«КММ С. Мұқанов Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы»ММ Атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Бірде Уәлиханов ауданына қарасты Мырзағұл ауылына жолымыз түскенде «Теке» деп аталатын ақсортаң тұзды көлдің жағасынан тынығушылар қарасының үзілмейтіні таңырқатқан еді. Шілденің шіліңгір ыстығында мұнда туристер Ресейден де үзбей келіп, ем-дом қабылдайтын көрінеді. Ертіс алабындағы су айдынының шығысында – Мырзағұл, солтүстігінде – Жұмысшы, Өндіріс, Бидайық, батысында – Шағырсай, Көбенсай, оңтүстігінде Амангелді, Тілеусай елді мекендері орналасқан. Жалпы ауданы 266 шаршы шақырымды құраса, ұзындығы – 33, ені 20 шақырымға дейін созылып жатыр. Суының көлемі, шамамен, 10 млн. текше метр. Қазаншұңқырының беткейі – жайпақ. Жағалары -тік, жарлы. Кей жерлерінің биіктігі 6 метрге дейін жетеді. Көлге ұзынды-қысқалы өзендер мен жылғалар құяды. Көнекөз қариялардың айтуларынша, өткен ғасырдың аумалы-төкпелі кезеңінде бала-шағаны аштықтан аман алып қалу үшін көлдің тұзын аршып, көршілес Омбы облысының мұжықтарына азық-түлікке айырбастаған. 1960 жылдары Мәскеуден экспедиция арнайы ат басын тіреп, Теке көлінің суын, сазбатпағын, жерасты байлығын зерттеп, фосфор барын, сапасының өте жақсы екенін анықтаған. Кейін түрлі себептермен жер қойнауын барлау тоқтатылған. Қытайлықтар бертінге дейін экологиялық таза тұзды суда ғана өмір сүретін қызыл шаяндарды жинап әкетіп, дәрілік, шипалық мақсатқа пайдаланған. Айтпағымыз, жанға сая, ауруға ем мұндай қасиетті мекендер Қызылжар өңірінде көп кездескенімен, қадірін жете бағалай алмай жүрген секілдіміз. Солардың бірі – Мамлют ауданында орналасқан Меңгесер көлі.
Осыдан он шақты жыл бұрын белгілі кәсіпкер Нағашыбай Барлыбаев осы көлдің жағасында шипажай тұрғызу мақсатымен ауданнан бастап, республикаға дейін талай емен есіктердің табалдырығын тоздырды. Алайда, бір-біріне допша қақпақылдап, әрлі-берлі сенделтіп қойған қағазбастылық, бюрократтық кедергілерден әбден мезі болып, қолды бірақ сілтеген. Тым болмаса шипалы балшықтың шарапатын петропавлдықтар көрсін деген ниетпен облыс орталығында шипажай ғимаратын тұрғызған. Ондағы ойы Меңгесердің суы мен тұзын осында тасып әкеліп, аяқ-қол, омыртқа, буын, бел, тізе ауруларына ұшыраған науқастарға арнап емдік балшықпен сылап емдейтін, осы заманға лайық сауықтыру орнын, оңалту орталығын ашу еді. Алайда, шипалы балшықтың химиялық құрамын талдап, анықтауға жеке қаражатыңды салуға тиіссің деген талап алдынан қызыл түлкіше бұлаңдап шыға келген. Тағы да маңдайы тасқа тиіп, біржола түңілген. Мұндай бальнеологиялық қоры бар рекреациялық ресурстарды жекелеген кәсіпкерлердің игеруге шамалары жетпейді. «Бағалау бағасы өте қымбат. Құжаттамалық рәсімдеу жұмыстары мемлекет тарапынан атқарылмаса, іс ешқашан алға баспайтынын лауазымды тұлғалардың түсінбейтіні қынжылтады. Мен оны тәжірибемнен жақсы білемін», – дейді Нағашыбай
Сабырұлы. Осылайша, жекеменшік сауықтыру санаторийін жұртшылық игілігіне жарату бастамасы қолдау таппай, аяқсыз қалған.

Әйтпесе, мың да бір дертке дауа табиғи сордың, қара батпақтың, тұзды судың дәрумендері, емдік қасиеттері зерттелгенін, беделді ұйымдар, білікті ғалымдар арқылы ғылыми талдаудан өткенін билік тұтқасын ұстап отырған шенеуніктер білмейді емес, біледі. Зерттеулер нәтижесі, санитарлық-бактериологиялық сараптамалар күткендегіден де асып түскен. Емдік балшық құрамы минералдық қоспаларға өте бай. Осындайда 2018 жылы Петропавл қаласында туризмді дамытудың жаңа мүмкіндіктері кеңінен талқыланған Қазақстан мен Ресей арасындағы XV өңіраралық ынтымақтастық форумы еріксіз ойға оралады. Халықаралық маңызға ие алқалы басқосуда баяндама жасаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов жасыл желекке бөленген өңірде ішкі туризмді өркендетудің мол мүмкіндіктеріне тоқталған. Еліміз бойынша туристік әлеуеті жоғары он топқа енген Имантау-Шалқар курорттық аймағын табиғаттың нағыз саябағына балаған. Сөзінің соңында Меңгесер көлін Израильдің Өлі теңізімен салыстырған. Балшығы жұмсақ, ылғал сақтағыш. Бальнеологиялық құндылығы өте жоғары. М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дің профессоры Наталья Белецкая жетекшілік еткен экологиялық топ көлді арнайы зерттеп, адам ағзасына тигізер орасан пайдасын, суы мен балшығын остеохондроз, остит, миозит, тағы басқа буын-сүйек, бүйрек, тері, асқазан-ішек жолы ауруларына қолдануға болатынын дәлелдеген.
Бүгінде туризм әлемнің өркениетті елдерінде экономиканың негізгі драйвері саналады. Оны табысты салаға айналдырып, мол пайдаға кенеліп отырған мемлекеттер аз емес. Қазақстанда да туризмнің барлық бағытын жандандыруға деген құлшыныс басым. Бүкіләлемдік банктің деректеріне сүйенсек, еліміз инвестициялық тарымдылық жөнінен дүниежүзіндегі 20 елдің сапына қосылады. Ал шетелдік тікелей инвестициялардың жан басына шаққандағы көлемі бойынша алдыңғы орындарда. Мұның өзі туристік бизнестің жүйелі сипат алуына сенімді алғышарттар жасап отырғанын байқауға болады. Оның үстіне бүкіләлемдік туристік ұйымның толық мүшесі екенімізді ескерсек, өзге елдермен терезесі теңдес үлкен әлеуетке иеміз. Бұл орайда табиғат-ананың өзі бере салған, тарту еткен орындар туристер үшін қолайлы орта қалыптастыруға сұранып-ақ тұр. Өкінішке қарай, өңірде әлі күнге дейін қарабалшықпен емдейтін бірде-бір сауықтыру орны жоқ. Адамдар алысқа сабылуға, оның ішінде көбіне шетел асып, Қорған облысының Медвежка шипажайына баруға мәжбүр. Жұртшылық тарапынан «Меңгесерге барып келдік. Ешкімнің меншігінде болмағандықтан, иесіз қалған. Санитарлық тазалық мүлдем көңіл көншітпейді. Қарапайым жағдайдың өзі жасалмаған. Суға түскенімізге мәзбіз», – деген реніш сөздерді жиі естіп жатамыз. «Ана жолғы ыстықтарда жолымыз түскенімен, өзімізді иен далада қалғандай сезіндік. Бірде-бір белгі тақтайша ілінбеген. Не дәретхана орнатылмаған. Ем-дом алушылар қарабалшық «ваннасын» қабылдау уақыты шектеулі екенін білмегендіктен, күні бойы тұзды судан шықпайды. Оның денсаулыққа зиян екенін түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Сондықтан қазіргі заманға ыңғайлап бальнеологиялық шипажай тұрғызылса деген өтініш айтқым келеді. Сонда қазақстандықтармен қоса шетелдіктерді де көптеп тартуға мүмкіндіктер туар еді. Қалай десек те, балшықпен емдеу-сауықтыру жүйесін құруды Меңгесерден бастау барлық жағынан қолайлы», -дейді таныстардың бірі.
Бұл мақаланы жазуымызға, бір жағынан, газетіміздің белсенді оқырманы Ғали Еленбаев түрткі болды. Ол редакцияға телефон соғып, әңгімесін «Qyzyljar» телеарнасында өткен «Әкім сағаты» бағдарламасынан бастап, сөзінің соңын мына мәселеге әкеліп тіреді. «Бағдарламаны бастан-аяқ көрдім. Онда туризм жайы да қозғалып, жаз шыға жан-жақтан адамдар қаптап кететін Меңгесер көлі жағасында шипажай салынады дегенде елең ете қалдым. Құм төселген жағажай, қонатын, жуынатын жер, дәмхана бой көтеріп, тағы басқа қажетті жағдайлар жасалатынын естіп, қуанып кеттім. Бұл айтылғандар қашан іске қосылатынын білгім келеді», -деп сыр суыртпақтаған еді өтініш иесі.
Ғали Жарқынұлының сауалына тиісті мекемелер Еркебұлан Мәмбетов және Дмитрий Шарапаев секілді іскер кәсіпкерлер сервистік қызмет көрсетуге белсене кірісетінін, пандемияға байланысты кідірістердің орын алып отырғанын, берген сертке берік азаматтардың Меңгесер көлі маңында сазбалшықпен емдейтін шипажай тұрғызуға, айналасын абаттандыруға мүдделі екенін жеткізді. Олай болса, әліптің артын күтейік.
Өмір Есқали
Soltustik Qazaqstan
_________________________________________________________________________________________________________________________
Есқали, Ө. Дертке дауа тұзды көл /Ө. Есқали //Солтүстік Қазақстан. – 2020. – 2 шілде. – 4 б. (о проблемах благоустройства соленого озера Мингесер, имющего лечебные свойства (на территории Мамлютского района)