«Qyzyljar» креативті орталығында есімі өңір жұртшылығына жақсы таныс журналист, публицист, әнші-сазгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Шашубай Малдыбаевтың 75 жасқа толуына арналған «Армысың, аңыз қалам -Қызылжарым» aтты салтанатты шара өтті.
Жиналғандарға ең алдымен мерейтой иесінің өмірі мен шығармашылығы жайлы бейне-фильм көрсетілді. Мерейтой иесін Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев құттықтап, Шашубай Малдыбаевқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын табыс етіп, кеудесіне «Алтын Барыс» төсбелгісін тақты.
Қызыл сөзі көне түркі тілінде алтын деген мағынаны білдіреді. Қызылжар-ұлттық руханиятымызды дәріптеп, сал-серілердің ізін жалғастырған, ата-бабаның шығармашылығын өлтірмей, ілгері дамытып келе жатқан небір алтын азаматтарға тұғыр болған киелі өңір. Шашубай Малдыбаев ағамызды алтынный сынығы десек артық айтқандығымыз болмас. Саналы ғұмырын ұлт руханиятының дамуына арнаған азаматтың әдебиет пен мәдениетімізді ілгерілету жолындағы еңбегі ерен. Шашубай Малдыбаев – қазақтың ғасырлар бойы жинақталған құндылықтарын бүгінгі күнге жеткізген ұлттық руханияттың шырақшысы, – деді Мәлік Отарбаев.
Содан кейін облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов сөз алып, Шашубай Малдыбаевтың ұлттық құндылықтарды түгендеу жолындағы еңбектерін тілге тиек етті. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің құттықтау хатын табыстап, қуаныш иесінің арқасына шапан жапты. Көкшетау қаласынан келген жазушы-журналист, қоғам қайраткері, «Арқа ажары» Ақмола облыстық газетінің директоры Жабал Ерғалиев Шашубай Ғалымұлының журналиста қызметі жайлы әсерлі сөз сабақтады.
Мерейтой иесінің сыныптасы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменов ардақты азаматтың балалық, жігіттік шағындағы естеліктерге терең бойлап, жүрекжарды лебізін білдірді.
Шашубай Малдыбаев еңбек жолын 1971 жылы қаламгерлердің бірнеше буынын тәрбиелеген қарашаңырақ – облыстық «Soltustik Qazaqstan» (бұрынғы «Ленин туы») газетінде бастаған. Шығармашылық кеште «Қызылжар-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас редакторы Нұргүл Оқашева сөз алып, мерейтой иесін қуанышымен құттықтап, ұжымның атынан сый-сияпат тарту етті.
Менің қырық жыл ғұмырым сүйікті қалам – Қызылжарда өтті. №2 қазақ мектеп-интернатында, қарашаңырақ-»Soltustik Qazaqstan» газетінің редакциясында өткен әрбір күнім жүректі тербететін сағынышқа айналды десем, еш қателеспеймін. Ақ қайыңдар өлкесінде туғанымды елеп-ескеріп, құрмет көрсеткен-деріңізге рақмет айтамын. Бүгінде Алматы облысындағы Қаскелең қаласында түрып жатырмын. Туған жерге деген тәтті сағынышым, махаббатым әнге айналып, көңілдерге қонақтауда, -деген Шашубай Малдыбаев жерлестерінің ыстық ықыласына ризашылығын білдіріп, «Сенің маған қарағаның секілді», «Ардагерлер» әндерін айтып, кештің шырайын кіргізе түсті.
Кеш барысында мерейтой иесінің «Қызылжарым», «Ән-жырым – Жамбылым» әндерінің тұсауы кесіліп, тыңдармандардың көңілінен шықты. «Құрмет» орденінің иегері Дәмеш Құрманкина, Мәдениет саласының үздігі Біржан Есжан, белгілі әншілер Балтабай Рамазанов, Жеңіс Қабдолбәриев, Алтынгүл Сыздықова, Нариман Жолдасбековтердің орындауындағы әндердің «құлақтан кіріп, бойды алғанын» жиналған өнерсүйер қауымның көрсеткен қошеметінен байқадық.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltustik Qazaqstan».
Суретті түсірген Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.
Бекмұрат Ш. Сегіз қырлы, бір сырлы азамат // Солтүстік Қазақстан.-2024.-30 қараша.-3 б.