С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Жеңіс күні де жетті. Біреулер Ұлы Отан соғысы дегенге қарсы, екінші дүниежүзілік соғыс дейді. Кім білсін, дұрыс та шығар бір жағынан, жоқ КСРО-ны несіне дәріптей береміз. Дегенмен менің білетінім – қазақтардың осы жеңіске сіңірген еңбегі орасан. Аталарымыздың қан майдандағы ерліктерін айтпағанның өзінде, тылдағы еңбегінің өзі қандай. Аузынан жырып соғысқа жіберді. Бұғанасы қатпаған бала да, қаусаған шалкемпір де аянған жоқ. Әжелеріміздің еңбегін айтсаңызшы бәрінен бұрын. Қасірет пен қайғыны да, ауыртпашылық пен өктемдікті де көп көрді. Сонда да сағы сынбай, жарық күннен үмітін үзбей еңбек етті. Сондықтан Жеңіс күнін біздің санамыздан өшіру мүмкін емес, Бұл күн батыр аталарымыздың рухы алдындағы борышымыз болып қала бермек.

9 мамыр күні ауылда аталарымыз біркиерін іліп, орден-медальдарын тағып, ескерткіштің жанына жиналатын. Құттықтаймыз, сыйлық береміз, концерт қоямыз. Олар болса, ортаға жайғасып, әрқайсысы өз немересін алдына алып, төбесінен иіскеп отыратын, Қазір сол кадр көз алдыма келгенде, аталарымызға Құдайдың берген басты сыйы, тартқан зардабы мен қайғы-қасіретінің өтеуі, біз, яғни ұрпағы екенбіз ғой деп ойлаймын. Оларға бізден артық ештеңе керек жоқ еді, сыйлығы да, басқасы да, әйтеуір біз аман болып, көз алдында жүрсек, одан артық бақыт жоқ деп отыратын. Еміреніп, айналып-толғанып, әркім өз баласын жетектеп әкетеді сол жерден. Артық-ауыс сөз, килігу, мақтану да жоқ. Қарапайым, Құдайға қараған жандар еді. Бірақ осы жуастардың ел басына күн туғанда қатуланып, жауды жапырып, қанды қасаптан қалай аман қалғанын елестетудің өзі қиын. Біз мақтанамыз. Менің аталарым батыр болған деп. Еске аламыз, сағынамыз, жаман атымызды шығармауға тырысамыз. Қолымыздан келетіні сол ғана.
Біздің әулеттен үш адам аттаныпты соғысқа. Үлкен атамыз Мырзахмет аудандық қаржы бөлімін басқарғандықтан броньмен тылда қалса, інісі Нұрахмет тұтқынға түсіп, Германияның да, Кеңес одағының да концлагерьлерінің зардабын бір адамдай тарткан адам. Ғалымжан атам соғыста көлік жүргізушісі болып, жеңіс күнін Австрия астанасы Венада қарсы алған. Ал туған атам Рақымжан Сталинград, Ленинград түбіндегі соғыстарға қатысқан. Кескілескен ұрыстардың бірінде снарядтың жарықшағы өкшесін жұлып кетіп, ауыр жарақатпен елге оралды. Туған жеріне келгесін еңбек майданына араласты. Ал нағашы атамның әкесі Ғалым мен бауыры Қабдол екеуі де қан майданда опат болды.
Журналистік жолды таңдағалы бері өңірдегі біраз ардагермен жүздестім. Ерекше есімде қалғаны Ақтай Кәкенов ақсақал еді. Сержант, артиллерист. Қызыл Ту, «Қызыл жұлдыз», I, II дәрежелі Отан соғысы ордендерінің иегері. Аққұба келген қолтоқпақтай ғана кісі еді. Әңгімесі қандай еді, шіркіннің. «Қарасам, бір танк келе жатыр, сорокопяткама снарядты салдым да, наводитьтеп гүрс еткіздім, танк айналма қой сияқты шыр айналды да қалды», – деп қызық қып айтатын жарықтық. Бала сияқты аңқылдаған адам еді.
Петр Ноянович атанып кеткен Сейпілмәлік Уақбаев ағай нағыз интеллигент еді. Талай жыл мәдениет саласын басқарған адам, асықпайтын, саспайтын, артық сөйлемейтін. Үнемі парктегі орындықта таяғына сүйеніп отыратын. Көрген сайын бұрылып барып сәлем беремін, балаша мәз болып, қуанып қалады. Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысқан. Кейін Украина жеріндегі соғыста ауыр жараланады. «Есім кіресілі-шығасылы болып жатқанда санитарлардың дауысын естідім, сөйлеуге әлім жоқ. Мені өлді деп ойласа керек, қасымнан өтіп кетті. Тек түнде ғана шамалы есімді жиып, өрмелөй бастадым. Қараңғы, қайда бара жатқанымды білмеймін. Екі аяғым бастырмайды, сүйретіліп келеді. Бір уақытта немістердің даусын естідім. Бұрылып, кері еңбектедім. Есім бір кіріп, бір шығып, әйтеуір, таң ата өзімідікілерге жеттім. Госпитальда қанға ірің шапқан деп екі аяғымды кесіп тастамақ болды, 20 жасымда аяқтан айырылу деген сұмдық емес пе, келісім бермедім. Әйтеуір, дәрігерлердің арқасында 8 айдан кейін балдақпен елге оралдым», – деп еске алатын.
90 жасқа келсе де жалаңаяқ жүгіріп жүрген Ерденбай ақсақал туралы Ақжар ауданына барып, арнайы бағдарлама жасағанмын. Ширақ болатын сол кезде. Ойын-қалжыңға кетары емес, қуақы кісі еді. Тележурналистің олжасы сөйлейтін адам емес пе, біраз сырға қанығып едік сол жолы. Жүгіргені былай түрсын, басымен тік тұрып, жерден серпіле көтеріліп, жас жігітше жаттығу жасағанда өзіміз де қайран қалып, таңцай қақтық. Қазақтың сүйегі асыл дейтін сөзі осындай адамдарға қарата айтылса керек.
Кішкенекөлдегі Аусағит Мұқашев атамыз да көкірек көзі ояу адам еді. Қазір қазақ күресінен облыс намысын қорғап жүрген балуан – Алтынбек Аусағитовтың атасы. 100-ден асып барып қана қайтты. Өзі Омбы облысының тумасы, 1939 жылы 20 жасында әскер қатарына алынып, 66-артиллериялық оқу полкінің курсанты болады. Соғыс басталғанда 191 -атқыштар полкінің танк ротасында майданға аттанады. «Еуропаға дейін жеттім. Алайда Берлинге аз ғана қалғанда Кенигсберг түбінде ауыр жарақат алдым. Варшавадағы госпитальда жатқанда жаудың жеңілгенін түнгі он екілер шамасында естідік, гипстегісі бар, жүре алатындарының бәрі далаға ұмтылып, балаша қуанып едік», – деп еске алып еді бір кездескенде
Партизан Қуанышбай Байманов ақсақалмен де жүздестім. Есіл ауданына қарасты Жарғайың ауылының тумасы, бертін қалаға көшіп келді. Бала күнімде Қасым Қайсенов пен Әди Шәріповтің шығармаларын сүйсініп оқығандықтан, сол күндер жайлы сұраймын. Ол кісі, мүлдем есіне алғысы келмейді. «Жаюлы төсек тұрмақ, жылы үйге кірудің өзі арман еді, Украина мен Беларусьтің ну ормандарында ағаштан күрке жасап, соны паналаймыз. От жаққанда тығылып, бір орынға тұрақтамай жүре береміз. Екі рет ауыр жараландым, Құдайдың көрсетер жарығы бар екен, аман келдік қой, сұрақ қойып қинама мені», – деуші еді. Бертін Беларусь пен Украина президенттерінің Алғыс хатымен марапатталды. Соғыста жүргенде «үздік пулеметші» медалін алғаны тағы бар.
Қожатай Некібаев атамызды музейге апарып, ППШ ұстатып қойып, камераға түсіргенмін, өзі соғыста автоматшы болған кісі ғой. «Былай-былай оқтайсың», – деп сартылдатқанда жас солдат секілді лыпып тұрғанын, дағды деген ұмытылмайтынына көз жеткізгенмін сол жолы. Қағылез ғана адам. Жеңіс саябағындағы кездесулерде ұрпақ тәрбиесі турасында көп айтатын. Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған жанның әр әңгімесі тағылымға толы.
Сапар Дүйсенов ақсақал нағыз батыр тұлғалы адам еді. 30 жылдан астам прокурор болған жан. Шашы, сақал-мұрты, тіпті қасына дейін әппақ. Нағыз ақсақал болды. Әңгімелесудің өзі ғанибет еді. Әрқайсысымен сұқбаттасқаннан кейін ерекше бір әсер алып, туған атама деген сағынышым қайта оянатын. Әсіресе Сапар атайдың: «Жауды жеңгеніңе қуанасың, әрине, аман қалғаныңа шүкіршілік етесің. Бірақ есі дұрыс адамның соғысты қалауы ақылға қонымсыз», – дегені санамда жатталып қалыпты.
Серік Смағұлов – ішкі істер органдарының ардагері. Билегені қандай еді. Жеңістің 60 жылдығына орай өткізілген салтанатты шеруге барған 35 ардагердің бірі. Қазан вокзалында жас қызды белінен қапсыра құшақтап, шыр айналдырдым деп, күлдіруші еді. Сөзінің жаны бар екеніне өзім де талай куә болдым. Жеңіс саябағындағы «60-тан асқандарға» арналған би кештерінде сыры кетсе де сыны кетпеген талай «қыз-келіншекті» құшақтап, вальс билеп жүруші еді.
Мәжікен Ғаббасов атамыз 2011 жылы 90 жасында өмірден озды. Ол кісі еліміз Тәуелсіздік алған жылдары облыста алғашқылардың қатарында «Парасат» орденімен марапатталды. Адал еңбегі үшін кептеген наградалармен, соның ішінде Еңбек Қызыл Ту, «Қызыл жұлдыз», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Ел алдында сыйлы кісі еді. Сөзі де, ісі де нық болатын.
Әрбір үшінші солтүстікқазақстандық соғысқа аттанған екен. Солардың 45364-і оралмаған. Қаза тапқаны бар, хабарсыз кеткені бар. Қазіргі өлшеммен алсақ, екі ауданның тұрғындарына тең адам мерт болған екен ғой. Осыдан-ақ соғыстың зардабы мен қасіретін біле беріңіз.
Майданға аттанған 55 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанса, 11-і Даңқ орденінің толық иегері. «Олардың арасында Жәлел Қизатов, Ысқақ Ыбыраев, Әбу Досмұхамбетов бастаған аталарымыз батыр атанды.
Бұл мақалада есімі аталған майдангерлердің ішінде Қожатай Некібаев атамыздан басқасының бәрі бақилық болған, жатқан жерлері жарық болсын батырлардың!
Сағындық МАУҒАЗИН, «Soltustik Qazaqstan«.
____________________________________________________________________________________________________________________________
Сағыдық Мауғазин. Мен көрген майдагерлер. / С. Мауғазин // Солтүстік Қазақстан. – 7 мамыр.- Б. 4-5.- 2022.