Смағұл Сәдуақасұлының қазақ халқының есін жиып, іргесін бекіте бастаған аласапыран кезеңінде елге сіңірген ерен істерін негізінен ғалымдар жақсы біледі. Егер барлық халқымыз білсе, ел таныса, билік оны көрсе биылғы 125 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде аталып, оған орталық бюджеттен қаражат бөлініп, есімі лайықты құрметтелер еді. Еліміз тәуелсіздігін алған елең-алаң шақта ұлттық арыстарымыз керемет ұлықталды. Абылайдың, Қабанбайдың, Бұхар жыраудың, одан берідегі Мағжанның тойлары ұлан-асыр көлемде өтіп, олардың жарқын есімдері халықтың жүрегіне жетті. Той арыстарымыздың туған жерінен басталып, астанадағы жиындармен аяқталатын. Сонда олардың еңбектерін халық біліп, есімдері елге кеңінен жайылатын.
Бірақ біздің халқымызға жамандық қана емес, жақсылық та ұнамай қалатын кездері жиі болатын құбылыс. Сондай ұлықтауларды өзіне-өзі артық көріп, мерейтойлар көп болып кетті деп, тұмсығының астынан ұрланып жатқан миллиардтарды көрмегендер ұлт арыстарының тойына шашылған миллиондарды көп көріп, сөз қылмағандар кемде кем. Соның кесірінен мерейтойларды атауды бірден «жетім қыздың тойындай» дәрежеге түсірдік.
Смағұл Сәдуақасұлындай дара қайраткеріміздің мерейтойы да соның кебін киіп, өзге аймақ түгіл өзінің туған жерінде де бір қуатты дүмпумен емес, жалғыз қыздың сыңсуындай кейіпте өткелі жатыр. Алаш арысының мерейтойы Астана, Петропавл және Семейдегі университеттерде болатын ғылыми-практикалық конференциялармен шектелмек. Ескерткіш қою, фильм түсіру, Астана мен Петропавлда, аудан орталығында бір-бір көшенің атын беру де әлі шешілмеген күйде қалып отыр.

Жуырда біз Смағұл Сәдуақасұлының туған жеріне арысымыздың ауылдастарының көңіл күйін, аталарының тойын қарсы алуға қандай дайындықтары барын, көңілдерінің құлшынысы қандай екенін білмек болып сапарлап қайттық.
Смағұлдың туған ауылы Жарқын Ақжар ауданына қарайды. Бұл ауданға Тайынша қаласын басып барады. Мұнда тың игерушілер де, оған дейінгі Ресей мен Украинадан көшіп келген шаруалар да, жер аударылғандар да, соның ішінде поляктар да көп қоныстанған. Сондықтан да елді мекендердің атаулары тегіске жуық өзге тілде. Ал Ақжар ауданы басталғаннан қазақы Ащыкөл, Ақжарқын, Дәуіт деген сияқты әдемі қазақ атауларымен қуантады. Ақжардың өзі кезінде Ленин және Ленинград деп аталған екі ауданның қосылуы нәтижесінде 1997 жылы кұрылған. Жергілікті ұлттың үлесі 80 пайыздай.
Өкінішке қарай, Дәуіт стансасынан әрі Ақжар ауданының жолы шұрық-тесік. Республикалық маңызы бар Көкшетау-Бидайық (шекаралық бекет) тасжолы осы жерден өтеді, бірақ 2-3 жыл бұрын басталған жөндеу жұмыстарының ұшы-қиыры жок, тас-талқан болып жатыр. Жолға жауапты республикалык «Қазавтожол» АҚ көрінеді, сол кәсіпорын мердігермен екі жыл бойы ортақ тіл таба алмай, Ақжар ауданының орталығы Талшыққа апаратын 30 шақырымдай қашықтық жүрген жанның ит сілікпесін шығарады.
Талшық өзі біршама көрікті мекен, көшелері түзу, осы заманғы спорт сарайы, футбол стадионы сияқты нысандар бой көтеріпті. Петропавлдан 310 шақырымдай жерде орналасқан. Әттең «Талшық» деген қазақы атауының дұрыстығына ешкім -мән бермеген екен. Бұл талдан кіші — талшық деген сөзден алынған атау емес екені көрініп тұр. Осы маңда кезінде шілік көп өсіп, елді мекен атаулары «Байшілік», «Қарашілік» деп аталған. Бұл атаулар әлі де бар. «Талшық» та «Талшілік» деген атаудан шыққан. Оны білетін адамдар айтты. Ал «Талшық» деген бір заманда «Талчик» деп орысша жазыла салған, кейін қазақшалағанда «Талшық» болып шыға келген.
35 бала ғана қалған Смағұл Сәдуақасұлы атындағы шағын мектеп қана ауыл сәні болып тұр. Бұрын округке Ұялыдан басқа Ақсары және Жарқын ауылдары да қараған, алайда Жарқын ауылы 2013 жылы таратылыпты.
Ауылдың орталығындағы алаңда осыдан 20 жылдай бұрын Смағұл Сәдуақасұлының ортаңқолдау бюсті қойылған екен. Материалының сапасы нашар әрі күтімі ойдағыдай еместігінен шығар сыртқы бояулары түсіп, алдындағы өрнектеген тастарының да бір жағы кұлап қалыпты. Бізді қарсы алып, ауданды таныстырған ішкі саясат және мәдениет бөлімінің бастығы Әлия Бекболатова қарындасымыз мамыр мерекелері аякталган бойда ескерткішті жөндейміз деген уәдесін айтып жатыр. Аудан әкімі Рүстем Елубаев Астана қаласында болатын ғылыми-практикалық конференцияға баруға дайындалып жатқанын айтты. Осы шараның барысында аудан атынан ас берілетін көрінеді.
Осындағы мәдениет үйінің ішінде С.Сәдуақасұлы атындағы аудандық музей де бар екен. Оны бізге директоры Сәлкен Закарин көрсетіп, Смағұлға арналған бұрышпен таныстырды.
Мұнда біршама газеттерден алынған Смағұлдың, әйелі Елизаветаның, ұлы Ескендірдің суреттері және т.б. дүниелер бар. Осында арысымыздың күлі салынған капсуланы орнатқан гранит-қобдишаны көргенде көзімізге оттай басылды. Өйткені оны 2011 жылы Мәскеудегі Донской монастырьдың қабырғасынан қопарып алып келген төртеудің бірі болған едім. Сол 14 жыл бұрынғы оқиғалар есімізге түсіп кетті. Ол туралы кезінде жазылғандықтан қайталамайын.
Осы күннің ертесіне Алаш арысының кіндік қаны тамған Ұялы ауылдық округіндегі Жарқын ауылына бет түзедік. 150 шақырымға жуық бұл жолдың да тамтығы жоқ. Жоғарыда айтқанымыздай ұлы тұлғалардың мерейтойларын жергілікті жерден бастап атап өту туралы Үкіметте шешім қабылданып, ешкімге қол жаймай, республикалық бюджеттен өз уақытында қаражат бөлінген болса, бұл жолдар ендігі жөнделіп қалар еді. Ал қазір оның әрбір жері ғана жөнделген, Қарашілік ауылынан әрі кейбір елді мекендердін маңында 2-3 техникадан ғана жүр. Оның үстіне жаңа ғана жөнделген бөліктерді Қытайдың ауыр салмақты жүк таситын көліктері қайта бұзып, езіп кететін көрінеді.
Ұялы елді мекені өзі аттас ауылдық округтің орталығы, бір мыңға жуық тұрғыны бар. 35 бала ғана қалған Смағұл Сәдуақасұлы атындағы шағын мектеп қана ауыл сәні болып тұр. Бұрын округке Ұялыдан басқа Ақсары және Жаркын ауылдары да қараған, алайда Жарқын ауылы 2013 жылы таратылыпты. Мұнда Ғимадедин Ожаровтың шаруа қожалығы бар. Мал өсіріп, екі мың гектардай жерге дән егетін кәсіпорынның шаруасы осал емес. Ұялының өзінде де бірнеше табысты шаруашылықтар бар екен.
Осы Жарқын ауылының аумағындағы орны қалған ескі үйлердің бірінде Алаштың Смағұлдай дара ұлы шыр етіп дүние есігін ашқан. Бізге оның туған үйінің орнын ауылдық округтің әкімі Ғаділжан Кәрібаев көрсетті. Өкінішке қарай, ол жерге ешқандай белгі қойылмапты. Оған көп дүние керек те емес қой, үлкен бір тас орнатып, оған: «Осы жерде С.Сәдуақасұлы 1900 жылы өмірге келген» деп жазып қойсаңыздар және мал сүйкенбес үшін шағын қоршау жасатсаңыздар болды емес пе деген ұсынысымызды әкім түсіністікпен қабылдағандай болды. Егер белгі қойылса оның шығынын шаруашылықтың өзі-ақ көтеруіне болар еді. Өйткені Ғимадедин Ожаров — Смағұлдың аталас туысы, 2011 жылы Мәскеуге оның күлін әкелуге барған төртеудің бірі.
Смағұл Сәдуақасұлындай арыстың есімін иеленген Ұялыдағы орта мектепте бізді директор Қайролла Сыздықов қарсы алды. Осында жөн білетін, жол білетін ауылдағы ақсақалдармен кездеспек болған едік, олар түрлі себептермен келмей қалыпты. Мектептің өзі бір көрмеге жаман емес, іші-сырты таза. Музейінде қайраткердің мұрасын ұзақ жылдар зерттеген жерлесі Нұрым Сансызбайұлының және тарих пәнінің мұғалімі Манарбек Қойшыбаевтың жинаған біраз материалдары бар екен. Әсіресе Смағұл жайлы түрлі газеттерге шыққан мақалалар көп. Алайда олар жүйеленіп, авторы анық көрсетіліп, қай газетке, қашан шыққаны толық нақтыланбаған.
Осында Смағұлдың әйелі Елизаветаның (қазақша Зейнеп атанған) әскери дәрігер болып жүргенде түскен суреті де бар. Әскери шені анық көрінбейді, бірақ екі бірдей орденмен наградталғаны көрініп тұр. Сондай-ақ Смағұлдың жалғыз ұлы, асылдың тұяғы Ескендірдің де жігіт болған шағындағы әдемі суреті көз тартады. Бір топ қазақ ғалымдарының ертерек кезде, Көкшетау облысы тарамай тұрған уақытта облыстық кеңеске Смағұлдың есімін жаңғырту жөніндегі жариялаған үндеуі де осында орын алыпты. Үндеуге халқымыздың қалаулы ұлдары Манаш Қозыбаев, Рахманқұл Бердібаев, Серік Қирабаев, Зәки Ахметов, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Бейбіт Қойшыбаев, Мұзафар Әлімбаев, Нұрым Сансызбаев, Мәмбет Қойгелдиев, Айтым Абдрахманов, Батырхан Дәрімбет, Дихан Қамзабекұлы сияқты зиялылар қол қойған екен. Өкінішке қарай, Көкшетау облысы 1997 жылы тарап, жерінің біраз бөлігі, соның ішінде Ақжар ауданы Солтүстік Қазақстан облысына қарап, ал мұндағы басшылар ұлт зиялыларының үндеуін көрмей қалса керек, Смағұлдың есімін жаңғырту ісі шабандап қалған.
Мектепте біз Смағұлдың жерлестері — жас ұрпақ өкілдерімен де кездестік. Өкінішке қарай, олардың кейбірі Смағұлдың кім екенін білмейтін болып шықты. Біреулері ақын, екіншілері жазушы деді. Тек бір бала ғана құлағына бірдеңе тиген болу керек: «Ол біздің жерді қорғаған» деді. Смағұл Сәдуақасұлының жалынды мемлекет және қоғам қайраткері болғандығын, туған халқының мүддесін қорғап, аянбай, жанашырлықпен, батылдықпен, қайсарлықпен күрескенін және өте құнды шығармалар жазғаны туралы шағын әңгіме айтып беріп: «Жерлестерің — Смағұлдай аталарыңмен мақтанып, асыл азаматтың есімін ардақтай білулерің керек» дегенімізде көздерінде бір шоқ жылт еткендей болды.
Әрине, ауыл мектебіне көп сын таға алмайсың, дегенмен мектепке есімі берілген азаматты оқушыларға күнделікті таныстырып, оның шығармаларынан сахналық қойылымдар көрсетіп, қайраткерлік еңбектерінен де әңгімелер өткізіп, портреттерін де түрлі-түсті қылып жасатып, насихаттап отырса артық болмас еді. Тым болмаса ұлт ақыны Мағжанның жас Смағұлды «Қазақтың панасы, арқа сүйер ағасы» деп атаған өлеңін жазып қойса ғой дегің келеді.
Міне, Смағұлдың ауылынан біз осындай ойлармен аттандық.
Жақсыбай Самрат. Смағұлдың ауылында // Солтүстік Қазақстан.- 2025.- 20 мамыр.- 5 б.