С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Сыздықұлы Тайшыбайдың отандық журналистиканы дамытуға қосқан үлесі өлшеусіз. Алдымен Қарағандыда, кейін Қызылжар өңіріндегі М. Қозыбаев атындағы университетте журналистика мамандығын ашып, газет-журналдарды, телеарналарды білікті кадрлармен қамтамасыз ету – екінің бірінің қолынан келе қоймайтын қыруар еңбек.
2001 жылы біздің университетімізде қазақ тілді журналистерді даярлайтын бөлім ашылған сәт әлі күнге дейін есімізде. Сол тұста Зарқын Сыздықұлының ұстаздық қырынан бөлек, ұйымдастырушылық қабілеті айқын байқалды. Ғылым мен білім беру жүйесінің ауыртпалығын бір адамдай көтерді. Қазақтілді оқулықтар жетіспеді. Амалсыздан кейбірін өзі жазып шығарды. Алаш баспасөзінің тарихына қатысты, журналистиканың құқықтық негіздері жайлы жазған құнды еңбектері жергілікті жерде ғана емес, еліміздің өзге жоғары оқу орындарында да әдістемелік құрал ретіне әлі күнге дейін қолданылып келеді.
Сол қиындығы мен қызығы қатар өрілген жылдарға қазіргі күн белесінен көз жүгіртетін болсақ, Зарқын Сыздықұлының алдын көрген журналист мамандардың саны 400-ден асқанын аңғарамыз. «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» деген қазақтың мақалы бар, ағамыздың тәрбиесін көрген журналистердің көбі бүгінгі таңда еліміздің БАҚ саласының танымал мамандары атанып үлгерді. Қарағандыны айтпағанның өзінде, соңғы жиырма жылдың ішінде оның қолынан қанат қаққан солтүстікқазақстандық журналистердің алды телеарналар мен газеттерді басқарып отыр. «Qyzyljar» телеарнасының директоры Ерлан Тоқшылық, «Soltustik Qazaqatan» облыстық газетінің бас редакторы Ербақыт Амантайұлы, «МТРА» телеарнасының шеф-редакторы Дана Ғизатова, Қорғаныс министрлігі медиа-орталығы бастығының орынбасары, подполковник Руслан Жангулин, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы Тимур Әбдірешов, «Первый-Северный» телеарнасының бас редакторы, «Азаттық» радиосының меншікті тілшісі Нұргүл Алина, «Хабар» мен «Хабар 24» арналарының тілшілері Айдарбек Балғабеков пен Самат Жақыпов және тағы да басқа шәкірттері өз саласының майталман мамандары атанып үлгерді.
Зарқын Сыздықұлының ұстаздығынан бөлек, ғалымдығы -бір төбе. Профессордың қаламынан туған монографиялар, ғылыми мақалалар еліміздің ғылым саласына қосылған сүбелі олжа деп білемін. Тұлғатануға, соның ішінде үш жүздің басын қосқан Абылай, қазақтан шыққан кемеңгер Абай, ақиық ақын Мағжан жайлы жазғандары – құны ешқашан жойылмайтын туындылар. Ғалымның құнды еңбектері мемлекет тарапынан әр жылдары жоғары бағаланды. Зарқын Тайшыбай «Қазақстан білім беру саласының құрметті қызметкері», «Саңлақ автор», «Қазақ тілінің жанашыры» және тағы басқа көптеген атақтарға ие. Ғылымда қанша олжа салса да, ағамыз журналистиканы бәрінен биік қояды. Бұл жайлы сұхбаттарының бірінде: «Мен өзімді, ең алдымен, журналиспін деп санаймын. Жасыратыны жоқ, пенде болған соң, кей замандастарымыз өзінің журналистігін, мысалы, ақындықтан, жазушылықтан, ғалымдықтан төмен қойып, тіпті «журналист» десе, олқысынып қалады. Неліктен олай – өздері айта жатар, бірақ, тағы қайталап айтамын, мен журналиспін және осынау қасиетті кәсіптің атауына, бағасына, сыны мен сипатына лайық болсам, армансыз өтер едім. Кәсіптің, мамандықтың, өнердің, ғылымның шыңына жеткеннің әрқайсысы-ақ құрметті. Бірақ мен журналистиканың шыңына жете алмай келемін, жете де алмайтын шығармын. Өйткені сол «шыңның» өзінің өлшемі қандай екенін білмеймін. Тек қана іздену, талпыну, тағы да іздену, ояң тұстарды толтыру, жетілу, тағы да іздену», – деген екен Зарқын Сыздықұлы.
«Ат тұяғын – тай басар». Ұстазының жолын қуып, бүгінде елдегі белді журналистердің бірі ретінде танылып жүрген «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубайдың ұстазы туралы айтқан мына пікірімен келіспеуге болмайды: «Әкемнен өмір алсам, ал Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым», – деген екен Ескендір Зұлқарнайын. Мен де Ескендір патшаның сөзін қайталағым келеді. Әрі ұстазым, әрі әкем Зақаңнан арлылық пен мейірімділік, батырлық пен әділдік, адалдық пен қарапайымдылық сияқты асыл қасиеттерді бойыма сіңірдім. Зақаң маған күшіме емес, адал ісіме сенуді үйретті. Адал арымның ақ мамық жастығы болатынын санама сіңірді. Шындыққа деген сүйіспеншілікті өмірлік ұстаным етуге баулыды. Сол үшін де ұлағатты ұстазыма мәңгілікке қарыздармын». Шәкірттің осы бір жүрекжарды пікірінен Зарқын ағаның адамгершілік қасиеттерінің биік екендігін, өмір бойы атқарған ісінің арты жемісті де жеңісті екендігін көруге болады.
2001 жылы Зарқын Сыздықұлы қазақ филологиясы кафедрасының жанынан ашқан журналистика бөлімі бүгінде жеке отау тігіп, журналистика кафедрасы атанып отыр. Алғашқы жылдары бакалавр мамандар ғана даярланса, қазір магистрлер де оқытылады. Сабақ екі тілде жүргізіледі. Журналист мамандардан бөлек, түрлі мекемелерге қажет баспасөз хатшыларын даярлауды да қолға алып отырмыз. Студенттер практикалық дағдыларын университет жанынағы «Парасат» газеті мен арнайы студияда шыңдайды.
Зарқын ағай 2001 жылы АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің шақыртуымен осы елдің бес университетінде болып, лекция оқыды, семинарлар өткізді, халықаралық конференцияларда қазіргі БАҚ және журналистер даярлау мәселесі бойынша баяндамалар жасаған болатын. Зарқын Сыздықұлы салып кеткен сол сара жолды жалғап, мен де қазір мұхиттың арғы жағында тағылымдамада жүрмін. Нақтырақ Нью-Йорк фильм академиясында оқып жатырмын. Менің мақсатым – білімімді арттыру, білігімді жетілдіру. Кейін АҚШ-тың тәжірибесін жергілікті университетке енгізсем деген ойым бар.
Жол шалғай болғандықтан ағайдың 80 жасқа толған мерейтойына қатыса алар емеспін. Сондықтан жүрекжарды тілегімді газет арқылы жеткізсем деген ойым бар. Зарқын Сыздықұлы, Тәуелсіз ел тарихында өз қолтаңбаңыз бар тұлғасыз! Біз үшін құнды еңбектеріңіздің қыр-сырын танып, әр сөзіңізді ыждаһатпен ойға тоқи білу – үлкен бақыт! Сізді бүгінгі мерейлі күніңізбен құттықтаймын. Шығармашылық табыс тілей отыра, сізге және сүйікті де, аяулы анамыз, баршамызға қолдау көрсетіп, әр ісімізге дем беріп жүрген Гүлнәр апайымызға зор денсаулық, шаттық пен бақытқа толы ұзақ ғұмыр тілеймін!
Айсұлу ШАЙКЕНОВА, М.Қозыбаев атындағы
СҚУ-дың «Журналистика» кафедрасының доценті.
АҚШ, Нью-Йорк.
_____________________________________________________________________________________________________________________________
Айсұлу Шайкенова. Қасиетті кәсіп иесі. / А. Шайкенова // Солтүстік Қазақстан. – 5 мамыр.- Б. 5 2022