Туған жер, өскен орта дегенде ойымызға алғашқы болып не оралады? Әрине, ананың аяулы алақаны, қара қазанның қайнауы, қара шаңырақтағы тіршіліктің жайнауы. Тай құлындай тебіскен замандастарың. Қимас достарың. Сондай-ақ тау тұлға болған ағалардың жүрек жылуы. Барлығымыз өсіп, тағдырдың тізгінін өз қолымызға аламыз да туған өлкемізден алшақтап алысқа кетеміз.
Өз басым туған жерден — Солтүстік Қазақстан облысындағы Николаевка (Көбеш) ауылынан жырақта жүрдім. Әскери жолды тандап, қатардағы курсанттан генералға дейін көтерілдім. Кейін жоғары әскери оку орнын басқарғанда, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінде басшылық қызметте болғанда тағдыр менің жолымды тамаша бір кісімен тоғыстырды. Ол — Құдайберген Қалиұлы Қалиев ағамыз. Елге барған әр сапарымда Құдайберген Қалиұлына сәлем беру үшін жолығып кетемін.
Ол кісінің маған ұнайтын тұсы – шынайылық, барды бар, жоқты жоқ деп айтатын мінезінің тіктігі. Тұла бойында еш жасандылық байқалмайды. Мен де әскери адаммын, мұндай мінез бізге де тән. Бәлкім содан болар, бірден тіл табысып, танысып, білісіп кеттік. Уақыт өте таныстығымыз үлкен ағалық-інілік достыққа, өзара құрметке айналды. Ағамыздың тағы бір қыры — оның елмен тіл табысуы. Қанша жерден мінезі қатал болса да, облыс тұрғындарының мәселесіне келгенде жүрегі жұмсарып кететін. Қандай мамандық иесі, қандай адам болсын, сол адамның жағдайына түсіп, қазақтың түсінікті тілімен түсіндіріп береді. Шаруаны соңына жеткізбей тынбайтын іскерлігі де — бір төбе. Уақыт өтсе де өмірдің сынағынан сүрінбей, өзара құрметтің ақ туын құлатпай келеміз.
Бізді біріктіретін ортақ дүниелер жетіп артылады екен. Ағамыз 1945 жылы дүниеге келсе, мен 1951 жылы туыппын. Біздің жас айырмашылығымыз — небәрі алты жыл, бұл біздің ұрпақтардың жақындығын ерекше айшықтай түседі. Екеуіміз де бір өңірде өсіппіз. Кұдайберген Қалиұлы Бірлік ауылында туып, Николаевкада (Көбеш) оқыған. Мен болсам сол қазақтар Көбеш атаған ауылдың тумасымын. Бірлік ауылымен арамыз — он-ақ шақырым. Мен бала кезімде Бірлікте тұратын Науқан есімді жиен ағама велосипедпен қыдырьш баратынмын. Сол кезде одан «Біздің ауылда Құдайберген деген жігіт тұрады. Барлық жағынан лидер. Болашақта бір биікті бағындырады», – деген әңгімесін еститінмін. Адамның есімі өзінің алдында жүреді демекші, сол шағын ауылда Құдайберген ағамызды ел танып, үлкен үміт артқан екен. Ол туралы естігендердің бірі мен болдым. Бірлік ауылындағы мектеп сегіз жылдық болатын.
Сондықтан оқуын Николаевкада аяқтады. Былайша айтқанда, бір мектепте оқыппыз. «Ұстазы бірдің – ұстамы бір» демекші, екеуіміздің де ұстазымыз — Ленин орденінің иегері Асқар Игібаев ағамыз. Ол кісі – өте сауатты, талапшыл, табиғатынан таза адам. Оның тәрбиесі менің өмірімде үлкен орын алады. Ең қызығы, мектепте Асқар Игібайұлы Кұдайберген ағамызға да үлкен әсер етіпті. Ұстаз екінші әкең секілді. Екеуіміз де бір адамның тәрбиесімен азамат болып қалыптастық. Бойымызға үлкен жауапкершілікті сіңірді. Біз Құдайберген ағаға еліктеп, ол кісіні мақтан тұтып өстік! Бала кезімде есімде қалған бір жай, Құдайберген аға өзінен кейінгі сынып оқушыларына үнемі қамқор болып жүретін.
Спорттық ойындарда, сайыстарда алдына жан салмайтын. «Сегіз қырлы, бір сырлы» шәкіртті ұстаздар да баршамызға үлгі етіп ауыздарынан тастамайтын еді. Кейін Құдайберген Қалиұлы адал кызметімен, іскерлігімен, біліктігімен үлкен беделге ие болды, ел ағасы атанды. Өзіне тапсырылған қандай істі болмасын тиянақты орындауды халық алдындағы асыл парыз санайтын мінезінен айнып көрген емес.
Қай кезде де адамшылығын төмендетпеген Кұдайберген Қалиұлы аға болып мені таңдандырудан жалыққан емес. Аға жүрегінің жылуы суыған емес. Осындай тау тұлғалы азаматтармен жолықтырған тағдырыма ризамын.
Абай Тасболатов. Аға алақанының жылуы // Солтүстік Қазақстан.- 2025.- 24 қазан.- 6 б.
