С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Алаш зияларының арасындағы тығыз байланыс, олардың бір-бірін рухани һәм материалдық тұрғыдан демеуі — шынайы тарихи факт болса, осы шындық сәт сайын ашылып жатқанына жаның қуанады. Бұл фотосурет 1919 жылы Омбының бір оқу орнының жанында түсірілген. Бұл аумақтың ел басқару жүйесінде қазақ және татар секторы (мысалы, білім бөлімінің қазақ-татар секциясы) болғаны мәлім. Мына оқығандар — Омбы шәкірттері, білім қызметкерлері, мұғалімдер курсының тыңдаушылары болуы да мумкін. Бір қызығы, ертедегі суреттерінде Мағжан ылғи галстук таққан қалпында еркін түседі екен. Смағұл ерекше үлгіде ақ жейде, Еуропаша кәстөм киіпті. Қолында — сағат. Біз танып отырған екі тұлғаның да қыса ұстаған жеңілдеу бас киімдеріне қа-рап, мезгіл — күзгісалым екенін аң-ғарамыз…
Суреттегі Смағұл — 19-дағы жас талап. «Елге қызмет етемін, ұлтқа жаным садаға» деген азаматты уақыт қалай өсіреді десеңізші, мына біршама салмақты болып отырған жігіт арада 3-4 жылдың ішінде тұтас Қазақстан мен Түркістан танитын, Кремль сескенетін батыл тұлғаға айналды.
1919 жылы С. Садуақасұлы не істеп жүр еді? Немесе оның осыған дейін жинаған қайраткерлік тәжіри-бесі қандай еді?
Аталған жылы ол ресми Омбыда «Центросибирь» аталынатын бірлестікте нұсқаушы болып қызмет істейтін. Былайша айтқанда, болашақ республиканың экономикасына байланысты тәжірибе көрігінен өтіп жүрген-ді. Шикізатты қалай өнім ету және оны қалайша қазаққа бұйырту — Смағұлдың өзекті мақсаты еді. Бүгінде классикалық мақалалар деп жүрген «Киргизская (казахская) литература» очеркі мен «Нужды аула» атты топтама мақалаларын ол бар болғаны 18-19 жасында осы ұйымның «Трудовая Сибирь» журналына жариялағанын жақсы білеміз.
Жас талап оған дейін 15 жасында — ауыл мұғалімі болып, 16-18 жасында Омбы ауыл шаруашылығы училищесінде, политехника институтының кооперация курсында, ауыл шаруашылығы институтының кооперация факультетінде оқиды. Сонымен бірге қысқаша курстарда дәріс беріп, Ақмола облыстық Жер-су басқармасында қазақ бөлімі оқу ісінің меңгерушісі болады. Саяси күреске 1916 жылы араласып, «Бірлік», «Жас азамат» ұйымдарында қайрат-керлік шыңдалудан өтеді. 1917-1918 жылдары Ақмола облысында Алаш комитетін құруға атсалысады. 1918 жылы 5-13 сәуірде М. Мырзаұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Г.Досымбекқызы сынды жастармен бірге Омбыда ұлт жастары съезін ұйымдастырады. Алаш ұл-қызын бір мұрат төңірегіне топтастыруға атсалысады.
1918 жылдың 14 желтоқсанынан 1920 жылдың 6 мамырына дейін «Центросибирьде» жұмыс істеп, әрі қарай «бұл жерде жұмысымды жалғастыру ұлтымның келешегі үшін негізсіз» деп тауып, өз еркімен босайды. 1920 жылдан бастап ол — Сібір жастар комитетінің мүшесі, «Жас азамат», «Еңбекшіл жастар», «Кедей сөзі» (Омбы), «Ұшқын», «Еңбек туы» (Орынбор) газеттерінің жауапты шығарушысы, алқа мүшесі, Қазақстан Жастар одағының хатшысы.Әрі қарай ол Алаштың алғысына бөленген үлкен саясатқа еніп кете барды.
Мағжан мен Смағұлдың арасын байланыстыратын деректер аз емес.
1916 жылы жас та болса бас ақын «Балапан қанат қақты» атты аллегориялық әңгіме жазды. Бұл — оның Омбыда Смағұлдар шығарған «Балапан» атты журналды (редакторы — Қошке Кемеңгерұлы) қолдауы еді.
Алда Алаш деңгейіне көтерілетін жас қайраткер де Мағжанның дүл-ділдігін ерте таныды. Сібір мен қалың Ресейдің сауатты оқығандарына арнаған «Қазақ әдебиеті» очеркінде (1918 жылы жазылып, 1919 жылы басылған): Из молодых сил в области поэзии выдвигается молодой поэт М.Б.Жумабаев. Он -поэт-лирик самостоятельного направления. Его стихотворения очень распространены среди молодежи и по звучности не уступают даже стилю Абая. По искренности мысли и художественности слога он превзошел всех поэтов-лириков, писавших до него (Қазақшасы: Поэзия саласындағы соны күштердің ішінен жас ақын М Б.Жұмабаев жарқырап көрініп келеді. Ол — өзіндік дара бағыттағы лирик ақын. Оның өлендері жастар арасына кеңінен тарап кетті. Үнділігі жөнінен олар Абай жырларынан кем түспейді. Ойының айқындығы, жырының көркемдігі жөнінен ол өзіне дейінгі лирик ақындардың барлығын басып озып, көш ілгері кетті)», -деп жазып, мақаламызға себеп болған тұлғаны әдебиеттегі орнын дөп басып айтты. Тағы естеріңізге саламыз: бұл ойды жазғанда, Смағұл бар болғаны 18 жаста еді. Мұны «Шоқан феноменінің» жалғасы деген дұрыс шығар («Аққан жұлдыз»).
С.Садуақасұлы әдебиет пен саясатта «салиқалы жасқа» (24-27 жасында) шыққан 20-жылдары ұрдажық саясатқа қарамай, Мағжанның ақындық деңгейін тану мен таныту туралы ұстанымын өзгерткен жоқ…
1933 жылы 16 желтоқсанда қапияда Смағұл дүниеден озғанда (арада 58 жылдан кейін дәл сол күні Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланды), айдаудағы Мағжан:
Жас Смағұл үздік туған бала екен,
Байтақ елге асқар таудай пана екен.
Сол баладан, сол панадан айырылып,
Қайран қазақ жүрегінде жара екен,
— деп өлең-хатпен көңіл ай-тыпты…
Өкінішке қарай, бұл жоқтау-жырды М.Жұмабаевтың кейін қайта басылған томдарынан кезіктіре алмайсыз.
С.Садуақасұлы саяси қуғын-сүргінге душар болатын 1927 жылы жазған «Әдебиет әңгімелері» атты талғамы мен талабы биік мақаласында шынайы шығармашылыққа жөнсіз тиіскен шолақ белсенділердің қателігін айта келіп: «Мағжанды қайтседе жақсылайын деген ойдан мен, сірә, аулақпын. Бірақ барын бар, жоғын жоқ деу керек. Мағжанды күйдірсек, біз барына күйдіреміз. Қайткенде де мен Мағжанды «доңыздатып, қоңыздатушыларға» қарсымын»,-деді.
Бұл — нағыз принципті көзқарас еді. Ел аузындағы Смағұлдың қайраткерлігі де, «әлсізге — пана, таланғанға қамқоршы болғаны» да — осындай ұстанымында.
Мұны ақын Мағжан білді. Ел үшін туған қайраткерлерді қадірлей отырып:
Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.
Ел үшін жанын кешіп, жауды қуған,
Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас.
Ел жауын зерттеп, өрт боп тынбай жортқан,
Ерлерді ұмытса да ел, бел ұмытпас.
Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан,
Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.
Арқаның селі, желі, шөлі, белі,
Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас, — деді.
Мағжанның осы сөзі — Смағұлға да, өзі сынды қалам сертіне адал тұлғаларға да орнатқан ескерткіші еді.
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент- мүшесі.
____________________________________________________________________________________________________________________________
// Дихан Қамзабекұлы. Мағжан мен Смағұл. / Д. Қамзабекұлы.-Солтүстік Қазақстан.-16 шілде.-4 бет.- 2022 жыл.