Халқымыз небір қиындықты басынан өткерді ғой. Аумалы-төкпелі заманда әні мен күйінен, жыры мен сазынан айырылудың аз-ақ алдында қалғаны жалған емес. Ұлтымыздың тұғырлы таланттары саналатын көптеген ақынның туындылары халық әні деген атауға телінді. Бір өкініштісі, бүгінге дейін біз бірқатар әнді авторсыз атап, халық әні деп жүрміз. Солардың бірі – «Қараторғай». Бұл шығарманың бірнеше нұсқасы бар. Мен бұл мақаламда «Құс болсаң, жібектен бау тағар едім» деп өрілетін нұсқасы туралы айтуды жөн көрдім.
Қазақ радиосының тілшілері бертінге дейін осы әнді «Сырдың қараторғайы» деп хабарлап келді. Бұл туынды Қызылжар, Көкше өңірлерінде Үкілі Ыбырайдың «Қараторғайы» деп айтылады. «Қараторғайды» шырқаған әншілер аз емес. Қазақстанның Халық әртісі Жамал Омарова бір сұхбатында: «Менің туып-өскен жерім Сыр бойы ғой. Әркімнің туып-өскен жері өзіне қымбат көрінетіні белгілі. Мен де «Қараторғай» Сырдыкі деген соң оның шын тарихын, кімдікі екенін дәлелдеп жатпадым. Бірақ расын айтсақ, ән Сырдыкі емес, Үкілі Ыбырайдың әні. Оны композитор Евгений Брусиловский Иса Байзақовтан жазып алып, бізге үйреткен. Оны дәйім Қызылордадағы, Ташкенттегі концерттерге қостыратын адам Құрманбек Жандарбеков еді. Менен кейін бұл әнді Роза Бағланова шырқады. Екеуміз де Сыр бойының қызы болғандықтан ән «Сырдың қараторғайы» деп аталып кетті. Ал кейін білдік, бұл ән Сыр бойына Үкілі Ыбырайдың жиені атақты әнші, ақын, Бағаналы Найманның серісі Тайжан арқылы жетіп, елге кеңінен тарапты», – депті.
«Қараторғай» әні туралы айтқанда біз ән падишасы Ақан серіні еске аламыз. Өйткені бұл туындының шығу тарихы атақты Ақжігіт Қорамсаұлының ғұмырдариясына тікелей байланысты. Содан болар қазақтың ұлттық өнерін зерттеушілердің көбі «Қараторғайды» Ақанның төл мұрасына телиді. Бұл дұрыс емес. Оның бірнеше дәлелді себебі бар. «Жұлдыз» журналының 1997 жылғы нөмірінде жарияланған Жанатай Бекеновтің «Қараторғай» атты мақаласында Ыбырайдың өз қолынан талай рет дәм татып, атының тізгінін ұстаған Кәкен Әбділмановтың естелігі айтылады.
«Сағынайдың асында атағы бүкіл қазақ жеріне жайылған Құлагердің өлімі Ақан ағамызға оңай тиген жоқ. Әсіресе, асқа баруға қарсы болған ел ішіндегі бай мен билердің келемеж-күлкілері, орынсыз сықақтары жанына инедей қадалып, шөгірдей бата түседі. Бұрынғыдай емес, Ақан ағаның асқа да, ойын-сауыққа да зауқы онша соға қоймайды: Бар болғаны қарағай домбыраны шертіп қойып, Құлагерді қайғырумен болады. Алайда өткеннің енді қайтып оралмасын, Құлагердей қас жүйріктің қолдан біржола кеткенін анық аңғарған Ақан аға дәл өзіндей болмаса да соған ұқсас жақсы ат іздеуден де жалықпайды. Жүрген жерлерінде, кездескен адамдармен сөйлескенде әңгімесі тек жүйрік ат жөнінде екен. Сөйтіп, жүріп сері қартайған шағында бір елде бір қара тайға көзі түседі. Түбінде оның ұшқан құс құйрығын тістейтін жүйрік болатынына шек келтірмеген сері бесті ат беріп, иесінен әлгі тайды қолқалап қалап алады», дейді Кәкен ақсақал.
Ақан қара тайдың күтіміне ерекше мән берген. Судың тұнығымен шөлін қындыртып, шөптің құнарлысымен азықтандырыпты. Бабы келіскен тай уақыт өте келе арқа жоны жылтыраған құнан болады. Иесі берген қантты күтір-күтір шайнағанын көрген жұртшылық аң-таң болған деседі. Ақанның бұл қуанышы ұзаққа созылмапты. Бір аптадай елде болмаған ол сапардан оралғанда құнан жоқ болып шығады. Іздемеген жері қалмайды. Орыс кулактарының егініне түскен қамап тастаған құнан зорығып өледі. Осы жағдайдан кейін Ақан сырқаттанып, төсек тартып жатып қалады. Мұны естіген жас әнші, ақын Үкілі Ыбырай Ақанның үйіне арнайы барып, қайғыдан қан жұтқан көңілін көтеруге тырысқан екен.
Ауыл адамдары кешқұрым түгел жиналып, Ыбыкеңе неше түрлі ән салдырады. Серінің жас әншінің орындауында «Сырымбет», «Құлагер», «Мақпал» әндерін тыңдап бойы сергігендей болады. Бірде түс әлетінде қымыз ішіп, Ыбырайға домбыра тартқызып отырған сері оған жүрекке салмақ болып түскен қайғысын әнмен жууға қолқа салады.
«Сен сол қара тайды тірілт, өмірге қайта келтір. Оған сенің құдіретің жетіп жатыр. Ол үшін қара тайды өлеңге қос, ән шығар. Қазіргі жұрт келер ұрпаққа айта жүрсін сол әніңді. Бірақ сен оны құнан, ат не болмаса басқа мал күйінде жырлама. Оның әкесіндей мал Құлагер туралы ән бар ғой. Сол да жетіп жатыр. Сен енді қара тайды құс қылып, махаббат қылып жырға қос. Ауыздан-ауызға айтылып жүрсе, өзім де, ел де саған риза», – дейді сері.
Ыбырай Ақанның бұл қолқасына қатты ойланады. Ән мәтінін қалай бастарын білмей дал болады. Осындай арпалыспен отырғанда әншінің ойына Ақан серінің аңға алып шығатын «Қараторғайы» түседі. Арада көп уақыт өтпей дүниеге «Қараторғай» туындысы келіпті. Ыбырайдың бұл туындысы құсқа арналғандай. Ағашты мекендеп, шыр-шыр еткен қараторғайды әнші қамауда қалып, иесін іздеген қара тайға ұқсатқан екен.
«Осыдан кейін Ыбырайдың күңгірт болған көп ойлары алакеуімденіп, айқындала түседі. Ол ақырында «Қараторғай» деген ән болып шықты. Көп кешікпей өлеңі де дүниеге келді, жарыққа шықты. Бірде Ыбырай Ақан серіге жаңа әнін тыңдатуға келіп, қамыққан көңілді разы қылады. Көптен бері күпті болып жүрген жарымжан жүрек «Қараторғаймен» бірге қалықтап қанат қақты, биіктерге шарықтады. Сөйтіп, қара тай «Қараторғай» болып өмірге екінші рет, бұл жолы мәңгілікке қайта оралды. Осыдан бастап «Қараторғай» лезде бүкіл Көкше жеріне тарап, одан кейін барша қазақ топырағын қанаты талмай шарлайды. Сол қағылған қанат толас таппаған күйі бүгінге дейін айтылып келеді. Иә, ән шын мәнінде де Үкілі Ыбырайдыкі еді. Композитор Ілия Жақановтың арқасында ән қайтадан иесін тапты, өзіне қайтарылды», – дейді Кәкен Әбділманов.
Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
күйші, Солтүстік Қазақстан облысымыздың
құрметті азаматы.
Құсайынов С. «Құс болсаң жібектен бау тағар едім …» // Солтүстік Қазақстан.-2024.-4 сәуір.-8 б.