«Ер есімі — ел есінде». Бұл сөздің мағынасы терең, мәні зор. Оған екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қан майданда ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің, соғыстан елге аман оралған ардагерлер есімдерінің ел жадында мәңгі сақталғаны дәлел. Солардың бірі — менің атам Сейфулла Тасимов.
Атам 1925 жылы бұрынғы Көкшетау облысы, Чкалов ауданы, Октябрь ауылында дүниеге келген. 17 жасқа толғанда әскерге шақырылып, Орынбор қаласында қару ұстауды үйренеді. 1942 жылы соғысқа аттанған. Сол жылдың жазында Сталинград шайқасына қатысыпты. Жаяу әскер катарында барлаушы болған. Елге 1949 жылы жаралы болып оралған.
Мен мектепте өтетін жиындарда атамның батыр болғанын айтып мақтанамын. «II дәрежелі Отан соғысы» ордені және «Ұлы Отан соғысына 40 жыл», «КСРО Қарулы Күштеріне 70 жыл», «Ерлігі үшін», «Германиядағы жеңісі үшін», «Еңбек ардагері» медальдары ардақты атамның ержүрек болғанын айғақтайды.
Атам 1957 жылы Зейнеп әжеммен бас қосып, Қорқытбай, Сағидолла, Нұрлан, Мұрат атты төрт ұл мен Ғалия, Ботагөз, Күләш атты үш кызды өмірге әкеліп, оларға тәлімді тәрбие берген. Бүгінде біз — немерелері мен шөберелері атамызды мақтанышпен еске аламыз. Жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында барлық ұрпақтары жиналып, атамның зиратына барып, рухына Кұран бағыштаймыз.
Бүгінгі бейбіт өмір ардагер аталарымыздың қанымен, маңдай терімен келді. Олар ұрпағының бейбіт заманда өмір сүруі үшін қасық қаны қалғанша соғысып, жарқын болашақ орнатты. Біздің міндетіміз – осындай батыр жандардың ерлігін ешқашан ұмытпай, тарихымызды қастерлеу, елге адал қызмет ететін азамат болу. Тек сол кезде ғана батыр жандардың біз үшін еткен ерлігін лайықты бағалаған боламыз.
Диляфруз Тасым. Менің атам батыр болған // Солтүстік Қазақстан.- 2025.- 13 мамыр.- 6 б.