Ұлттық ғылымымыздың мәртебесін өсіріп, қазақ елінің кең-байтақ даласын қазына көзіне айналдыру мақсатын көздеген Евней Бөкетовтің еңбек жолы кімге болса да үлгі тұтарлықтай. Тау алыстаған сайын асқақ көрінетіні сияқты, уақыт өткен сайын алып тұлғаға айналған жерлесіміздің бойындағы тамаша адамгершілік қасиеттеріне, даналығына, көрегендігіне таңғалмасқа лажың жоқ.
Асыл тұлғаның мұғалім болып еңбек еткен жылдарынан бастап, ғалым, әдебиетші ретінде қалыптасқан кезеңдері, одан кейін ғылымның үлкен жолына түсіп, химия, металлургия салаларында қол жеткізген сүбелі еңбектері туралы бұрын да жазылды. Оның ішінде қырқыншы жылдардың бас кезінде алдынан оқыған менің жерлес ағаларым Серікбай Ақанов, Қайреттен Кәләкібаев, Барлыбай Қоспанов сияқты азаматтардың ол кісі туралы айтып отырғанын талай естігенмін.
Евней Арыстанұлы менің туған ауылым — Жалтырдағы жеті жылдық мектепте математика мен физика пәндерінен сабақ берді. Аталған мектепте бірге қызмет істеген Дәмелі Мәтенова, Шәкен Сұрағанов бастаған мұғалімдер ғалымды ерекше тебіреніспен естеріне алатын.

«Ебекеңнен небары үш-төрт жас кіші едік. Бірақ ол кісі бізден және бірге істейтін өз әріптестерінен биік тұрушы еді. Орысшаға да, қазақшаға да жүйрік болды. Крыловтың мысалдарын, Чеховтың әңгімелерін, Гогольдың шығармаларын жатқа айтып, біз түсінбеген жерлерін қазақшаға аударып беретін. Сабақтың қалай тез біткенін аңғармай қалушы едік», — дейді Серікбай Ақанов есімді ағаларымның бірі.
Ебекең табиғатта сирек кездесетін металдардың қасиеттерін зерттеп, оларды болашақта өндіріс салаларында кеңінен пайдалану жолын іздеді, оны тапты да. КСРО Ғылым академиясы ол кісінің еңбегін жоғары бағалады, ғылымға қосқан үлесі үшін Мемлекеттік сыйлық бергенін барлығымыз білеміз. Бұл — республикамыздың ғылым саласындағы үлкен жетістігі еді.
Мен 1973-1978 жылдары Ебекеңнің туған ауылы — Бағанатыдағы сегіз жылдық мектепте директор болып қызмет атқардым. Ол туған жеріне көп келе коймайтын, оның себебі де бар шығар. Ауылда Ебебек Рәшев, Кәкен Копышев, Сапар Дүйсенов, Ніл Болатбаев, Төкен Аяғанов, Василий Кузнецов, Қайырбек Сыздықов, Қайролла Мұқанов, Иван Белетченко, Ғалым Қадірәлин тағы да басқа өңіріміздің белгілі азаматтарының естеліктерінен оқуға болады.
«Өз ұлтының, өз халқының тілін, тарихын, әдебиетін, салт-дәстүрін білмеген адамның бойында нағыз адамгершілік ұлтжандылық сияқты ізгі қасиеттер болады деп айту қиын. Сондықтан қай тілде оқысаң да өз халқыңның, ата жұртыңның тарихын, дәстүрін, салтын, мәдениетін терең білу әр қазақ азаматының, оның ішінде сауатты, оқыған азаматтардың басты міндеті деп түсіну керек.»
Ебней Арыстанұлы туралы жазған естелігінде жерлесіміз Уәп Латанов ғалымды былай деп есіне алады:
«Бірде мен Ебекеңе мынандай сауал қойдым:
– Сен Марьевканың орта мектебін бітірдің. Өзің сияқты орысша оқығандардың көпшілігі қазақша әдеби кітаптар былай тұрсын, тіпті қазақ тілінде шығатын газетті де оқымайды. Қазақтың тарихын, әдебиеті мен поэзиясының қазынасын қалай меңгердің? Сонда Ебекең:
– Өз ұлтының, өз халқының тілін, тарихын, әдебиетін, салт-дәстүрін білмеген адамның бойында нағыз адамгершілік, ұлтжандылық сияқты ізгі қасиеттер болады деп айту қиын. Сондықтан қай тілде оқысаң да өз халқыңның, атажұртыңның тарихын, дәстүрін, салтын, мәдениетін терең білу әр қазақ азаматының, оның ішінде сауатты, оқыған азаматтардың басты міндеті деп түсіну керек. Әйтпесе, арбаның мұрындығына жабысқан балшық сияқты бір тоңқылдағанда қай жерде түсіп қалғаныңды өзің де білмей қаласың», – деп жауап берді».
Ебекеңнің замандастарының айтуынша, ол кісі өзінің тыңдаушысын жалықтырмайтын болған. Сөздің майын тамызып, өз ойын жүрекке жететіндей әсерлі өретін.
Евнсй Арыстанұлының туған ауылында қызмет істеп жүрген кезде мен ғалыммен бірнеше рет кездестім, дәмдес те болдым. 1977 жылы болу керек, Ебекең Жалтыр ауылының есінде қалған аксақалдарының аттарын атап, ұрпақтарының қайда, не істеп жүргендерін сұрап еді. Соғыстың отты жылдарында біздің ауылда аз уақыт жұмыс істеген оның адамдардың есімдерін есінен шығармағанына таңғалғаным рас.
Ебекеңнің туған інісі Қамзабай да ауылға жиі келіп тұратын. Ағасы бақилық болған соң Ебекеңнің ғылыми еңбектерін, әдебиет саласындағы туындыларын дәріптеуге көп еңбек сіңірді.
Белгілі ақын Кәкімбек Салықов Ебекеңнің туғанына 70 жыл толуына орай өткен шарада ағасының туып-өскен жерін тамашалап, сүйсініп, ерекше шабыттанып, «Евнейдің бұлағы» деген атаумен өлең жазыпты.
«Евней – аға ауылы,
Бағанаты деген жер,
Айна бұлақ бауыры,
Ақ қайыңды бел ендер
Орман, тоғай аралас,
Ой салгандай кемеңгер.
Ата-баба тұрағы,
Көп қайнардың тәуірін,
Евней аға бұлағы,
Атап кетті ауылым,
Ақын, ұстаз, ақтаңгер,
Ел сыйлады бауырын.
Жұтып жатқан самалды,
Жаны рахат табатын.
Баурап көрген адамға
Жүрек отын жағатын.
Сылдыр, сылдыр көп бұлақ,
Есілді аңсай ағады
Жағасынан тал құрақ,
Евнейді іздеп барады,
Асыл аға бейнесін
Жері, суы еске алады.
Жердің гауһар көркемі,
Бағанаты киелі.
Евней туған өлкені,
Көрсең жаның сүйеді.
Бойға қуат, ойға сыр,
Нұр шапағын үйеді», – деп тебіреніп еді ақын. Рухы биік, асқақ тұлғаның ел санасында аласармай, жылдар алыстаған сайын асқақтап бара жатқаны қандай ғанибет!
Ғабит Қоңырбаев. Асқар таудай тұлға еді // Солтүстік Қазақстан.- 2025.- 11 шілде.- 7 б.