«КММ С. Мұқанов Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы»ММ Атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Көзі тірісінде-ақ ел мақтанына айналған «Сөз зергері» атанған, қазақтың халық жазушысы, аудармашы, драматург, сыншы, қоғам және мемлекет қайраткері, академик, Социалистік Еңбек Ері, жерлесіміз Ғабит Мүсіреповтің туғанына үстіміздегі жылдың 22 наурызында 118 жыл толды. Яғни, осыдан 118 жыл бұрын қазіргі Жамбыл ауданындағы Жаңажол ауылының маңындағы Елтінжал қыстауында көрші ауылдардың тұрғындарымен қосыла Жыл басын тойлап, күрес, атжарыс, ақындар айтысы, алтыбақан, ән шырқалып жатқан шақта Махмұт пен Динаның үйінде үшінші ер бала дүние есігін ашады. Ол туралы Ғабит Мүсірепов бір әңгімесінде «…Қазір түсінгенімдей, менің мына өмірге келгеніме ешкім қуана қоймаған сияқты. Онсыз да көпбалалы отбасында тағы бір ұл дүниеге келді», — деп жазады. Бірақ менің ойымша сол күніжұлдызы жарық, жолы болғыш бала дүние есігін ашқан сияқты.
Ол қазақ арасында ислам дінінің мықтап орныққан кезі ғой. Сондықтан туған балаға ат азан шақырылып қойылған және оған, неғізінен. Құранда кездесетін есімдер таңдалған сияқты. Сол себепті балаға Ғабдул-Ғабит деп қосақталған ат беріліпті. Ғабдул — арабша құдайдың құлы, ал Ғабит — қуаныш, сүйініш деген мағына береді. Әрине, әдетте қосақталған осындай есімдерді айту күрделі болғандықтан, осы екеуінің біреуі ғана өміршең болатыны белгілі. Осы арада бірден айта кетейін, соңғы жылдары Ғабит Мүсіреповті халық қысқаша «Ғабең» деп атап кетті. Оның екі себебі бар. Біріншісі, қазақ халқы үлкен адамды атын атамай, сыйлы адам екенін осылай білдірген. Екіншіден — Ғабит Мүсіреповке Қызылжар өңіріне, яғни туған жеріне сапарларында бірге еріп келетін және өзім талай атқосшы болған жазушылар Қасым Қайсенов пен Ғафу Қайырбековтің айтуларынша, 1950 жылдардың соңына таман Алматы кинотеатрларының бірінде басты рөлді француз киносының жарық жұлдызы, Венициан және Берлин кинофестивальдарының екі мәрте лауреаты Жан Габен сомдаған фильм көр-сетіліпті. Содан кейін достары Ғабит Мүсіреповті «Габен» деп атап кетіпті. Ол жазушының өзіне де ұнаса керек. Сейтіп, артынан ер-келете айтылатын «Габен» сөзі «Ғабеңе» айналып кетсе керек. Бұл жолдас Ғабит Махмұтұлы деп айтатын кез еді.
Ғабеңнің болашақ өміріне, шығармашылық шабытының оянуына, әсіресе, Ботпай күшті әсер етсе керек. Осы жерде Ботпайдың Ғабеңе қандай туыс екенін айта кетейін. Жалпы, Ғабит Мүсірепов Керей ішіндегі Сибан руынан тарайды. Жеті атасына келер болсақ, Тоқмамбет — Шыныбай — Жолымбет — Еламан — Мүсіреп — Кәжімбай – Махмут болып кете береді. Осыған қарағанда Ғабиттің ата тегі Кәжімбаев болып жазылуға тиісті. Бірақ тағы да алдын орағыта айта кетейін, жаңа туған баланы қазақтың дәстүрі бойынша атасы Кәжімбайдың қойнына салыпты. Сондықтан Ғабит Мүсірепов те әке-шешесін «аға», «апа» деп атайтын болған. Махмұт пен Динадан туған басқа балалар – Хамит, Сәбит (ерте дүниеден өткен), Баязат, Гүлсім, Әшім — бәрінің тегі Махмұтов болып жазылады. Бұл туралы Ғабең «…Мен Пресногорьковтағы орыс мектебіне барғанымда фамилиямды сұрады. Фамилия дегенді білмейтін едім. Атаңның аты деп түсіндірді. Кәжімбайдың баласы болып жүргендіктен, менің фамилиям Мүсірепов болып шықты», — деп айтатын мұның мәнісін сұраған адамға.
Жалпы, Сибан ішіндегі бұл ұрпақ «Түркмен тұқымы» деп аталып кеткен. Менің ұлы атам Жантемірден бастап осы тұқыммен құдандалы болғандықтан, Мүсірептен тараған ұрпақтарды жақсы білеміз. Ертеректе атамның қарындасын осы тұқымның Бейсенінің Исахметіне айттырып, қосса керек. Ал бертінде «сүйек жаңғырту»‘ салтымен Исахметтің туысы Мақанның қызын айттырып, менің үлкен ағам Сапиға қосады. Сөйтіп, біздің отбасымыз «Түркмен тұқымымен» екі мәрте құда болып шығады.

Ал бұларды неге «Түркмен тұқымы» деп атайды? Оны осы жерде қысқаша айта кетейін. Құдамыз Мақанның (Сәбит Мұқановтың «Өмір мөктебіндегі» жылқышы Мақан) айтуы бойынша, Кіші жүзде, яғни қазақ елінің батысында түркмендермен жер үшін таласқан дау-дамайлар мен ұрыстардың біріне Сибанның Тоқпанбетінен тараған жасынан тентектеу, ат құлағында ойнаған Шыныбай да қатысады. Сол соғыста ол ерлік көрсетіп, тұтқынға алған 13-14 жасар бір түркмен баласын ауылына ала келеді. Мал бағумен айналысқан жігіт ержеткесін оған Сибанның бір қызын қосады. Одан тараған ұрпақты «түркмен тұқымы» деп атап кетеді. Ал екінші бір аңызда Шыныбай ер баланы емес, бір қызды ала келген деседі. Ғабит Мүсірепов өзінің «Ұлпан» романында екі Мүсірептің бірін Түркмен Мүсіреп деп атайды да: «…Бұлардың арғы аталары жаугершілік заманда қолға түскен бір түркмен қызына үйленіпті. Өзі батыр кісі екен. Ерте өліпті. Содан қалған жетімді ел «түркмен» деп атап кетіпті», – деп жазады. Қай аңыздың дұрыс екенін анықтау қиын. Қалай десек те, Ғабит Мүсіреповтің қазақи қанының құрамында түркменнің де қаны бары анық. Сондықтан да Ғабит Мүсірепов түркменнің белгілі жазушысы Берді Кербабаевты жақын тартып жүретін. Тіпті, осы республикаға бір сапарында Ғабең түркмендердің өзімен бауырлас екендігін де жасырмай айтқан еді.
Енді Ботпайға қайта оралайық. Ол домбырашы, қобызшы, әнші, жүйрік ат пен қыран құсқа құмар, яғни сері адам болса керек. Жастарды өнерге, білімге баулыған, көзі ашық, көкірегі ояу болған деседі. Ол туралы Ғабеңнің өзі: «…біздің сол бала кезімізде Қазан, Ташкент, Бұхар арқылы тараған «қиссалар» тасқыны басталды. Қараңғы ауыл үшін «Сал-сал» да қисса, «Қыз Жібек» те қисса. Бірақ Ботпай «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш», «Керғүлыны» жаттап алыпты, — деп жазады естелігінде. Ботпайдың жалғыз қызы Бәтима да домбырашы, қобызшы әнші болса керек. Ол тұрмысқа шығып, басқа ауылда тұрса да төркініне жиі келіп, ауылдастарын өнеріне тәнті етіп жүріпті.
Ботпайдың сегіз қырлы бір сырлы, сонымен қатар ауқатты, беделді адам болғандығын Сәбит Мұқанов өзінің «Менің туу тарихым» деген әңгімесінде тағы бір дәлелдей түседі. Жазушының айтуынша, өзінің кіндік қаны тамған Дос көлінің айналасын жайлаған қырық-елу үйі бар төрт ауылды «Қырдағы Сибан», ал одан жиырма бес-отыз шақырымдағы Ғабит Мүсірепов туған Есенейдің Қайран көлін жағалай қонған жүзден астам үйді «Ойдағы Сибан» деп атаса керек. Бала Сәбиттің сегізден тоғызға қараған шағында «Қырдағы Сибанның» қариялары «Ойдағы Сибандарға» барып, тірілердің амандық-саулықтарын біліп, о дүниелік болғандарына бата орнына қылады. Жетім бала таласып-тармасып солардан қалмай көшке ілесіп барғанда Ботпайдың үйінде болғанын былай суреттейді: «…Балаға қызығы — думан. Ол күнгі думан осы ауылдың ауқатты адамы — Ботпайдың үйінің маңында болып жатыр. Біздің ауылдың ауқатты адамдары осы үйдің ішінде. Олардың самбырлай сөйлеп, саңқылдай күлгендері, киіз үйдің іші түгіл, сыртына да кең жайылып, түнгі тымық далада естіліп тұр»… Сәбең содан кейін Ботпай үйінің қасындағы жерошақта ет асылып жатқанын, балалардың да көпшілігі осы маңайда ойнап, қазан түсірілген соң «үлкендердің бармағын жалап, ет асаулы» тосатынын айталы. Бұл кезде, әрине, Ғабиттің жасы алтыдан жетіге қараған болуы керек. Ендеше, қонақ балалармен бірге ол да Ботпай үйінің қасында болуы әбден мүмкін.
Сөйтіп, Ботпай мен Бәтима бала Ғабиттің көкірегінде жырға, өнерге деген құмарлықты, құштарлықты оятқанға ұқсайды. Содан да болар Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Қозы Көрпөш — Баян сұлу», «Ақан сері – Ақтоқты» пьессалары мен опералық либретталарын, «Амангелді», «Махаббат туралы дастан», «Қыз Жібек» және басқа да фильмдеріне сценарий жазуы. Әдетте, балалық шақта жүрген-тұрғаның, естіген-білгенің, оқыған-жаттағаның жадыңда ұзақ сақталмай ма? Ендеше, бала кезінде Ботпайдан естіген «қиссалар» осындай қазақ әдебиеті мен мәдениетінің алтын қорына енген шығармаларды тудыруға әсер етті деуімізге әбден болады.
Бала Ғабиттің әдебиетке құмарлығын арттыруға әсер еткен тағы бір адам — Бекет Өтетілеуов. Ол кім? Ол — ақын, аудармашы, ағартушы, педагог. «Дүние ісі ақиретке кетпес» деп аталатын тұңғыш кітабы Қазан қаласында 1912 жылы басылып шыққан. «Жиған-терген» деген еңбегі 1914 жылы Орынборда жарық көреді, басқа да шығармалары бар. Пушкиннің, Жуковскийдің, Лермонтовтың, Крыловтың шығармаларын қазақ тіліне аударған. Қостанай облысының қазіргі Алтынсарин ауданындағы Обаған ауылының тумасы. Ғабит Махмұтұлы оған қалай кездескен? — деген сұрақ туады осы арада. Ол былай: Ғабит ауыл молдасынан оқып, араб әліпбиімен жазылған қиссаларды заулатып айтатын дәрежеге жетеді. Ғабеңнің айтуы бойынша, 1916 жылы ақ патшаның өкімімен қара жұмысқа алынғандардың қатарына іліккен нағашысы бала-шағаға бас-көз болсын деп балаң жігітті ата-анасынан сұрап әкетеді. Онда бала Ғабит, негізінен, өзеннен балық аулап, нағашыларына көмектесумен айналысады.
Содан кейін оны Қостанай облысындағы қазіргі Сарыкөл ауданының аумағындағы Қара оба мектебіне оқуға береді. Ғабит Махмұтұлы осы мектепте Бекет Өтетілеуовке кез болады. Ол туралы жазушы былай деп жазады: «…Бекет менің қиссаға құмарлығымды білгенен кейін, мені әдебиетке тарта бастады. Әуелі «Жиған-терген» деген өзі шығарған өлеңін берді. Содан соң ол маған бір жетіге «Шаһымаран» қиссасын беріп, кейін ертегі ретінде түгел айтқызып шықты. Желілі әңгіме есте қалған екен, мен сүрінбей айтып бердім. Бір кеште Бекеттің өз үйінде он шақты адамға тағы бір тыңдатты…».
«Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дегендей, болашақ жазушының тағдырына әсер еткендердің тағы бірі — Сильвия Михайловна. Ол кім өзі? Габит Мүсірепов өзінің өмірбаяндық әңгімесін жазған шақта сонау 1918-21 жылдары Қостанай облысының қазіргі Ұзынкөл ауданына қарайтын Пресногорьков станицасындағы жоғары бастауыш мектебінде оқыған кезде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берген ұстазының ата тегін ұмытқан болуы керек. Тіпті, менің ойымша, оның атын да басқаша жазған сияқты. Бәлкім, жас мұғалімге осы есім ұнап, өзін Сильвия деп атаған болуы да ықтимал. Олай дейтінім, мен көп жылдан бері осы Сильвия Михайлованың кім екенін іздестіруімнің нәтижесінде мынаны анықтадым: осы күндері Мәскеуде тұратын жиені Элина Файзуллинаның айтуына қарағанда, Сильвия Михайлованың шын аты-жөні Марианна Шехтер көрінеді. Оның әкесі Александр Петрович Шехтер Қазан малдәрігерлік институтында оқып жүргенде патшаға қарсы «Халық еркі» қозғалысына қатысып, бірнеше рет полицияның қолына түседі. Оқуды бітіргеннен кейін оны «қасірет белдеуі» бойындағы қорғаныс бекінісі ретінде казақтар салған Пресногорьков станицасына жер аударады. Ол осында Колчактың генерал-майоры Николай Кубриктің қызына үйленеді. Станицаның осылай аталуына бұл бекіністің бір жағында тұщы, екінші жағында тұзды сулы көлдер негіз болған.
Қазіргі Смоленск облысындағы Гагарин (бұрынғы Гжатск) қаласындағы архивте сақталған деректерге және еңбек кітапшасына қарағанда, Марианна 1903 жылы Ақмола губериясының Петропавл уезіне қарасты Пресногорьков станицасында туған. Сол кезде Қостанай облысының Қызылжар өңірімен шекаралас орналасқан қазіргі Ұзынкөл ауданының біраз жері Ақмола губерниясына, яғни Солтүстік Қазақстан облысына қараған ғой. Марианна Михайловна Қорғандағы Александров әйелдер гимназиясының жеті класын бітіріп. өзі туып-өскен Пресногорьковтағы мектепке орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болады. Осында төрт жыл қызмет істеп, Петропавлға келіп, жеті жылдық мектепке география пәнінен мұғалім болып орналасады. Ал 1926-30 жылдары Ленинградта А. И. Герцен атындағы педагогика институтында оқып, оны бітіргеннен кейін Мәскеуде «За коммунистическое просвещение» газеті редакциясында қызмет етеді. Артынан ата-бабасының кіндік қаны тамған Смоленск облысына барып, ұстаздық етеді. 1952 жылы өмірден озады.
Амандық ЖАНТЕМІРОВ, Қазақстанның құрметті журналисі.
(Жалғасы бар).
________________________________________________________________________________________________________________________
Жантеміров, А. Жолы болғыш Ғабең /А. Жантеміров //Солтүстік Қазақстан. – 2020. – 6 тамыз. – 4 б. (басы) (к 118-летию со дня рождения известного писателя-земляка Г. Мусрепова)