С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
XX ғасырда жасағандардың іс-әрекеті, ой-санасы да осыған ыңғайлас болғандықтан пешенелеріне бақты да, сорды да батпандап сыйлағанын көзімізбен көрдік, ол аз болса тарих бетін парақтап білдік. Қуаныш пен шаттық сияқты өкініш пен опық та қатар жүретін көрінеді.

Бұл ойлар Ғабит Мүсірепов сынды дәуір перзентін еске алғанда өзінен-өзі оралатын сияқты. Өйткені Ғабит ғұмыры осы XX ғасырдың тірлігін көзге көрсетуге әбден лайық толқынды теңізде жүзген пенденің қалпын аңғартқандай. Алғашқы мәнді шығармасының «Тулаған толқында» аталуы тегін емес. Бірде өмірдің жарқын да ажарлы бетін сүйсе, бірде тұңғиығына батып, қасірет шексе де өмір тауқыметіне иілмей, өз дағдысынан жаңылмай өтуге ниеттенуінің өзі оның адами келбетін, пенделік сипатын ажарландыра түскенін байқаймыз. Өмірден абыройлы аттанғандардың бірі болуының сыры өз болмысын заманаға ыңғайлай бермегендігінде ме деп те қаламын.
Соның нақты дерегін біз көбінекөп сабырлы да салмақты ойдың иесі, көркем сөздің зергері Ғабит Мүсіреповтің айрықша ажарлы шығармаларынан, сыншылық; пікірі мен көзқарасынан табамыз. Дауылды заманда айтылған-жазылғандарды уақытынан бөліп алып қарап, бүгінгі түсінікпен баға беру кешегі әсіре тапшылдықтан қалған жаман әдет, өткеннің бәрін даттауға ыңғайланып тұратынымыз дұрыстыққа бастай бермейді.
Сондықтан сабырлы мінезімен салмақты да қомақты ой айтуға талаптанған, не жазса да көзге елестеткен және көрінген жерде желпілдеп, көзге түсейін деген пиғылдан аулақ болған, немесе жантәттілік жасап, бүралып-иілмеген, иманын сатпаған дарынның тактикалық бұрылыстарын емес, стратегиялық мақсатын көз жанарымызда ұстасақ қана, орынсыз даңғазадан, ажарсыз қимылдан аман боламыз. Әйтпесе, ауыр ойын әдемі де сұлу жазып бере білген ұлы қаламгердің жетегіне еріп кетіп, қайдан шығарымызды білмей қалу қаупі де жоқемес.
Қазір жұрттың құлағында ғана емес, аузында жүрген «Бесеудің хаты», «Бейімбет жау болса мен де жаумын деген батырлық сөздері», онан кейін қазақ тілінің тазалығын сақтауға үндеуі сияқты ұтқыр да өрелі ойларын теріп тізгеннен Ғабеңнің бар қасиеті айқындала қоймас. Оның жан дүниесін ел-жұртқа жайып қойған көркем шығармаларынан, әсіресе, ойтолғаныстарынан іздеген абзал. Ол үшін тер төгу, тереңге сүңгу қажет.
Жақсы айтты ма, жеткізіп айтты ма, әлде қысастықпен айтты ма, Әлжаппар Әбішевтің Ғабең жаназасында айтқан сөзі әлі құлағымнан кеткен жоқ. «Біз алыптар тобының ең соңғы тұяғымен қоштасып тұрмыз» деген-ді. Әрине, өмір тоқтамайды, қазақ мәдениеті суалып, тартылмайды, бірақ дауылды заманда арпалысып өткен алып топтың ең бір зергерінен айырылғанымыз рас. Қазіргі бұлыңғыр, аумалы-төкпелі, өтпелі заманда «Әй, қойсаңдаршы!» деп тоқтам айтар ақсақалға зар болып отырғанымыз өтірік емес қой.
Алыптар тобы несімен қымбат еді қазақ еліне? Ең алдымен, көлкөсір даналығымен қымбат еді. Бұл үшін жоғары білім, кандидат-доктор, профессор-академик болу шарт емес. Бұдан олардың қайсыбірі құр алақан да емес, алайда құдай берген түсінік-түйсіктері күшті, ақыл-парасатқа кемел еді. Төңкерістер заманында алаштап ат қойғандардың табиғи таланты халықтық негізден бастау алғандықтан әрі зәмзәмдай қасиетті, тасбұлақтың суындай нәрлі, әрі жаралы жүрекке дәру, ер көңілге қажыр-қайрат, шабыт дарытқаны даусыз. Сондықтан Әлихан, Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Мағжан, Жүсіпбек есімдерін сағыныш сазына бөлеп қамыға айтатынымыз, Сәкен, Ілияс, Бейімбетті зор өкінішпен еске алатынымыз, Мұхтар, Сәбит, Ғабиден, Ғабиттерді медет тұта сөйлейтініміз, тындырғандарына қуана пікір білдіретініміз қазір уақыт таразысында. Олардан дала кемеңгерлігін тартып ала алмаймыз, сондықтан олар қазақ дейтін бағы қайтадан жана бастаған халықтың рухани көсемдері болғанын ашық айтуға тиіспіз. Олардың әрқайсысы өз заманына лайық бола білді. Уақыт пендесі екендіктерін еш ұмытқан жоқ. ХХ ғасырда білектің күші, найзаның ұшы емес, ақыл-сананың қуаты мықты екенін олар алдымен түсінді де, қайраткерлік жасады.
Аумалы-төкпелі заманда ел ісіне араласқан Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Әлімхан Ермеков, Абылқайыр Досов, Нәзір Төреқұлов, Абдолла Асылбеков, Сейтқали Меңдешев, Жанайдар Сәдуақасов, Ыдырыс Мұстамбаев, Ғаббас Тоғжанов, Қаныш Сәтбаев, Нәзипа Құлжанова, Сара Есова, Халел Досмұхамедов сынды толып жатқан ер-азаматтардың айбынды толқындарын еске алғанда, олардың қазақ мәдениеті мен әдебиетіне етене жақын болғандығына қуанайық.
Бұлардың қай-қайсысы болмасын қазақ тарихы, мәдениеті, әдебиеті дегенде ішер астарын жерге қойып, өз ойын тартынбай, қиналмай айтып, жазған кемеңгерлер еді. Таңертеңнен кешке дейін саясат сауып отырмай, қолына домбыра алып күй шерткен, өлең айтқан, жыр шығарған, сын жазған, ғылыммен айналысқан. Аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсетін, дым сыза білмейтін, төрдегі орындығын ғана бағып, кім көрінгенге жалтақтап күн кешкен кейінгілер бұл даналарымызды мәдениетіміздің төмен кезіндегі «универсалдар» деп кекете сөйлеп, олардың мұрасын төмендетпек болғаны өтірік емес.
«Универсализмнің» соңғы тұяғы Ғабең еді демегенмен, ақыл-парасаты әрқашан аузын ашқаннанақ аңғарылатындардың ең ірісі болғандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан Ғабеңнің көркем шығармалары өзінің ажарымен, сұлулығымен, әдебиет жайындағы ойының шұрайлылығымен мәдениет теңізіне құйып, қазақ тарихына ұласып жатқанымен қадірлі,
Түбі көрінер таяздардың шығармасы жайыңда тақ-тұқ сөйлеп, тез аяқтауға асықсақ, Ғабеңдей хас шеберге кезіккенде не істеріңді білмей, пәлсапа соғып, айдынға түсіп кетуге жүрексінетін сәт те аз кездеспейді. Өйткені зергер соққан дүниенің қыр-сырын біле қою оңай емес, сұлулыққа сұқтанған уақытта оның басқадан өзгешелігі мынау деп дөп басып көрсете қою, өз көңіліңмен сезгеніңді өзгенің кезіне елестете қоюдан қиын нәрсе жоқ.
Қазақ әдебиетінің кенжелей дамыған драматургия саласына өмірі қартаймайтын, әрі таймайтын «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу», замана тақсіретін өнерпаздар арқылы көрсеткен «Ақан сері – Ақтоқты» қазақ сахнасынан түспейтін классикалық туындылар. Әрі-беріден соң, біздің әдебиетіміздің тарихында Ғабиттің орнын жарқыратып көрсететін ұлы шығармалар. Оны Мұхтар Әуезовтің өзі мойындаған және ағынан жарылып былай деген: «Ғабит Мүсіреповтің айрықша атап өтетін ірі пьесалары: «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» және Ақан сері туралы жазылған «Ақан трагедиясы» атты пьесалары. Біздің жұртшылық анық жоғары бағалайтын Мүсіреповтің бұл драмалық шығармалары адамның сезімін, көңіл, мінез құбылысын, аңсау-арманын ақындылықпен сыйпаттайды. Қазақ драматургиясы Мүсіреповтің сол трагедияларының табыстары арқылы жалпы драматургиялық мәдениеттің биік сатысына көтерілді». Шынайы ойда желбуаз көпірме сөз болмайтынын осыдан-ақ аңғарамыз. Әлемдік драматургияның биігінен көріну қаламгер үшін аз олжа емес.
Алдыңғы ағалардың «универсализмі» жөніндегі ойдың екпінімен Ғабеңнің проза саласында тындырғандарын тізе бермей, өзі үшін де, қазақ прозасының өсіпжетілуі үшін де үлкен әсері болған «Қазақ солдаты», «Оянған өлке» романдарын, қарасөзбен жазған «Кездеспей кеткен бір бейне» поэмасын, «Ұлпан» повесін атаудың өзі-ақ ұлы қаламгерлікті танытса керек.
Ал өзі зергер суреткер болған соң өзгелердің жазғандарына өз биігінен, өрелі таным-білікпен баға бергені белгілі. Ақын-жазушылардың ішінен қиястығы мен қытымырлығы қасынан жүргізбейтін сын саласына жүрегінің түгі барлар, өзгеге айтар ақыл-парасаты барлар ғана жақындайды. Ол заманда да, бұл заманда да айтары барлар ғана, өзінен өзгеге бөліп берері барлар ғана ескексіз қайықпен көркемдік теңізіне түседі. Солардың ішіңде ең талғампазы Ғабит Мүсірепов болғаны әмбеге аян.
Жалпы әдебиетке, оның ішінде жауынгер жанрда тұңғыш тартқан қаламы 1924 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Қисық сынға әділ төре» деген мақаласы еді. Атының өзі Ғабит қаламгерлігінің қаншалықты айшықты да сұлу боларын аңғартқандай.
Онан кейінгі сансыз мақалалары, сөйлеген сөздері, жасаған баяндамалары филология ғылымдарының докторы, Ғабең мұрасының шын жанашыры Әбдіхамит Нарымбетовтің құрастыруымен «Суреткер парызы» (1970), «Уақыт іздері» (1977), «Заман және әдебиет» (1982) атты жинақтарына еніп, Ғабеңнен қалған сыни ойдың үлгісін көрсетіп тұр.
Өмір бойы бірге өсіп, қазақ әдебиетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Сәбит Мұқановтың Ғабең жөнінде атап-атап көрсеткен ерекшеліктеріне назар аудармай өту мүмкін емес. «Ғабиттің жазушылығын тұтас алғанда өзіне тән бірнеше өзгешеліктері бар: бірінші – бойына сіңбеген тақырыпқа жармаспайды, екінші -бойына сіңірген тақырыбын тез жазып тастауға асықпайды, үшінші – жазатын шығармасына күй таңдайды, күйі жетпесе игерген тақырыбын да жаза қоймайды, төртінші – шығармасына өте ұқыпты, сондықтан хал-қадерінше жеткенше олпы-солпысыз шығарады, бесінші – тілге үнемшіл, сипаттап отырған оқиғасына жәрдемі жоқ сөзді қолданбайды, алтыншы – жарқылдақ сөздерді көбірек қолданып, шешен сөйлеуге тырысады, жетінші – адам портретін жасауға қазақ жазушыларының ең шеберінің бірі» деп ағынан жарылып, білімдарлықпен айтқанын естен шығармайық.
Тұрсынбек КӘКІШЕВ, (Жалғасы бар).
_________________________________________________________________________________________________________________
/ Солтүстік Қазақстан .-1 ақпан.- 5 бет.-2022 жыл.