С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Осыдан көп жыл бұрынғы бір оқиға есіме түсіп отыр. КазМУ-дың журналистика факультетінің кезекті отырысы-ау деймін, әр нәрсеге таңғала бермейтін Темекең (профессор Т. Қожакеев): «Мен Қарағандыға барып келдім. Сондағы университетте журналистикадан мемлекеттік емтиханға төрағалық еттім. Алғашқы бітірушілерінен емтихан алдым. Оншақты бала бітірді, кәдімгідей жапжақсы. Мұнда бәріміз жабылып жүріп істейтінімізді ол жақта өзіміздің Тайшыбаев жалғыз атқарып жатыр. Ырза болдым. Әне, ұлан-байтақ Қазақстанда журналистер даярлайтын екінші мектеп ашылғаны жақсы емес пе?! Бұл – үлкен оқиға. Тәуелсіздігіміздің тағы бір жемісі» -дегенде, факультеттегі бәріміз де желпінісіп қалғанбыз.
Келесі жылы сол Қарағандыға мемлекеттік емтиханға мені шақыртты. Одан кейін Марат Барманқұлов, Сағынбай Қозыбаев ағаларымыз кезек-кезек Қарағандының болашақ журналистерінің тұсауын кестік. Жас кафедраға көмектестік. Сонда жаңа мамандықтың жүгін жалғыз арқалап, орысы мен қазағына, барлық пәндерден әуелде жалғыз өзі сабақ беріп, жергілікті журналистерден оқытушы жасап, тәрбиелеген Зарқын Тайшыбай ағамыздың ұйымдастырушылық қажыр-қайратына тәнті болғам. Сол кафедраға кандидат, доктор даярлауға қосқан үлесім бар екені де маған қуаныш. Одан кейін, шүкір, елімізде әр жерде журналист оқытатын болды ғой.
Айтайын деп отырғаным – Алматыдан басқа қиырында журналистер даярлау ісінің бастауында тұрған және жай ғана тұрмаған, өзіндік тарихы, дәстүрі қалыптасқан Қарағанды мектебінің негізін салған, қазақ журналистикасының білікті тарихшысы Зарқын Тайшыбайдың кезекті мерейтойына байланысты. Он жеті жасында қолына қалам алып, Семей мен Қарағандының тең ортасындағы Қу аудандық «Ленин туы» газетінде жұмыс істей бастаған әріптес ағамыздың бүкіл шығармашылық жолы көз алдымызда. 2000 жылы Петропавлға ректор Ғалымқайыр Мүтәнов аттай қалап, шақырып әкелгеннен бері мұнда да журналистика мамандығын ашып, елдің тағы бір түкпіріндегі қазақ балаларының бағын ашқан Зарқын Сыздықұлының ел үшін, ұлт үшін атқарып келе жатқан еңбегі жемісті.
«Қызылжар» деген тамаша атын қайтарып ала алмай келе жатқандығы болмаса, соңғы жылдары бұл қаланың қазақшасы қалыптасып, алаш дәстүрі қанат жайып келеді. Солтүстік Қазақстан университеті Қазақстанның қиырындағы бір тірегі болса, сол университеттің профессоры Зарқын Тайшыбай қазақ ғылымы, мәдениеті мен тарихының сондағы бір діңгегі деп білемін. Осыдан он жыл бұрын, жетпіске толғанында жүрегі алаш деп соққан ағамыздың жасына жас қосылсын деп бірер шумақ арнаған едім. Соның ішінде мынадай сөздер бар екен:
Қазыбек биден сөз дарыған еді.
Мәди бабадан саз дарыған еді,
Қасымнан отты көз дарыған еді.
Қарқаралыдан қан дарыған еді,
Жанақ ақыннан жан дарыған еді.
Тәттімбет тәтемнен күй дарыған еді,
Әміре әкемнен ән дарыған еді…
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Зарқын Сыздықұлы Тайшыбайдың он монография, 11 оқулық пен оқу құралының авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жоғары мектебі ұлттық ғылым академиясының академигі, құрметті журналист, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2012» атағының иегері, А. Байтұрсынов атындағы «Саңлақ автор», бірнеше университеттің құрметті профессоры атақтарын айтпағанның өзінде елге сыйлы, отаншыл, адал еңбеккер, үлгілі ұстаз екенін айтып, қоя салсам да жеткілікті-ау.
Захаңды ғылымға әкелген диссертациясының өзі «Абайтанудың революцияға дейінгі қайнар-көздері» деген тақырыппен қазақ әдебиеттану ғылымы арыстандарын таңғалдыртанына өзім куәмін. Академик Рымғали Нұрғалиевтің мына сөздері есімнен кетпейді: «Зарқын Тайшыбай сонау Қарағандыдан келіп, Абай туралы диссертация жазып едім, соған жетекшілік етсеңіз», – деп қарап тұр. «Мұхтар Әуезовтен бастап, қаншама қазақ зерттеген Абайдан не қалып еді. Мынау бір есі бүтін емес жігіт немесе данышпан шығар, деп ойладым. Жұмысын қарасам, шынында данышпан екен. Тез Тұрсекеңе сейлесіп, талқылаудан өткізіп алдық…». Сол жұмысты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторлық кеңесінде Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахметов бастаған он тоғыз профессордың алдында қорғады, ұлы Абайдың шығармашылығы туралы алқалы топтағы қызу пікірталасты көрсеңіз!
– Сол әсерді әріптестеріміз Өмірхан, Дандайлар кейін де айтып жүрді, «бір тамаша, қызықты қорғау болды», – деп. Диссертант біз білетін Абайға жаңа қырынан келіп, оның ақындық ұстаханасына үңіліп, шығармашылығын мәтінтану тұрғысынан зерттеген. Абайдың өзі оқыды-ау деген орыс-қазақ мерзімді баспасөзінің нұсқаларын талдап, ұлы ұстаздың ғылыми ой-пікірінің қалыптасуына әсер етуі мүмкін деген қайнарларға нұсқап, дәйекті дәлелдермен бекітті. ‘»Абайтану мұнарасына қаланған бұл да бір кірпіш», – деп тарасты ғұламалар.

Профессор Тұрсын Жұртбай айтады: «Хайыржан Бекхожиннің екі-ақ шәкірті болды: біреуі мен, екіншісі Зарқын Тайшыбай», – деп. Онысы рас. Кеңес заманында «революцияға дейінгі дәуір» аталатын XIX ғасырдың аяғы, XX ғасырдың басындағы қазақ баспасөзін алғаш зерттеген Хайыржан Бекхожин мен Бейсембай Кенжебаев болатын. Қожакеевтің бірер мақаласы болды. Тақырып қиын, кеңес заманы, Әлекеңдер мен Ахаңдардың қолтаңбасын көрсе, төбе шашы тік тұратын кез еді ғой. Әрі араб әлібін білмегеннің тісі батпайды. Сондай кезде шәкірт іздеген профессор Бекхожин әркімнің тамырын басып көрсе керек. Хайрекең өзі қорғағанда саяси жағынан бір кезде таяқ та жеген, сол үшін әлі қорқады, алаш десе, аяғын тарта басатыны да түсінікті. Сондайда өзіне сенімді деген, қолынан келеді-ау деген бірен-саран студентке тақырып береді екен. Жетпісінші жылдардың басында Зарқын Тайшыбайға «Революцияға дейінгі дәуірдегі қазақтың демократ журналистерін» ұсынған. Ахаң мен Міржақыптарды демократ деп таныстырмақ болған. «Сол аспирантым жоғары партия мектебіндегі оқуымен үйлеспейтін тақырыпты аяқтай алмай ауылға кетіп қалды», – деп отырушы еді жарықтық. Тәуелсіздік алғаннан кейін Зарқын ағамыз ертерек жиған материалдарын ұқсатып, қазақ баспасөзінің тарихынан кесек-кесек мағлұмат берді. «Баспасөз тарихы», «Апаш көсемсөзі» деген оқу құралдарын жазып, шәкірттеріне ұсынды. Тарихшы профессор марқұм Қамбар Атабаев З.Тайшыбайдың баспасөз тарихынан жиған деректерінің өзіне қандай көмек болғанын айтып отырушы еді.
Профессор З.Тайшыбайдың абайтану, алаштану, баспасөз тарихы салаларынан жазған еңбектері туралы ауыз толтырып айттық. Соларға Мағжан ақынның өмірі мен қызметін таза архив деректері негізінде зерттеп, насихаттағанын қоспасақ, ақиқатқа қиянат. Кейін Мағжан елінде жүріп, бір шеті Қазан, бір шеті Мәскеу мен Ташкентте жатқан материалдарды жинап, Қызылжар архивіндегі құжаттармен байытқан «Мағжанның Қызылжары» монографиясы қайраткер ақын туралы әр қазақтың түсінігін кеңейтті. Ол осылай 1918 жылы Қызылжарда шығып тұрған «Жас азаматтан» бастап, «Кедей сөзі», «Бостандық туы» газеттерін қолымен құрып, тамаша көсемсөз үлгілерін берген мағжантануға да үлес қосты. Мағжанның уақыт пен ортаға көзқарасы, ұлтшылдық болмысы, қоғамдық-саяси ұстанымы, әуелі Міржақып Дулатовтың ықпалымен қалыптасты деген зерттеушінің дәлел-тиянағы берік. Бұл – терең зерттеу, салыстыра, тексере жасалған байлам екеніне көзіміз жетті.
Өзіміз де мұхтартанушылар санатынан болған соң бұл профессордың Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына байланысты жазған-сызғандары, әсіресе маған жақын болатын жөні бар. Осы тұрғыда З.Тайшыбайдың республикалық баспасөз бетінен көрінген «Мұхтар Әуезов өмірінің бір кезеңі», «Қазақстан қазақсыз қалмасын», «Мұхтар Әуезовтің жанайқайы» сияқты деректік құны бағалы мақалалары екінің бірінің қолынан келе бермегенін де айтуға тиіспін. Автор біліп жазады, қаза тексеріп, өзінен бұрын айтылмады-ау деген буындарға салмақ сала, оқырманының ойын қозғап жазады. Ана бір жылдары баспасөзде көрінген «Алаш қайраткерлері Сталиннің қабылдауында» деген мақаласының өзі неге тұрады. Оның шығармашылығына тән осындай қасиеттері ерекше.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы кім көрінгенге беріле салмасын білеміз, сонда да профессор Зарқын Тайшыбайға бұл атақ оның абылайтануға сіңірген еңбегіне лайықты баға дегім келеді. Ежелден ел аузында аңыз-әпсана кейіпкері ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып кеяе жатқан Абылай хан тұлғасы қазақ Тәуелсіздік алардың алдында-ақ атой сала бастады. Соңғы 25-30 жылдың бедерінде ұлы ханның есімі ерліктің, еркіндіктің, байлық пен бақыттың белгісіндей көк тумен қатар асқақтай берген. Абылай хан туралы әрбір қазақ айтып қалуға, жазып қалуға ұмтылды. Айтты да, жазды да. Тарихшылар бастап, ақын-жазушы қостап дегендей. Байқаймын, солардың ортасында қызылжарлық профессор Зарқын Тайшыбайдың еңбектері өте-мөте мәнді-маңызды, ерек еңселі көрінді. Бұл – жалғыз менің ғана пікірім болмаса керек. Енді осы жөнінде біраз сөз. Себебі бұл төңірекке менің де қатысым бар. Зарқын Тайшыбайдың «Абылай хан. Өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдар» деген сыпайы атпен шыққан 500 беттік қызыл мұқабалы кітабы еліміздің ақпарат әлемінде бұрын айтылмаған жаңа сөз болды. Осы еңбекті алғаш байқап, бағасын берген марқұм профессор Ақселеу Сейдімбек еді ғой. Қазақ тарихы десе жанып түсетін. «Egemen Qazaqstan «-ның 2005 жылғы 1 наурыздағы санынан қиып алып, сақтап қойыппын. Жаңа кітаптың деректі, танымдық, ғылыми құнын жоғары бағалай келіп, Ақаң мынадай тұжырым айтады: «Кітапты оқып танысқан адам мұндай еңбек тек жанкешті, «жалаңтөс» зерттеушінің қолынан ғана келгеніне көз жеткізеді. Оның мәнісі – тұтас бір ғылыми-зерттеу институты әлденеше жылда орындай алатын еңбекті бір ғана зерттеушінің сәтімен тындырып, қолымызға бергендігінде деуіміз керек». Абылай атын аңыздан осылай арашалап, қалың қазақтың өз тілінде қоспасыз таза деректер берген автордың бұл олжасы ұлттық тарих ғылымындағы сәтті талпыныс еді. Бірақ, неге екені белгісіз, құрметті тархшыларымыз көрмегенсіп, үнсіз қалды. Андасанда үзінді алып, сілтеме жасағаны болмаса.
Бірақ зерттеуші Зарқын Тайшыбай мұнымен тоқтаған жоқ. Абылайтанудың тарихнамалық және тарихи проблемаларын «Қазақстанның тұрақты дамуының негізі болып табылмақ ұлттық идеяны қалыптастыру үдерісі» деген тақырыпта конкурсқа қатысып, 2007 және 2013 жылдар арсында «Еліміздің зияткерлік әлуеті» бағдары бойынша екі рет мемлекеттік грант жеңіп алды. Сол қаржыға бұрынғы зерттеулерін жалғастырып, Мәскеу мен Санкт-Петербург, Омбы архивтерін айлап жатып ақтарды. Жасаған жұмыстарының бір бөлігін республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасына ұсынып, 2011 жылы 1260 бет екі томдық зерттеуін мемлекет қаржысына «Қазақтың ханы -Абылай» деген атпен бастырып, таратты. Абылай ханның өмірі мен қызметіне байланысты 600 құжат, түсінігімен, монографиясымен беріліп тұрса, мұның ішінде 250 құжат ғылыми айналымға тұңғыш рет қосылып отыр. Автордың айтуынша, бұл қостомдық әлі де жартылау шаруа болса керек. Қалғаны кезекте.
Енді міне, былтырғы жылдың соңын ала «Абылай хан тарихын» үш томдық түрінде бітіріп, тағы ұсынды. Аса құнды енбек.
2013 жылы Абылай ханның 300 жылдығы мемлекеттік деңгейде атап өтілгенде есте қалғандай бір белгі «Абылай хан» тұлғалық энцикпопедиясы еді ғой. «Қазақ энциклопедиясы» баспасының директоры әрі бас шығарушысы ретінде мемлекеттік тапсырыс алған бойда мен көрнекті абылайтанушы ретінде редакция алқасы құрамына М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Зарқын Тайшыбайды енгіздім. Оным ақталды. Энциклопедия – білім кені, халық қазынасы болса, Абылай хан туралы ғылыми, біліми-танымдық еңбекке бағалы үлес қосқан зерттеуші ағамыздың ғалымдық тұлғасы тағы бір кез биіктеп кеткенін көріп отырмыз.
Бір адамға жетерлік осыншама құрмет пен мадақ, әрине, бұрын да айтылуы керек еді. Бірақ сәті енді келіп қалыпты. Әріптес журналист әрі ұстаз, әрі ғылым қайраткері Зарқын ағамыз 80-ге толып отыр.
Бауыржан ЖАҚЫП, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор.
______________________________________________________________________________________________________________________________
Бауыржан Жақып. Түлеп ұшқан алдынан алуан дарын, ардақты ұстаз, азамат, тарлан ғалым! Алаш деп соққан жүрегі. / Б. Жақып // Солтүстік Қазақстан. – 5 мамыр.- Б. 4-5.– 2022.