«Қазақ өлеңінің жезкиігі» атанған Кәкімбек Салықовпен көзі тірісінде телефон арқылы жиі хабарласып тұрдым. 2012 жылы Астанадағы Ұлттық кітапханада өтетін шығармашылық кешіме шақырғанымда сырқаттанып жүргенін айтып, игі тілегін білдірген еді.

Шал ақын ауданы туралы кітап жазуды қолға алғанымда бірден Кәкімбек ағаның туған ауылына баруды жөн санадым. Еңбек деп аталатын шағын елді мекен аудан орталығына алыс емес екен, 30-40 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Қалың ағаш арасындағы ауылда небәрі төрт сыныптық мектеп жұмыс істеп тұр, оқитын бала саны — бесеу ғана. Осыдан-ақ бұл өңірде қазақ ауылдарының қатары сиреп бара жатқанын аңғарғандай болдық. Біз пікірлескен мектеп мұғалімдері: «Кәкімбек ағамыз ауылға ат басын бұрғанда сегіз-жылдық мектептің жабылу алдында тұрғанын айтып, көмек сұрадық. Ол кісі өтінішімізді аудан басшылығына ескертіп, мектеп сақталып қалды», – деді.
Дарынды ақын өз өлеңдерінде Сырымбетті жиі ауызға алады. Оның сырын кейін ұқтым. Кәкең туған соң көп ұзамай әкесі дұние салыпты. Анасы Сырымбеттің қызы екен. Жұбайынан айырылған соң 60 шақырым жердегі төркініне көшіп барады. Ал Кәкімбектің әкесінің бауырлары Еңбекте (бұрынғы аты Тулақ) қалыпты. Әкесінің ағасы – Молдахмет Тырбиев елге есімі танылған ақын әрі әнші болған. Анасы Кәкеңнің ән мен өлеңге деген қабілетін аңғарып, туған ауылына жиі әкеліп тұрыпты. Сөйтіп, Кәкімбек аға жас кезінен бастап Молдекеңнен өлең жазудан бөлек, Үкілі Ыбырайдың, Біржан салдың, Ақан серінің, өзге де композитор-әншілердің шығармаларын және халық әндерін үйренеді.
Орта мектепті бітірер алдында анасы оны туған ауылына алып келеді. Ондағы ойы – Молдахмет Тырбиевтің ақ батасын алу. Кәкімбек атасының: «Көп ұзамай мектепті бітіресің, қайда оқуға бармақсың?», – деген сұрағына:
– Өзіңіз білесіз, мен өлеңге кұштармын. Сізге ұқсағанмын. Алматыға барсам ба деймін, -деп жауап беріпті.
– Талабың орынды. Бірақ балам, сен сол окусыз да дарынды ақын боласың. Менің ақылымды алсаң, Мәскеудің түрлі-түсті металл институтына оқуға түс. Қазақта осы бір қажетті мамандықты игеріп жатқан маман аз. Бұл — болашақтың игілігі, — дейді Молдекең.
Кәнігі ақынның жас талапкерге бүлай жол сілтеуі тегін емес. Өйткені Алматыда ҚазМУ не басқа оқу орнына түскендердің шәкіртақысы аз. Тек политехникалық институтта ғана көптеу. Ал Мәскеудің М.Калинин атындағы түрлі-түсті металл институтының студенттері 500-600 сомнан кем шәкіртақы алмайтын. Бұл – Қазақстандағы еңбекақыдан артық.
Сондықтан Молдекең Кәкімбектің алдымен әлеуметтік жағдайын ойлаған. Жалғыз анасының оған көмектесуге қауқары шамалы.
«Мәскеуге мен қалай бармақпын?». Жас жігіттің алғашқы сауалы осы болды. Осыны күтіп отырғандай атасы қолына 100 сом ұстатып, «әзірге осы жетіп қалар. Поштамен тағы жіберемін» деп, түбіт мұрты енді тебіндеген бозбаланы бауырына басып, маңдайынан иіскейді.
Ұлытауды қызғыштай қорыған
Кәкімбек Салықов студенттік бес жылын Мәскеуде өткізді. Алдымен Жезқазған, ал 1975 жылдан бастап Мәскеудегі СОКП Орталық комитетінде лауазымды қызметтер атқарды.
1974 жылы жаңадан құрылған Жезқазған облысында құрылым жөнінен дау-дамай орын алды. Базбіреулер Жезқазған ауданы деген атауды қалдыру керек деген ұсыныс білдірді. Бүл жағдай орын алғанда Ұлытау аты мүлдем аталмай қалар еді. Жезқазған облыстық партия комитетінің сол кездегі екінші хатшысы Кәкімбек Салықов мұндай шешімге қарсы тұрды. Аудан Ұлытау деп аталды.
1997 жылы бұрынғы Ұлытауға қарсы кісілер «Ұлытауды Жездіге қосу керек» деген мәселе көтерді. Осы жолдардың авторы «Жас Алаш» газетінде Президенттің атына «Ұлытауды ұтқанда не ұтамыз?» деп мақала жариялап, дабыл қақты. Сол сәтте Кәкімбек ағам өз тарапынан жәрдем жасап, Ұлытау ауданының орталық болып қалуына өлшеусіз үлес қосты.
Қасиетті қос өнер
Кәкімбек аға бала күнінен атасы Молдахмет Тырбиевтің орындауында Жанақ, Орынбай, Үкілі Ыбырай, Сегіз сері, Балуан Шолақ, Біржан сал, Шәкей сал, Нияз сері, Ақан сері, Жаяу Мұса сынды т.б. дарабоз дарындардың әндерін тыңдап өсті. Қазақтың ұлттық өнерінің нәрімен сусындаған ол өзі де ән айтуды үйренді. Атасы көптеген алқалы отырыстарда Кәкеңе ән салғызатын. Жыр мен әнді өмір бойы жанына серік етті. Қос киелі құсымен Армантауларына сан рет ұшып барды: бірге қуанды, бірге жылады, бірге жұбанды. Оның салған әндері, ғажап жырлары, адами болмыс-бітімі халық жадынан ұмытылмақ емес. Ақын өзінің «Жезкиік» атты өлеңінде:
Сұлуды адам жаны қимайды екен,
Беймезгіл еске түсіп қинайды екен.
Жезкиік, сені аңсаған кездерімде,
Бір өзім кең далаға сыймай кетем, — деп тебіренеді. Қандай ғажап сурет десеңші!
Мәруә сұлу
Менің Мәруә анамызбен жүздесуіме осы жолдардың авторы шығаратын альманахтың ақылдастар алқасының мүшесі Кәкімбек аға себепкер болды.
«Қарағандыда исі қазаққа аты танылған Бименденің Нұрланының қызы Мәруә апай тұрады. 85 жасқа толды. Кездесіп пе едің?», – деп сұрады бірде Алматыда жолыққанымда ақын ағам.
– Сондай кісі бар екенін естігенім рас. Бірақ кездесіп көрмеппін.
– Ендеше, менің сол кісіге арнаған өлеңімді ала бар. Мүмкін, альманахыңа оқырмандар үшін қызықты хабар әзірлеп каларсың, – деді мінезі жұмсақ ағам биязы үнмен.
– Кәкімбек үлкен ақын ғой, – деп қуана тіл қатты Мәруә анамыз, – Адамның жан дүниесін бірден түсінеді. Ағаларына да, мені іздеп келген сендерге де рақмет. Кұдай басқа салмасын, 1937 жылы 18 жасымда жарымды «халық жауы» ретінде ату жазасына кесіп, өзімді 12 жылға итжеккенге айдады. Көрмеген бейнетім жоқ. 25 жыл қара жұмыс істедім. Қазір шүкір, Кәкімбек ақын жырға қосқандай сексеннің сеңгіріне шықсам да, ширақпын. Сонау сұрапыл жылдарда жазықсыз құрбан болған жарымның, маған ғашық болған Саттар Ерубаевтың аруақтарының желеп-жебегендігі ме, кім білсін, әйтеуір, жер басып келе жатырмын ғой, қарағым. Қазақ жерінде тыныштық болсын, ел-жұрт аман болсын, мемлекетіміз өсіп-өркендей берсін!, — деп сөзін түйіндеді анамыз.
Балқан Ахмет екеуіміз Мәруә анамызды суретке түсірісімен-ақ шеберханаға тарттық. Ондағы ойымыз — ару ананың бүгінгі бейнесін көруге деген ынтызарлық. Қуанғанымыз соншалық, «анамыздың суреті мұқабаға сұранып тұр екен ғой» деген ойды жарыса айттық. Оның үстіне Кәкімбек ағамыздың Мәруә анамызға арнаған мына бір тамаша өлеңі де осы бір шағын дүниеге жан бітіріп тұрғандай еді:
Жанары Қаратаудың қара тасы,
Құс қанат, қиғаш, керім қара қасы.
Сексеннің сеңгірінен асса дағы,
Жан екен топта қызар бар арқасы.
Сыр бар ма, ел құлағы жаттамаған,
Есімде «Мәруә сұлу» ат тараған.
Сарыарқа Қыз Жібегі осы кісі,
Құмартқан Ерубаев Саттар ағам.
Дауысы күміс қоңырау қаққан сыңғыр,
Секілді естілгендей бақтан бұлбұл.
Мәтелдеп отты сөзбен тамсандырса,
Нұр жүзі мың құбылды жайнап гүл-гүл.
Оқырмандарды қайдам, өз басым жоғары лауазымды қызметте жүріп, әуелете ән салған, жауһар жырлар жазған, ақындық өнерін бәрінен биік қойған Кәкеңнен асқан қазақты таба алмадым.
Ақын Баяңғали Әлімжанов Кәкеңнің «Памирлар, Гималайлар шұбап жатыр, Оқжетпес жер бетінде біреу ғана», деген жыр жолдарына былай деп жауап берген екен:
Ел-жұртың тілеуінді тілеулі аға,
Жырыңмен ажарлансын жүдеу-дала,
Оқжетпес жер бетінде біреу болса,
Кәкімбек Салықов та біреу ғана».
Айтбай Сәулебек. Қазақ өлеңінің Оқжетпесі // Солтүстік Қазақстан.- 2026.- 3 наурыз.- 8 б.
