С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Жылдар жылжып, заман өзгерген сайын көптеген кәсіп түрлері керексіз болып қалуда немесе орнын жаңа мамандықтар басуда. Дегенмен уақыт көшінен қалмай, түрлі өзгерістерге тез бейімделетін қызмет түрлері де баршылық. Солардың бірі – ең көне мамандықтар қатарындағы журналистика. Америкалық жазушы Роберт Сильвестр бұл кәсіп түрін әлемдегі екінші көне мамандыққа теңеп, осы атаумен кітап та жазғаны белгілі. Еліміз егемендік алғаннан кейін отандық бұқаралық ақпарат құралдарына ойы азат, санасы еркін, ұстанымы берік тілшілер қажет болды. Бұл мәселені әрбір өңір, соның ішінде әрбір газет пен журнал, телеарна мен радио өз бетінше шешті. Амалсыздан басқа сала мамандарын, соның ішінде жазу мен сызуға бейім мұғалімдерді, дауысы бар, дикциясы дұрыс деп әншілерді қызметке алды. Бірақ бұл – тығырықтан шығатын жол емес еді. Ал Алматыдағы жалғыз университеттің түлектері сол кездегі астананың төңірегінен аспайтын.
Үш жүз жыл бодандық қамытын киіп келген елімізге үлкен серпіліс керек еді. Бұл істе Ахмет Байтұрсыновша айтқанда, «халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» баланатын ақпарат құралдарына үлкен сенім артылды. Журналистің басты мақсаты – халықтың қамын ойлау. Қандай өзекті мәселені көтермесін, журналистика соның бәрін халықтық тұрғыдан қозғауға, халықтың сөзін сөйлеуге күш салады. Орыс публицисі Николай Михалковский айтқандай: «Журналистика қоғаммен бірге өмір сүріп: қоғаммен бірге тыныстайды. Қоғам тірлігінің тамыры қиылса, журналистика да бітіп тынады».
Заман аңдысын алыстан аңғаратын Зарқын Тайшыбай кәсіби журналистерсіз ақпарат көші түзелмейтінін бірден аңғарды. Аңғарды да Алматыдан кейін елімізде журналистер даярлау ісін Қарағандыда қолға алды. Кенді өлкедегі жағдай түзеле бастаған тұста осы миссияны теріскейде жүзеге асыру үшін ат басын Қызылжарға қарай бұрды. Бұл мыңжылдықтар түйіскен тұс болатын. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанынан қазақ журналистикасы бөлімінің ашылуы аспанкездер басым өңір үшін айтулы жаңалыққа айналды.
2003 жылы ауыл мектебін бітіріп, тілші боламын деген арман қанатында қалаға алып-ұшып жеттік. Еліміздің білім саласына Ұлттық бірыңғай тестілеу енгізілерден бір жыл бұрын оқу бітіріп кеткеніміз қандай жақсы болған деңізші. Мектептегі емтихандардың жартысын ауызша, кейбірін жазбаша тапсырып, университетке түсу үшін қалаға тарттық. Дайындалуға берілген уақыт – бір ай. Болашақ ұстазымыз Зарқын Сыздықұлымен танысқанымыз осы кез. Оқуға түсуге бір көмегі тиер деген ниетпен мектепте алған грамоталар мен мақтау қағаздарын, аудандық газетке шыққан мақалаларымның қиындысы салынған папканы құшақтап аудиторияға кірдім. Оншақты жас жиналып қалыпты. Кейін бәрі дерлік мықты журналистерге айналды ғой, ол кезде ауыздарынан ана сүті кеуіп үлгермеген қарадомалақтар. Бар байлығымды жайып тастап, мақтанып көрсетіп жатқанмын. Захаң бір жымиды да: «Мыналарды өзің жазып әкелгенсің бе? Мөрі қайда?» – деді бір бума қағазды маған қарай итеріп. Қыпқызыл болып кеттім. Қарасам, шынымен де, кейбіріне мөр басылмапты. Ауыл мектебінде оған кім назар аударып жатыр дейсіз. Мән берместен бергенін ала беріппіз ғой. Осылайша алғаш рет журналистік қырағылық дегеннің не екенін ұқтым.
Мамандық бойынша пәндердің барлығын Зарқын Сыздықұлы өзі оқытты, тек тіл мен әдебиет және тарихты ғана өзге факультет ұстаздары берді. Сондықтан да болар, кей күндері таңертеңнен кешке дейін ұстазымыздың ғана лекциясын тыңдайтынбыз. Басында Захаңның сабақ бойы, сабақ бойы деймін-ау, күн ұзаққа түрегеліп тұрып дәріс оқитынына таңғалатынбыз. Орындыққа неге отырмайды екен деп ойлап қоямыз. Себебін кейін білдік қой, омыртқасына ота жасатқанын. Отыруға болмайды екен. Сағаттап тапжылмай тұрып сабақ беру – ерлікпен пара-пар ғой. Осы сәттен бастап ұстазымыздан қайсарлықты үйрендік.
Зарқын ағай өз пікіріңді ешкімнен қорғаламай ашық айту, шындықты жасырмау, өтіріктен аулақ болу сияқты қасиеттерді шәкірттерінің бойына сіңіруге тырысты. Жалпы ол кісінің алдында жарты сағат отырған адам ұлтшыл болып шығатын. Ал төрт жыл бойы дәрістерін тыңдаған біздің «жағдайымыз» айтпасақ та түсінікті. Университеттегі жиналыстардың бірінде қазақ топтарына арналған оқу залының жағдайы орысша оқитын студенттердікіне қарағанда өте нашар екенін айтып, ректорды «жағадан алғаным» бар. Жүздеген студенттің алдында шындықты бетіне айтып, «абыройын түсіргенім» үшін оқудан шығара жаздаған. Бірақ ұстазымыз үйреткендей тура жолдан тайған емеспіз. Әлі де шамамыз келгенше сол ұстанымға берікпіз.
Ол – кісі әрбір қадамын аңдап басатын, айтар сөзін ойланып барып айтатын адам. Алайда батыр аңғал келетіні сияқты кейбір сәтте езуге күлкі үйіретін қылықтары да бар. Топтағы ұлдардың саны бір қолдың саусағындай ғана, оның өзінде бәрі бірдей оқуға келе қоймайтын. Ал қыздар жағы қалмайды, ең соңғы сабаққа дейін отырады. Қызық осы кезде басталады. Захаң ақ «Жигулидің» жарығын өшіруді үнемі ұмытып кететін. Кешке дейін тұрғанда аккумляторда қуат қалушы ма еді? Итеру керек. Қысқа көйлек, біз өкше туфли киген группаластарымның Пушкин көшесінің бойымен ары-бері ақ «Жигулиді» итеріп жүргені есіме түссе, қазір бір күліп аламын. Ағайдың қызықты оқиғалары бұнымен бітпейді. Бірде бензин құюға тоқтап, ақысын төлеуге кеткен Гүлнәр жеңгейді жанармай құю стансасында қалдырып үйіне кетіп қалғаны бар. Автотұраққа өзі қойған көлігін ұмытып үш күн іздеп, полицияға хабарлай жаздағаны да бір қызық әңгіме.
Алматыдағы аға буын журналистер арасында өздерін «Шерағаңның шинелінен шыққанбыз» деп санайтын әріптестеріміз бар. Ұстазды құрметтеу үшін бұдан асқан теңеудің қажеті жоқ-ау, сірә. Біз де бұл тіркесті өзімізше өзгертіңкіреп, «Захаңның шапанынан шыққанбыз» деп мақтанып жүреміз. Жақында университетке жолым түсті. Сабақ болып жатыр екен. Рұқсат сұрап кіріп, аудиторияның артқы орындығына жайғастым. Студенттердің бірі сұрақ қойып, екіншісі сабақ айтып жатыр. «Ата, мен айтайыншы…», «Атай, мынаның жауабы қалай?..»деп жан-жақтан шулауда. Зарқын ағамызды, Зарқын Сыздықұлын қазіргі шәкірттері «ата» дейтінін бірінші рет естідім. Естідім де таңғалдым. Қандай жарасымды көрініс! Қарап отыра бергіңҰкеледі!
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
«Soltustik Qazaqstan» газетінің бас редакторы.
______________________________________________________________________________________________________________________________
Ербақыт Амантайұлы. Ұстаз тағылымы. / Е. Амантайұлы // Солтүстік Қазақстан. – 5 мамыр.- Б. 4 2022