
1953 жылы туған, Омбы дене тәрбиесі мемлекеттік институтының жаттықтырушылар мектебін, Ресей кеден академиясын бітірген, қазақ күресінен Қазақстан Республикасының чемпионы.
1980 жылдан Солтүстік Қазақстан облыстық комсомол комитетінің спорттық-бұқаралық жұмыс бөлімінің меңгерушісі болды. Балалар арасында «Былғары доп», «Алтын шайба» жарыстарын өткізді. Облысымызда «Ақ бидай», «Солтүстік» ауыл-село спортшыларының мерекесін ұйымдастырушылардың бірі. 1990 жылдан «Динамо» ерікті спорт қоғамын басқарды. Бүгіндері облыстық күрес федерациясына жетекшілік етеді. Облыстық спорт ардагерлері кеңесі басқармасының мүшесі, қысқы Азия ойындарының алауын ұстау құрметіне ие болды.
Бауыржан Ниязұлы Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы. Қажымұқан Мұңайтпасов, Жазылбек Қуанышбаев атындағы жүлделердің иегері. Біздің облысымызда қазақша күрестен тұңғыш спорт шебері. Өңірімізде спортты, саламатты өмір салтын насихаттауға белсене қатысады. Спорт қайраткері және облысымыздағы кеден қызметінің бірінші бастығы ретінде есімі Солтүстік Қазақстан облысының энциклопедиясына жазылған.