәрі бірігіп, «Жас азамат» деп ат қойып, кіндік комитет сайланды. Артынан тез уақыттан соң Омбы шаһарында билік Сібір үкіметінің қолына көшіп, жастардың кіндік ордасы мен басқа жастар ұйымдарының қатынасы үзіліп қалды. Әйтсе де, «Жас азаматтың» басында қалған біраз азаматтар істі жүргізе берді…
ӨМІР ҮШІН КҮРЕСУ
Адам баласына жан-дүние қамы үшін алдымен тамақ, киім, үй керек. Әсіресе тамақсыз, киімсіз тұру мүмкін емес. Мал асырау, егін салу, сауда қылу, ұсталық құру, тіл, қолөнер, кәсіп қылу, жалға жүру, тілемшілік қылу, ұрлық қылу — бар жерде жан дүниенің қамы. Осындай жолдармен өмір үшін күрескендер көп. Бұлардың ішінен біреуінің тұрмысы жақсы, екіншісінің тұрмысы орташа, үшіншісі жаман.
Бұлай болудың себебі: күресушілердің әдіс-тәсіл жағынан айырма барлығынан. Не іске болса да әдіс керек. Және заман өткен сайын әдіс өзгеріп тұрмақшы. Мысалы, тұрмыс жөнінде ең әдісшіл Германиядағы немісті һәм әдіссіз біздің қазақты алайық. Екеуі де өмір үшін күреседі, бірақ неміс әдіспен күреседі һәм заманға қарай әдісін өзгертіп отырады. Сондықтан екеуінің тұрмысында жер мен көктің арасындай айырма бар.
Ол мынау:
1) Неміс түрлі қымбат тастардан, ағаштан салынған үйлерде тұрғанда, қазақ шымнан салынған жер үйшікте жатады;
2) Неміс малын неше мыңға алатын жерде қазақ малын текке де алмайды;
3) Қазақ қара топырық жерде егінге жарымайды, неміс тастай жерде егінді мол алады;
4) Неміс фабрикадан шығатын кездемесін, заводтан шығатын дәрі дәрмектер сияқты нәрселерін өзінен асырып шет жұрттарға жеткізіп жатқанда;
5) Біздің қазақ сатып алуға таба алмай, өз денесін әзер-мәзер жауып отыр;
6) Фабрика-заводтар, темір жол, параход-аэропландар неміс жұртынан табылады. Бізде мұның бірі де жоқ. Бұдан байқалды өмірмен күресу үшін қилы жұрттардың қандай әдіс пен іс қылатындықтары. Һәм соның арқасында тамағы тоқ, көйлегі көк, еңсесі көтеріңкі, шаруасының жоғары екендігі. Шаруаны түзеуге әртүрлі әдістерді қолдану үшін саяси кеңдік болып, үкімет жағынан бірде қысымшылық болмасқа керек. Орыс халқының шаруасының артта қалуы, ескі үкіметтің шаруаға қысыңқы саяси тұмылдырық салғандықтан болатын.
Үлкен өзгерістен бері шаруаға саяси кендік туды. Бұрынғы уақыттарда біздің қазақтың оқыған азаматтары бірыңғай саясат жолымен жүруші еді. Әлі де азаматтарымыз сол жолда. Бұлай жүрмеске осы күнгі заман ағымы қоятын емес.
Сонда да шаруаны кейін қалдыруға болмайды. Сондықтан саясат таразысында салмағы аз оқығандарымыз ел шаруасына кірісулері лайық. 20-сыншы ғасыр шаруаның қолы екенін ұмытпау керек. Елдің кірісі азайып, шығысы көбейіп барады. Бұл қалыппен жүре берсе, шаруаның жайы кетеді.
Бұдан былай біркелкі азаматтар шаруаның күйзелгенін қайта түзетіп, гүлденетін шаруаларын қарастырып, керекті істерді қолға алу керек. Шаруаның жолы тарам-тарам болғандықтан, оған істейтін шаралар да әртүрлі болмақшы.
Қазаққа киетін киімді, ішетін шайды, ұстайтын ыдыс-аяқтарды арзан алу үшін ұйым дүкендерін ашу керек. Ақшасы жоқ кедейлерге астық, киім үшін, алым үшін тайынша-торпағын бергізбестей ұсақ қарыз серіктіктерін ашу керек.
Қазақтың малының тұқымын асылдандыратын, егін шаруасын түзейтін ауыл шаруасы ұйымдарын ашу керек. Қазақтың тері-терсегін, жүн-жұрқасын, майын, малын еріксіз көндіріп шет жұртқа сатқызбастай, алыс-беріс ұйымдарын ашу керек.
Ұйымдар туралы бұл мақалада барлығын жазып болмайды. Сондықтан келесі нөмірлерде әр ұйым туралы бір-бір мақала жазармын.
Смағұл Сәдуақасұлы // Солтүстік Қазақстан.- 2025.- 2 желтоқсан.- 9 б.


