Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) тамамдаған соң алып шаһарды артқа тастап, өмірін қызырлы Қызылжардағы «Ленин туы» газетімен байланыстырған игі жақсының бірі -Қазақстанның құрметті журналисі, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Амандық Жантеміров. Қаламгердің зайыбы Бәтима Сағындыққызының жұбайы туралы айтқан тәтті естеліктері ғұмырын жазу өнеріне арнаған тұлғаның өмірдариясын көз алдымызға әкелгендей әсерге бөледі.

Амандық Жантеміровтің есімі Қызылжар жұртшылығына жақсы таныс. Қаламгердің «Жеті атаңды білесің бе?», «Доктор от Бога», «Қапсыт (Аткелтір)», «Қызылжар өңірінің өшпес шежіресі», «Ата-қоныс — Ақтомпақ», «Сағындырған ауылым» кітаптары көзі ашық, көкірегі ояу оқырмандардың сүйікті туындысына айналған.
— Мен 1995 жылы Ресейдің Қорған облысынан Қызылжарға қоныс аудардым. «Солтүстік Қазақстан» газетінің журналисі Әскер Әбілқайыровпен көрші тұрдық. Ол кісі менің руымның Керей-Қапсыт екенін біліп, «Телеарнада жұмыс істейтін Амандық Жантеміров деген журналист сізге туыс бола ма?» — деп сұрады. Анамның қыз күнгі тегі Жантемірова болған соң туыстығы бар шығар деп ойладым. Ол кісімен жақын араласып, отбасылық досқа айналдық. 2004 жылдың көктемінде жұбайым өмірден озды. Көп ұзамай Амандықтың жары Қалима Мағзұмқызы қайтыс болды. Осындай қайғылы оқиғадан кейін екеуіміз екі жарты бір бүтін атандық. Амандықпен өткізген 17 жылдан астам уақыттың әр сәті бақытқа толы болды, — дейді жақсының жары.
Бәтима апайдың анасының 1945 жылы туған Аманбай деген інісі болған. Кейде құжат толтырғанда қателесіп, Амандық Жантеміровтің кейбір қаламақысы Аманбайға, Аманбайға тиесілі дүниелер Амандыққа телініп кетіп жүріпті.
Амандық Мырзахметұлы — көзі тірісінде үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген жан. Туыстарымен сыйласып өмір сүрді, жақындарынан қолдан келген жақсылығын аянып қалмады. Облыс орталығына ат басын бұрған ауылдастары Амандық ағамыздың үйіне соқпай кетпейтін. Қаламгер болса оларды құдайы қонақтай қарсы алып, бәріне айқара құшақ ашып, қонақжайлық көрсетіп, баладай көңілімен даладай дастарқан жайып, күтетін.
«Қолы ашық, ақкөңіл еді. Жанына жақын тартқан адамына қалтасындағы соңғы ақшасын беруге даяр тұрушы еді. Адам баласын алалауды білмейтін. Дүйсенбі мен Қалиманың мәңгілікке тыныстап жатқан жері — Қызылжар ауданындағы Петерфельд ауылы. Екеуінің де басын көтеруге Амандық атсалысты. Айналасына жанашырлықпен қарап, құлағанды қолтығынан демеп, үнемі қол ұшын беруді ойлап тұратын еді», — дейді Бәтима Сағындыққызы.
Саналы ғұмырын журналистикага арнаған қаламгерді Қызылжардың жылнамашысы десек артық айтқандығымыз болмас. Ол қаланың көркеюіне және облыс экономикасының нығаюына елеулі үлес қосып жүрген еңбек адамдарын кеңінен насихаттап, очерктер мен мақалалар жазды, радио, бейнехабарлар ұйымдастырды. Социалистік Еңбек Ерлері — сылақшы-сыршы Хайни-Жамал Мусина, жүгеріші Төлебай Мұстафин, тігінші-моторист Сәруәр Байсарина, мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшенев, белгілі кинорежиссер Аяған Шәжімбаевтар туралы жазған мазмұнды материалдары оқырман жүрегінен орын алды. «Амандықтың тағы бір жақсы қасиеті — өз кәсібіне адалдығы. Жазған-сызған дүниелеріне өте ұқыпты қарайтын. Қолжазбаларын жинап жүрді. Зейнетке шыққанда редакция журналистері жиі хабарласып, түрлі тақырыпта мақала жазып беруін өтінеді. Солардың біріне «жоқ» деген емес. Келесі күні жазу үстеліне отырып, дайын мақаланы редакцияга өзі апарып беретін», – деп еске алды Бәтима апай.
Журналист қандай ақпаратты болмасын өз оқырманы мен көрерменіне сапалы әрі сауатты жеткізуі керек. Газет те, телеарна да қатені кешірмейді. Амандық Жантеміров жергілікті телеарнадан, газеттен кеткен қателерді көріп қалса, дереу материал авторларына қоңырау шалып, түзетуге тырысатын. Мұндай кездері Бәтима апай: «Елдің мазасын алып қайтесің? Ертең ренжиді. Жағаласа берме», — дейтін болған. Ағамыз сын айтылғанда ғана мін түзелетінін жақсы білді. Оның ағалық ақыл-кеңесін алған әріптестері ардагер журналистің жанашырлығына ризашылық білдіруден танған емес.
Амандық ағай — өз мамандығын сүйген, саланың ыстығы мен суығына күйген жан. Өз ісін сүйгені соншалықты зейнет демалысына шықса да, жазудан қол үзген жоқ.
«Амандық екеуіміз сауда орталықтарын жиі аралайтынбыз. Ештеңе алмасақта, кіріп-шығу қалыптасқан әдет. Жазда саяжайға барамыз. Самаурынның шайын ішіп, түрлі тақырыпта әңгімелесетінбіз. Сол күндердің сағымға айналғанына көңіл сенбейді. Күндердің бір күнінде қайта оралып келетіндей болады да тұрады», — деді жақсының жары.
Отбасы — шағын мемлекет. Оның да өз президенті, өз министрі, өз халқы болады. Барлық дүние сыртқа жайылмай, үй ішінде сақталғанда ғана отбасының берекесі артады. Біз азаматтар қауымы отаға атанып, үй иесі болсақ та, отбасының ұйытқысы да, сәні де, мәні де — әйел. Әйелің жақсы болғанда ғана салиқалы өмір сүресің. Ел қатарынан қалмай, сый-құрметке бөленесің. Отбасыңның жылуы болмаса, алған атағың да, лауазымың да төрт құбылаңды теңестірмейді. Өз әулетінің абыройын ойлаған адам адал еңбек, тура жолды арман-мақсатының негізіне айналдырып, болашаққа нық қадам жасайды. Өз тегінен безгендердің жетістіктерге жетуі мүмкін емес. Жеткен күннің өзінде де қуана алмайды. Кеудесін қуаныш кернемеген адамға құт қайдан бітсін? Сол қуаныштың да әйел затымен сабақтасып тұрғанын кейде ұмытып кететініміз бар. Әйел — Ай, Әйел — Күн, Әйел — дана. Ай болмаса, түн ажарынан айырылады. Күн болмаса, әлем жарық болмас еді. Дана болмаса, биіктерден көріне алмайтының бесенеден белгілі.
Амандық Жантеміров
Бәтима апай әңгіме барысында Амандық ағайдың балажан болғанын айтты. Бала десе, ет-жүрегі елжіреп тұратын болган. «Қызымның кішкентайлары үйге келгенде «аталап», Амандықтың мойнына асылатын. Баламен бала болып, ойнайтын еді. Оларды сауда үйлеріне, демалыс орталықтарына апарып, сұрағандарын әперетін», — деді ол.
Жұртшылық Амандық Жантеміровтің сөзшең, қай тақырыпты болмасын майын тамызып тұрып әңгімелейтінін жақсы біледі. Оның бұл қасиетіне әсіресе Ресейдегі туыстары таңданыспен қарайтын болған.
— Әкемнің туған жері — Жамбыл ауданындағы Жалтырша ауылы. 3 жасында ата-анасы Ресейге қоныс аударуға мәжбүр болыпты. Өзім 1952 жылы Ресейдің Қорған облысы, Мокроусовский ауданы, Карпунино ауылында дүниеге келдім. Орыс ауылында өсіп-өнген соң қазақ тіліне шорқақтығымды жасырмаймын. Амандық: «Сенің қасыңда жүрген соң қалай орысша сөйлеп кеткенімді аңғармай қаламын» — деп әзілдесуші еді, — дейді Бәтима апай.
Бәтима Сағындыққызы да газет өмірінен алыс емес. Он үш жыл Ресейдің Мокроусовский аудандық газетінде корректор, жауапты хатшы болып қызмет еткен. «Жеті атаңды білесің бе?», «Қапсыт (Аткелтір)», «Қызылжар өңірінің өшпес шежіресі», «Атақоныс — Ақтомпақ», «Сағындырған ауылым» кітаптарын шығарған қаламгердің бауыры Амантай Жантеміровпен бірігіп, Қостанай облысындағы Рудный қаласында ғұмыр кешкен, отандық медицинаның дамуына өзіндік үлес қосқан, ауған соғысының ардагері Амангелді Мырзахметұлы туралы жазған «Доктор от Бога» кітабының шығуына бір кісідей атсалысқанының өзі журналистикаға көрсеткен құрметі деп білеміз.
Амандық Жантеміров — уақытпен санаспай, өндірте жазған қаламгерлердің бірі. Бәтима апайдың айтуынша, түнгі екі-үштерде шырт ұйқысынан оянып кетіп, жазу үстеліне отыруды әдетке айналдырған. Апамыз мұның себебін сұрағанда: «Ойыма түрлі деректер келді. Соларды ұмытып қалмай тұрғанда жазып қояйын», — деп қысқаша жауап беретін болған. Журналист дүниеден озарын білгендей, соңғы кітабын жинақтап, баспаға беруге әзірлеп кетіпті. Оны жарыққа шығаруды інісі Амантай қолға алған. «Кітаптың атауы — «Қарақамыс — Қапсыттар мекені». Өз ісіне мұқият болғаны сонша кітаптың қалай безендірілетінін, материалдарды рет-ретімен қойып, мазмұнына дейін жазып кетіпті. Бірақ бұл туынды өзінің ойлағанындай болды ма, болмады ма? Нақты айта алмаймын. Жылдық асына жиналғандардың бәріне үлестірдік», – дейді жақсының жары.
Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Иван Шухов, Сафуан Шаймерденов, Қасым Қайсенов, Ғафу Қайырбеков, Алексей Белялинов, Қуандық Шаңғытбаев сынды тұлғалармен дидарласып, жақсының ізгілігін бойына сіңірген Амандық Жантеміровтің жарқын бейнесі оқырман жүрегінде ұзақ уақыт сақталары сөзсіз. Жүрегі таза, көңілі ақ азаматпен бір шаңырақ астында 17 жыл ғұмыр кешкен жақсының жары Бәтима Сағындыққызының отбасылық сыры осылай өріледі.
Самрат Құскенов. «Екеумізді тағдыр табыстырған» // Солтүстік Қазақстан.- 2025.- 22 шілде. – 6 б.