
1947 жылы туған, Қарағанды медицина институтын тамамдаған.
Еңбек жолын Петропавл қаласындағы авиаотрядтың денсаулық сақтау пунктінің меңгерушісі болып бастады. 1981–1990 жылдары облыстық аурухана бас дәрігерінің орынбасары, одан кейінгі бес жылда облыстың бас терапеві болды. Ол үш жыл республикалық міндетті медициналық сақтандыру қорының облыстық бөлімшесін, екі жыл медициналық қызметтерге төлем жөніндегі орталықты басқарды. 2001–2010 жылдары «№ 2 қалалық аурухана» КМҚК-ның бас дәрігері қызметін атқарды.
Іскер ұйымдастырушы, бастамашыл және талап қойғыш басшы ретінде тұрғындарға медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыруға үлес қосты. Оның басшылығымен № 2 қалалық ауруханада жаңа кардиологиялық бөлімше ашылып, облыс орталығында сырқаттардың жүрегіне ота жасау жолға қойылды.
Бейбіт Мұқышқызы облыстық, қалалық мәслихаттардың депутаты болып, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысты. Ол 2009 жылы «Жыл адамы» атағын алды. «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы саяси кеңесінің мүшесі, облыс дәрігерлері қауымдастығының төрайымы. «Шапағат» медалімен, «Парламентке 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен, Құрмет грамоталарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталған. Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі.