Биыл ерке Есілдің жағасында туып-өсіп, қалың оқырманын жырға сусындатқан ақын Есләм Зікібаевтың дүниеге келгеніне 90 жыл толып отыр. Өткен ғасырдың екінші жартысында әдебиетке келген буынның ішінде ерекше үнімен көрінген қаламгердің артында қалған мұрасы өлшеусіз. Оның берік шығармашылық ұстанымы, ойлы өлеңдері, сезімге толы шумақтары бүгінге дейін ел жадында. Ақын мерейтойына орай Есләм Зікібаевтың шығармашылық тұлғасын танытатын материалдарды назарларыңызға ұсынып отырмыз.
«Есләм менің ойымда жүрген дәмелі, үміт артатын інілерімнің бірі болғандықтан, оның «Ақ қайнар» деген атпен топталған жаңа өлеңдерін шын ықыласпен оқып шықтым. Жинақта барлығы 85 өлең бар екен. Бір жерге бас қосқан осыншалық көп өлең оқушысын «тойдырмайды», үнемі бірінен соң бірі тартып отырады. Әрбір жырдың өз әуені, өз сыры бар. Есләм тақырып жағынан кілең жаңалық айтады деу қиын. Бірақ бізге мәлім тақырыптардың өзі де Есләмша жырланып, жаңғырып отырады. Өйткені талантты ақынның өленді поэзиялық дәрежеге көтеретін өнері көп, аспаптары мол».
Әбділда ТӘЖІБАЕВ.
«Ақ қайнарыңды» алғалы недеуір болды, кітаптың ықшамдылығы қандай жақсы — бірді-екілі қалтама салынып, жиналыстарға да барды — сөйлеушілердің сөзі жалпылама болса, «Ақ қайнарға» үңіліп отырдым. Үлкен рақмет! Жазғандарыңды жүрекпен, тебіреніспен жазады екенсің, бұл ақындықтың шын белгісі ғой. Тек сендер «Қырықтарға қиялап барып қалған жасымыз» — деп жылай бастағанда ағаларың не болады деп қалып жатқаным ғой. «Өздерінен үлкені бар адамдар жыламай-ақ қойса қайтеді», – деп те қостым… Талабын өсіп, шабытың ұлғая берсін. Ақын-інім табылғанына қуанып та жүрмін».
Евней БӨКЕТОВ.
«Бүгін күн ұзақ жерлес ақын досым Есләм Зікібаев ойыма түсумен болды. Оның арамыздан кеткеніне 12 жылға таяды. Есләм десе Есләм еді, бір-бірімізге ес едік, сүйеу едік. Ой, жалған-ай!..»
Герольд БЕЛЬГЕР.
«Есләм күй таңдайтын, бап тілейтін ақын тәрізді. Оның сирек жазатыны да содан шығар. Өткен ғасыр өкілдерімен салыстырғанда, қазіргі заман қаламгерлері шабыт жөнінде сиректеу айтады. Бұрын шабытты дарын иесінің өзін мүлдем ерекше алымды сәттері деп түсінсе, бүгінде кейбір ағайындар оны тек жұмыс процесі ғана деп ұғады. Есләм, біздің байқауымызша, алғашқы топты қалайтын тәрізді.
Ақын менен шабыттың жаны бірге,
Шабыт өлсе, ақын да өлді деп біл! — дейді ол.
Есләм шабытының жемісі — «Ақ қайыңдар».
Қадыр МЫРЗАЛИЕВ.
«Есләм Қазақстанның солтүстігінде Өрнек деген ауылда дүниеге келіпті. Сол ауыл, сол туған жер туралы жазылған сағыныш жырларын аса бір сезімталдықпен, ақындық асқақтықпен, балаға бітер нәзіктікпен өрген екен Есләм ақын. Маған бұл жырлар ерекше әсер етті. Ол бейне мені қасына ертіп ап өзінің бала күні, бала күні өткен туған жері туралы ғажап бір сырлар шерткендей болды. Мен онымен сонау соғыс жылдарының ауыр күндеріне де барып қайттым. Оның басынан кешкендерін бейне өз басымнан кешкендей болдым».
Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ.

Махаббат жыршысы
Сөз өнері әлемінде адам жүрегін толғандырып, тебірентетін жан дүниенің терең толғаныстарын өрнектейтін поэзияның ең бір әсем арнасы — махаббат лирикасы. Осы тұрғыдан алғанда, махаббат лирикасын — өзінің мол мұрасының алтын діңгегі еткен қазақ ақындарының бірі Есләм Зікібаевтың өзіндік қолтаңбасы мен сыршыл үні бүгінгі күні айқын дараланады. Ақын поэзиясындағы махаббат, ғашықтық сезімдерінің жан тебірентер өрімдерінің тереңірек ашылуы лирикалық кейіпкердің ішкі әлемін жан-жақты көрсетуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, «Ғашықтық – махаббаттын шын өлшемі», «Арман қызға», «Сен менің — сыр қайнарым, жыр қайнарым», «Сен мені бүгін көрмедің», «Ғашық болу — күнә емес», «Бекер екен», «Ақ түсің-ау», «Ерке елігім», «Қара менің көзіммен», «Сағыныш», «Қарай жүр», «Жиырма жыл бұрын», «Бір нәзік ән», «Сүйдім деген сөзің де…», «Арманым, аман жүрші..» сынды өлеңдері ақынның «махаббат сезімі», «ғашықтық» концепцияларын жан-жақты зерттеуге жол ашатын мол қазынасы болып табылады. Оның бұл өлеңдері алғашқы ынтық, мөлдір сезімнен бастап мұң мен сағынышқа ұласқан психологиялық иірімдерге дейін ақынның шебер қаламымен шынайы бейнеленген.
Поэзиядағы ғашықтықтың, махаббаттың қайнар көзі сұлулық эстетикасына деген құштарлықтан бастау алады. Осы құштарлық ақынның «Бір нәзік ән» деп аталатын өлеңінде айрықша көркемдік сипат алған:
Ақын ба сұлулықты түсінбеген,
Өңім тұрмақ, көремін түсімде мен.
Сені, жаным, жай ғана шебер емес,
Табиғаттың өз қолы мүсіндеген.
Табиғаттың өз қолы мүсіндеген
Бір көлеңке, бір қылау түсірмеген.
Сені туу арқылы құдіреттің,
Танытайын деген-ау күшін де ерен, — деген өлең жолдарында ақын сұлулықты жай ғана сыртқы сұлулық деңгейіне ғана қалдырмай, жаратылыстың ең көркем туындысы ретінде биікке қояды. Ал сол сұлулықтың ақын жанын қалай тебірентіп, оның ішкі әлемін қалайша нұрландырғаны және сол әсемдіктің ғашықтыққа ұласканы «Сен менің — сыр қайнарым, жыр қайнарым» өлеңінде айқын көрінеді:
«Сен менің — сыр қайнарым, жыр қайнарым,
Сен болып еседі жел, жырлайды ағын.
Сен болып нұрланады аппақ әлем,
Сен болып шалқиды әр кез, тынбайды әнім», — деп өрілген жыр жолдарында ақын әр тармақты «сен» деп бастап, қайталауды өте орынды, әрі әсерлі қолданған. Бұл тәсіл өлеңге ерекше әуезділік беріп қана қоймай, ақынның бүкіл ішкі әлемі мен айналасындағы табиғаттың тек сүйіктісінің бейнесінен тұратынын өте әдемі жеткізіп тұр.
«Лирикада ой мен сезім бірлесіп, терең қабысады. Оған тартымды күш-қуат дарытатын терең оймен суарылған, нәрленген жалынды сезім», — деп академик Р.Нұрғали айтпақшы, Есләм Зікібаевтың да лирикасы тұнып тұрған от сезімді, жалыны лаулап тұрған махаббатқа толы поэзия. Оны біз әсіресе ақынның құштарлыққа толы өлеңдерінен байқаймыз. Мәселен, «Ақ түсің-ау», «Бекер екен» өлеңдері осыған дәлел бола алады.
Махаббатты көзсіз десе, сенбеп ем,
Баурап алдың жүрегімді сен немен?
Бағытымнан, бағдарымнан айырылып,
Ағып келе жатқандаймын селменен.
Ақын махаббаттың адам жанын
билеп, еріксіз еліктіретін күшін осы «Ақ түсің-ау» өлеңінде әсерлі бейнелейді. «Ағым келе жатқандаймын селменен», – деп махаббат толқынының тасқын іспетті құдіретін ерекше жырлайды.
Алайда махаббат поэзиясында сезім әрдайым бақыт пен шаттықка ұласа бермейтін жағдайлар болады. Лирикалық кейіпкердің жүрегінде сағыныш, реніш, мұң-қайғы — іңкәр жылулыққа толы махаббатпен қатар жүруі мүмкін. Өйткені кейде махаббат тек қуаныш қана емес, адам жанын терең толғанысқа батыратын шырмауық сынды шиеленіскен шешімі жоқ жұмбаққа ұқсап кетеді. Осы туралы Фариза ақын да: «Сезімнің сүйініші де, күйініші де адамды не заманды тындамайды емес пе? Қуанбайтын, қайғырмайтын, сүймейтін жек көрмейтін адам бола ма?», — деген екен. Біздің ақын Есләм Зікібаевтың да осындай күйге түсіп, мұңға батқаны өлең-жырларында кездеседі. Айталық, «Сен мені бүгін көрмедің» өлеңінде:
Тұра тұр!
Жүрем дедің қай қалаға,
Басымнан ұршық-дәурен айнала ма?
Сол жолға өзіңменен бірге әкетпей,
Қалдырып кетпекпісің айдалаға, — деп, жауапсыз махаббатқа деген ренішін білдірсе, «Сағыныш» өлеңінде:
Қайдасың,
Қайда қазір алыспысың,
Сағыныш қиялыммен жарысты шын.
Бір сәтке кетсе деймін елес беріп,
Жанымды мазалаған таныс мүсін, — деп сағыныштың торына іліккен жан дүниесінің ішкі дүрбелең күйін жеткізеді.
Белгілі сыншы В.Г.Белинский: «Поэзия — әлемдік өмірдің қан тамырының соғуы, сол өмірдің қаны мен оты, жарығы мен күні» — деген еді. Есләм Зікібаевтың поэзиясы да, нақтырақ айтқанда, махаббат лирикасы казак халқының сезімге толы әлемінің қайнар көзі, ағып жатқан бұлағы іспеттес.
Жанар ҚҰЛЫБЕКОВА,
филология ғылымдарының кандидаты, профессор.
Асқақ тұлға
Есләм Зікібаевтың ақын болып қалыптасуына өзі өскен өлкенің табиғаты, өзені мен орманы, таза ауасы әсер еткен сияқты. Нағашымды елге келгенде көріп жүрдік. Кішкентайымыздан оның Алматыдағы басылымдарда қызмет ететінін естіп өстік. Ол «мен ақынмын» деп жар салып, кеуде керетіндердің қатарынан емес еді. Өзін көп жарнамалап, шығармашылығы жайлы айта бермейтін. Соған қарамастан оқырманы көп еді.
Есләмнің әкесі Зікібай Мамытұлы қолынан іс келетін, аса шебер кісі болған. Тұрмысқа қажет түрлі бұйымдар жасап, тіпті зергерлікпен айналысқан. Кей-кейде өлең шығарып, тауып сөйлейтін кісі екен. Алайда оның шығарған дүниелері сол күйі хатқа түспеген. Ал анасы Ақық жыр-дастандарды әндетіп айтып отырады екен.
Ақын бастауыш мектепті туған ауылында аяқтады. Тың игеру жылдары дала жұмыстарына тартылса да, оқуға деген ынтасының арқасында онжылдық мектепті тамамдады. Оның шығармашылық жолы мектеп кезінен басталды. Алғашқы туындылары облыстық басылымдарда жарық көрді. Мұны қаламгер өз естелігінде де баяндайды.
Мектепті аяқтар жылы оның әкесі қайтыс болып, отбасы қатты қиналады. Сонда да анасы ұлының талабын қолдап, Алматыға аттандырды. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен Есләм Зікібаев қиындық пен жоқшылыққа қарамастан қолынан қаламын тастаған жоқ. Жас кезінен түрлі басылымдарда еңбек етіп, елге танылды.
Ақынның жерлестері, туған-туыстары оның асқақ тұлғасымен мақтанады. Қаламгер дүние салғаннан кейін туған ауылындағы мектепке есімі беріліп, аты ардақталды.
Мұрат НҰРСЕЙІТОВ,
Есләм Зікібаевтың жиені.
Сөз тұнығын терген ақын
Өткен ғасырдың аяқ шеніндегі қазақ поэзиясында өзіндік із қалдырған ақындардың бірі – бұл күндері ортамызда жоқ Есләм Зікібаев. Кейбір қаламдас құрдастары сияқты жыр сұлудың болмысына жастай іңкәр болған ол, әдебиет деген тылсым әлемнің қасиетті босағасынан батыл аттап кетуге бірден тәуекел ете қоймаған сыңайлы.
Көкірегінде күмбірлеген жыр шумақтары қылтиып көктей бастаған уақыттарда да талантты жігіт әдепкіде өзін тіпті ақынмын деп есептемеген болар. Өлең ауылына біржола бет бұру үшін ширығып, толғана жүріп, ұзақ дайындалды. Ақынның алғашқы кітабының жасы қырықты қусырып қалғанда барып жарық көргені сондықтан болар.
Әрине, әдебиет әлеміне бұлайша кештеу келудің себеп-салдарын әркім өзінше түсінуі, әр түрлі болжам жасауы — қисынды құбылыс. Оқырманның көзі анық жете алатын бір шындық сол — Есләм Зікібаев алғашқы кітабы «Ақ қайыңдар» жинағымен-ақ ақындық қарым-куатының қандай деңгейде екендігін таныта білгендігі. Оған дәлел — сол алғашқы жинаққа орай мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген пікірлер шоғыры. Солардың ішінде белгілі ақындар жылы лебіз білдірген.
Рас, Есләм Зікібаев шығармашылығы кемшілік атаулыдан ада бірыңғай сәтті туындылардан тұрады деп тұжырымдауға батылымыз бармас еді. Оқырманға онсыз да мәлім таныс жағдаяттар төңірегінде айналсоқтай беретінін, кейде көркемдік талаптарын тарта алмай жататын кездері болатынын жасыра алмаспыз. Ақын шығармашылығы жайында сөз қозғала қалса, әр түрлі пікірлердің де туындап жататыны осындай себептерден болса керек.
Есләм аға өзі жақсы білетін және сезім қылын еріксіз қозғайтын өмір көріністерін, шығармашылық бағытын дәл тауып ала қоятын ақын еді. Оның өлеңдерінің көбінесе айтар ойының айқын, сөздерінің ұғынықты да ұстамды болып келуі сондықтан. Ақын қаламы көркем образдарды үсті-үстіне қабаттап, үстемелеп қолданбағанымен, жыр шумақтарына бояуды жұқалап қана жағып отыруга бейім болатын.
Мен Есләм ағамен өткен ғасырдың сексенінші жылдарында жақынырақ танысып, жақсы сыйластықта болдым. Сұңғақ бойлы, келбетті жігіт ағасы, қимылы шапшаң, сөзі нық. Кез келген адаммен өзімсіне сөйлесіп кете беретін ол кісінің бойынан адамгершілік лебі сезіліп тұрушы еді. Кездесе қалғанда ортақ әңгіменің тақырыбы көбінесе әдебиет жайлы болатын. Онда да тілге тиек ететініміз — жазып жатқан ақын-жазушылардың еңбектері, ағымдағы әдеби үдерістердің бет-бағдары. Кейде жекелеген әділетсіздікті сезіп қалса, шыдай алмай, шаршы топтың алдында, әдеби жиындарда ойындағысын ашық айтып та жіберетін.
1986 жылдың жазында Есағаң 50 жасқа толуын атап өтетін болып менен сол отырысты жүргізіп беруімді өтінді. Шаманың келгенінше асабалық қызмет көрсеткен маған аға мен Роза жеңгенің разы болғандары есімде.
Кейін сырқаттанып жүрген кездерінде де қатардан қалмауға тырысып, әдеби қауымның ортасынан алыстаған жоқ. Соның өзі Есағаңның өмірге деген, әдебиетке деген құштарлығының нышаны еді.
Бүгін ортамызда жоқ ақын аға жайында оның шығармашылығы турасында бір ауыз пікір білдіріп жатсам, көзін көрген інісі ретінде парызымды өтегенім болар.
Нұрдәулет АҚЫШ,
жазушы.

О, туған жер!
Сенсің менің тағдырым
ЖАЙЫМДЫ СҰРАМА, АНА
Қалайсың деп жайымды сұрама, ана,
Мен емеспін кешегі бұл бала.
Ойшыл етіп жіберген бұл күндері
Зеңгір аспан,
Шет-шексіз мына дала.
Қалайсың деп жайымды сұрама, ана,
Артық кетсем, айыптап сынама да…
Еркелеуді кейде өмір көтермейді —
Ара түсер сен жоқсың бұл арада.
Айтары не—
Келмесе, келсе де әлім,
Тағдырын көп ойлаймын мен солардың.
Мен солардың саулығын тілеп жүрем,
Өйткені сол саулықтан енші аламын
Мақтаушы ең ғой қайыспас қайсарды көп,
Арамзаның бетін бір қайтарды деп
Соның бәрін енді ұқтым,
Үйретті өмір —
Балаң қазір кеткендей байсалды боп.
Айта алмаймын —
Нені ұқтым, нені ұқпадым.
Өмірден көп сырлардың көріп бәрін.
Кейде опық жеген де кездерім бар
Алдамшының сөзіне сеніп қалып.
Темірқазық мен үшін – пәктік деген,
Содан болар —
Ісім көп нақ бітпеген,
Аңғалдықпен алданған кездеріме
Енді есеп беріп жүрмін сақтықпенен.
ӨЛЕҢ ӨЛМЕЙДІ
Ақбөкен — сахараның ботакөзі,
Атты екен қандай адам көзі қиып?
С.Сейфуллин.
Жалындаған жанарында от
Жырға құштар жан едің.
Берерің де, аларың көп
Сырға құштар жан едің.
Күн көзі боп аялаған
Аяулы асыл бар елің.
Жақсылығын аямаған
Жомарт, жайсаң жан едің.
Аққу едің айдындағы,
Көлдің көркем сәні едің.
Елестетер ай-нұрды әлі
Ерекше бір жан едің.
Сұлулықтың тәңіріндей
Бар адамзат табынған.
Жанарың от, жаның гүлдей
Жаралып па ең жалыннан.
Алаулаған гүлзар — бақты
Ұқсатам да өзіңе,
Көктемдегі қызғалдақты
Елестетем көзіме.
Тау құзына асылған ән,
Сәкен шығар деп қалам.
Арамдыққа бас ұрмаған,
Көз алдымда текті адам.
Қарамаймын келбетіне,
Кейде көзге жас алам.
Мүсін бе едің жер бетіне,
Қолдан құйып жасаған.
Жүрек тоқтап, көз жұмылып,
Дамылдасын ол мейлі,
Ақын тірі, ізгі үміт,
Өлең, өнер өлмейді.
Асыл аға, жыр елінде
Бізбен бірге жүресің.
Адал жанның жүрегінде
Сәкен деген ұлы есім.
ТУҒАН ЖЕР
О, туған жер!
Бабам өтті өз қойнында мекендеп,
Жер жұмағы осы арада екен деп.
Өстім мен де сағымыңмен жарысып,
Арманыма жетем деп.
Бір ұлыңмын сол сенімнен танбаған,
Сенің ғажап құдіретіне таңғалам.
Өмір бойы көкірегімді кернеген,
Секілдісің, арман-ән.
Қиял қуып кеттім алыс, кеш мені,
Сырым саған, жырым саған кестелі.
Өзің жайлы толғанусыз өткен жоқ
Өмірімнің кештері.
О, туған жер!
Сенсің менің тағдырым,
Мәуелі еткен арманымның жаз гүлін.
Бір ескерткіш жасап берем болса да —
Тындырғаным аз бүгін.
О, туған жер!
Менің байлық-ырысым,
Арманымның шешек атқан гүлісің.
Өмірім де бір өзіңе өзектес,
Тіршілігім,
Қуанышым,
Тынысым!
Есләм ЗІКІБАЕВ.
Солтүстік Қазақстан.- 2026.- 5 маусым.- 6-7 б.
