С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Екінші дүниежүзілік согыстағы Жеңістің 77 жылдығын мерекелеу қарсаңында облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Бубенко Есіл ауданында тұратын майдангер Георгий Гуцевті арнайы барып қуттықтады.
– Жас ұрпақ қатары сиреп бара жатқан соғыс ардагерлерін құрмет тұтады, Отан үшін жан алысып, жан беріскен қаһармандық ерліктерін қастерлейді. Сіздің өміріңіз де – батырлықтың лайықты үлгісі. Бейбіт өмірге жеткізгендеріңіз үшін алғысымыз шексіз. Небір қауіп-қатерлерге қарамастан басыңызды ажалға тіктіңіз, – деді Владимир Степанович ардагерге сый-сипат көрсетіп тұрып.

Георгий Гуцев 1927 жылы туған. Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Покровка ауылының тумасы. Майданға 1944 жылы 7 желтоқсанда шақырылып, жеңіс туын тіккенше, небір шайқастарды бастан өткерген. Минометшілер полкінде оқтаушы болған.
Жас сарбаз 1944 жылы желтоқсанда Уфа қаласынан Забайкалье әскери округіне, одан әрі Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр маңына жіберіледі. 1945 жылдың шілде айында 61-гвардия полкіне автоматшы болып қосылады. Оларға Үлкен Хинганға (Қытай) өтіп, жапон милитаристеріне қарсы ұрыс жүргізу тапсырмасы беріліп, қиын сыннан сүрінбей өтеді. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанымен, Георгий Иванович әскери қызметін жалғастыра береді. Тек 1951 жылдың сәуірінде ғана елге аман-есен оралады.
Қарт майдангер I дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Қазіргі уақытта Явленка ауылында түрады. Бірнеше күннен кейін 95жасқа толады.
Қайрат САДЫҚОВ, облыстық мәслихаттың баспасөз хатшысы.
________________________________________________________________________________________________________________________
Қайрат Садықов. Ардагерге – құрмет. / Қ. Садықов // Солтүстік Қазақстан. – 7 мамыр.- Б. 4.- 2022.