С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
90 жастың төріне озған «Құрмет белгісі» орденінің, көптеген медальдардың иегері, Аққайың ауданының құрметті азаматы Зәйіт Қаскеев ағаның мерзімді баспасөз жұмысының ыстығына күйіп, суығына тоңып, екі тілде жазатын қаламы ұшқыр тәжірибелі журналист болғанын, кезінде Журналистер одағына мүшелікке қабылданғанын көпшілік біле бермейді. Қариямыздың өткен өмір жолына зер салсақ, дүние есігін аша небір қиындықтарға тап келгенін, қазақтар қынадай қырылған ашаршылық нәубетін бастан кешіргенін аңғарамыз. Бір үзім нанға зар еткен «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен шақта әке-шешесі мен туған-туыстары іш жақта бас сауғалап, Краснояр өлкесіне табан тірейді.

Үлкендер ит тұмсығы өткісіз ну орманның түкпірінде орналасқан алтын шығаратын кеніште жұмыс істеп күнелтеді. Көздері жәутаңдаған шиеттей балалар суық заманның бойларын билеген ызғарын сезініп өседі. Осылайша жетіледі, шынығады, шымырланады. Елге оралғаннан кейін 5-ші сыныпты қазіргі Аққайың ауданындағы Аралағашта бітіріп, қалған оқуын Петропавлда, Булаевода жалғастырады. Жасынан еңбекқорлыққа дағдыланған, ізденімпаздық, мақсат-керлік қасиеттерді бойына ұялатқан ол екі жылдық мұғалімдер институтында оқып жүргенде облыстық «Ленинское знамя» газетіне хабарлар, мақалалар жазып, тілші ретінде танылады. Диплом алған соң осында қызметке шақырылып, араға уақыт салып «Ленин туы» газетіне ауысады. Түрлі тақырыптарға қалам тербеп, көзге түскен талапты жасты комсомол аттай қалап шақыртып алады.
Ол облыстық комсомол комитетіне нұсқаушы болып орналасып, кейін Совет (Аққайың) аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалады. Жастықтың қызуы бойында лапылдап, жалын атып тұрғанда аудандық «Социалистік еңбек», «Социалистический труд» газеттерінің редакторлығына тағайындалады. Алматы жоғары партия мектебін тамамдаған соң қайтадан басшылық баспалдағына көтеріледі. Соколов аудандық партия комитетінің хатшысы. Бөскөл аупарткомының екінші хатшысы болып сайланады. Қайда жіберсе да іскерлік. біліктілік таныта біледі, үлкен беделге ие болады. 1972 жылы оны облыстық атқару комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі етіп қызметке қабылдайды, мұнда да жоғары жауапкершілігімен, биязы да сыпайы мінезімен, бекзат болмысымен танылады. Саналы ғүмырының ширек ғасырға жуығын осы салаға арнайды. Еліміз егемендік алып, бұрынғы облыстық кеңес мәслихат болып ауысқанда да басшылық оның бай тәжірибесіне сүйенеді, тәлімгерлік өнегесін жастарға үлгі етеді.
Ағамыз сырттай жуас, ізетті көрінгенімен, жұмыста өзгелерден қатаң тәртіпті, істің сапалы орындалуын талап ететін мінезге ие. Мәселелерді талқылауға қатысқанда немесе ойпікір алмасқанда бүгежектеуді білмейді, нақтылықты, дәлдікті ұнатады.
Зәкең өткенді сағынышпен еске алғанда өмірінің үлкен мектебіне, биік белесіне айналған, жастарды дүр сілкіндірген тың эпопеясы жорықтарына соқпай кетпейді. Бауырлас республикалардан алғашқы тың игерушілердің келгені бүгінгідей көз алдында. Көктемнің қара суығында, жауынды-шашынды, дауылды күндері оларды қарсы алу, оларға жайлы жағдай жасау жолында атан түйеге жүк боларлық шаралар атқарылды. Еріктілерді Петропавл, Мамлютка, Булаево, Қарақоға, Смирново станцияларынан қарсы алып, трактор тіркемелеріне отырғызып межелі жерлерге жеткізеді. Сол жылы иен далада «Жданов», «Молодогвардейск», «Булаев», «Таман дивизиясы», «Докучаев», «Целинный», «Москворецкий», «Комсомол» секілді 12 кеңшар құрылды.
Тұрмыстық тапшылық, басқа да мәселелерді шешуге зор күш жұмсады. Комсомол органдарында тиімді жүмыс істегенін айғақтайтын Құрмет грамоталары, Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің үлкен және кіші күміс, қола медальдары, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «VI дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалін дайындауға және өткізуге белсенді қатысқаны үшін» берілген естелік белгілер әлі сақтаулы, жанына ыстық. Естен кетпес естеліктер сағым сияқты артта буалдырланғанымен, айшықты іздері көңілінде сайрап жатыр. Қонақжай Қазақстан қайсысына болсын құшағын айқара ашып, бауырына басты. Шулы да дулы кезеңнің қайталанбас бақытты шағын өнерлі қыз-жігіттер асқақтатып, кез келген ортаны жайнатып жіберетін. Армения, Молдова, Чувашиядан музыкалық аспаптарын арқалап келген жастар, жоғары оқу орындары мен техникумдардың студенттік құрылыс жасактары өзінше бір әлем болатын.
Қоныс аударушылардың біразы тұрақтап, шаңырақ көтерді, отау тікті. Тұрғын үйлер, басқа әлеуметтік нысандарының, мал шаруашылығы кешендерінің бой көтеруіне белсене атсалысты. Көше абаттандырылды, жолдар асфальтталып, жатақханалар, мектепке дейінгі мекемелер салынды. Алғашқы су құбырларын тартумен «Уралнефтегазстрой» ұйымы айналысып, кейін арнайы трест құрылды. Зәйіт Тілеубайұлы өңірді өмірінің бөлінбес бір бөлшегіне айналған тың және тыңайған жерлерсіз елестете алмайды. Осы жылдарды ойға оралтса, сол кездегі ұрпақтың жанкешті қимылы мен батылдығына, Отанға деген сүйіспеншілігіне, ынтажігеріне, рухани төзімділігіне таңғалысын жасыра алмайды.
Құдай қосқан қосағы Жұмабике Боранбайқызын ерекше қастерлейді, ол дегенде шығар жаны бөлек. «Бұл есім балаларының анасы, немерелері мен шөберелерінің әжесі» деген қасиетті ұғымды білдіреді деп жиі айтып отырады. Құдай қосқан қосағы екеуі Астанада, Қарағандыда, шетелде оқитын балаларын, немерелері мен шөберелерін үнемі қолдап, амандығын тілеп жүреді. Олардың атасына тартқан оқуға, мамандық алуға және лайықты азамат болуға деген ұмтылыстары қуантады.
Диляра ХАСАНОВА, облыстық әкімдік аппараты жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы.
__________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
/ Диляра Хасанова. Болмысы бөлек жан. / Д. Хасанова // Солтүстік Қазақстан. – 26 қараша.- Б. 3 2022.