С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
1931 жылдың қаңтар айында Шыңғыстауға (Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласының маңы) сол кездегі Қазақ мемлекеттік баспасының бас редакторы, жазушы Сәбит Мұқановтан арнайы хат келеді. Хатта ол Шәкәрімнің еңбектерін басып шығаруға көмектесетінін және сол үшін қолжазбаларын жіберуді өтінеді. Кейін Шәкәрім Құдайбердіұлы Сәбит Мұқановқа жауап хат жазады. Хат мәтіні «Шәкәрім: ғылыми-танымдық басылымынан» (Алматы, 2013, 377-379 беттер) алынды. Сол жылдың күзінде Шәкәрім Құдайбердіұлы жазықсыз атылғаны белгілі. Демек, бұл соңғы хаттарының бірі болуы мүмкін. Хат мәтінін газет оқырмандарына ұсынбақпыз.

«Ардақты Сәбит бауырым! XII. 11 жазған хатыңызды жаңада ғана алдым. Бүгінгі Аягөзге жүрмек адамнан осы хатымды асығыс жаздым. Қолымда барынан аз ғана жазбамды жібердім. Олар: «Бәйшешек бақшасы», «Нартайдың әңгімесі», «Қазақтың түп атасы», 25 жасымда жазған «Бозбала мен кәрілік», 32 жасымда жазған «Баламен айтысып жеңілгенім». Қолымда қаражаттың жоқтығынан бұларды өзіңіз почта қаражатын төлеп алар деп доплатной қылдым. Бұрын басылған «Қазақ айнасы», «Еңлік – Кебек», «Қалқаман – Мамыр» деген өлеңдерімді әрбірінен өз қаражатыммен 1000 дана бастырып елге таратып едім. «Қазақ қырғыз, хандар, түрік» шежіресін де бір мың қылып бастырып таратып едім. Соларды балаларға іздетіп, шежіренің бір жыртылып қалғаны табылып, бұрынғы басылғанында қате бар һәм қосылмаған сөздер бар болғандықтан, көшіріп жатырмын түзетіп. «Әділ-Мәрия» деген романымның көшірмесі Алматыдағы осынан барып қызметке тұрған Бақдәулет Құдайбердіұлында шығар. Оның тұрағы Алматыда, Лепсинский көшеде, №63. Сол балада Американың Бичер-Стоу деген әйелі жазған құлдар тұрмысы жайынан «Том ағай балағаны» деген қазақшаға аударғаным бар шығар. Бірақ оларды бастырам деп рұқсат алып еді. Бұл екеуін бір баламыз өлең де қылып еді. Табылса, менің сөзше жазғанымды бастырғаныңыз мақұл. Өлеңшесін өзіңіз білесіз.
Қолымда «Шын бақ әңгімесі» деген пьесаға аударуға лайықты бір романым бар болса да, басқа кісі оқи алмастық черновой болғандықтан көшірмей жіберуге болмайды. Және Пушкиннің «Дубровский» деген романын қазақша өлеңге аударып, ана бір жылы Семейде бастырып еді. Ол үйде бар еді, мына адамнан жіберуге болмады. Бұлардан басқа да аудармаларым, өлең сөздерім бар еді. Бірінші, уақыт тығыз болып, екінші, 45 жасымнан бергі өлең сөздерім философия жағына салынып, «об отвлеченного вопроса объективное рассуждение» болғандықтан, «өкімет басуға рұқсат қылмас және бұл кезде халыққа тарату да лайықсыз ба» деп жібермей қалдым. Себебі – жан сыры, жаратылыс сыры, дүниедегі тамам шатақ діндер туралы жазылған. Қырықтан аса бергенімде «Жан не? Дін не? Барша адам қалай жаралған? Адамға Жаратушы жағынан не өзінің ар, ынсабы жағынан салынған міндет бар ма? Болса ол не? Адамда толық ерік бар ма? Жан өлгеннен соң жоғалатын зат па? Адам бұл өмірде не қылған жөн?» деген сияқты ылғи дене сезімімен сезілмей, іш жаққа, әдетіне, дініне, нанғанына, құмарына бұрылмай ойлайтын -нүктесі таза ақылмен ғана білетін істер туралы: дін ғылымы, ғылым ғалымы, ойшыл философтардың бұл туралы жазған кітап, айтқан сөздерін өзімше сынға алып, дұрысын алып, терісін тастап шығарған қорытындыларым еді. Мен «пәлен пайғамбар, түгілен философ, профессор айтты» дегенге тоқтап қалмайын. Өз ақылым қабыл алмағанды кім айтса да теріс көрем. Бірақ ақыл қабыл аларлық дәлел айтса, ол кім болса да бас ұрам. Мақтанып кеттім. Мақтан емес, іздегенім тамам адам пайдасы болғандықтан, ақылым айтқан ақиқатты айтпай тұра алмайым. Еріксізбін. Міне, осыны айтып отырғанымда адамшылықарым «барша адам баласына пайдалы деп отыз жыл инемен құдық қазып тапқан хақиқатты неге жіберіп, алдымен осыны басуын неге тіленбейсің?» деп еркімді билеп, «Жан сыры, жаратылыс сыры» деген қысқаша қорытындымды тағы жібердім.
Әттең, дүние, осыны құры қазақша ғана басып қоймай, орысшаға жақсы переводпен (смыслын) переводтап, ғылымды азаматтың бірі еңбек етіп, переводын өзіме көрсетер ме еді? Қазақшасы тез басылып шығар ма еді? Тірі күнімде не қарсы айтыпған дәлелді сындарын, не білімді ойшылдардың қабыл алғанын біліп өлсем армансыз болар едім. Бұл Жан сыры, жаратылыс сыры» басылмайтын болса, тез қайтарғаныңызды өтінем. Лажы болса, колжазбаларымның бәрін қайтарып отырарсыз.
Тағы бір тілегім – менің қай жазбам болса да басылысымен баспахана қаражатымен маған әрқайсысынан елу данасын жіберсеңіз екен. Балаларыма, достарыма мирас деп беру үшін. Қайсысы басылса да, «Мұтылған» деген атыммен басылғаны жөн болар еді. Бір сөзім, менің кейбір өлеңдерім қазақты бұрынғы өлең, жырларының әнімен айтылмайды. Әрқайсысының өзім шығарған әні (мотиві) бар. Әнді хатпен ұғындыруға болмайды. Өзім барып ұғындыруға, жергілікті екімет басындағы кейбіреулердің қараңғылығынан, қолда қаражат, баста бостандық қалмай тұр. Қош! Бақытты болыңыз!
Мұтылған (Шәкәрім Құдайбердіұлы). «Хат 1931 жылдың 3 ақпанында жазылған».
Баспаға ұсынған Зарқын ТАЙШЫБАЙ, Қазақстан Жоғары мектебі ұлттық ғылым академиясының академигі.
_________________________________________________________________________________________________________
/Солтүстік Қазақстан.-5 ақпан.-5 бет.- 2022 жыл.