С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Соғыс атты суық сөздің аты өшіп, бейбіт өмір кешіп отырғанымызға биыл 77 жыл толды. Ел басына күн туып ер етігімен қан кешкен сол бір сұрапыл жылдарда мыңдаған қазақстандық майданда кеудесін от пен оққа төсеп отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігін қорғады. Қаншама боздақ азаттық үшін жандарын пида етті.
Генерал-майор И.В.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясының Москва түбінде бекінген бір топ жауынгері 1941 жылдың 16 қарашасында гитлершілердің лек-лек болып ағылған танктеріне қарсы сұрапыл ұрыс жүргізді. Панфилов дивизиясы 1941 жылдың шілде айында Алматыда жасақталып, қазанда Москва түбіне келген.

Біздің көптеген жерлестеріміздің жауынгерлік жолы шекара бойындағы ұрыстардан басталды. Олар шегіністің ащы дәмін де, жеңіс қуанышын да татып, Сталинград окоптарында шайқасты. Курск иініндегі танк шайқасына, Берлинді шабуылдауға қатысып, қызыл алаңдағы Жеңіс шеруінде жеңімпаздармен қатар жүрді.
Менің атам – Мәлік Сексембаев 1924 жылы 22 ақпанда Жамбыл ауданындағы Есперлі ауылында дүниеге келген. 1942 жылы 18 жасында соғысқа шақырылған. Жауынгерлік сапарын Беларусь майданынан бастап, Эльбада Торгау қаласында өткізген екен. Атамның айтуы бойынша соғыста үш рет жаралы болған. Торгау қаласында Америка әскерлерімен кездесудің куәгері болды. Басынан талай қиындықтар өткенін бізге күрсініп отырып айтып беретін. Атам 1946 жылы Свердлов облысындағы зауыттардың бірінде екі жыл жүмыс істеген. Содан кейін Северо-Уральск қаласында 15 жыл гелог-барлау қызметінде еңбек етті. 1961 жылдан зейнет демалысына шыққанға дейін атам Есперлі ауылында тұрды.
Мереке күні ардагерлермен кездесу кешінде атам айтайын деген ойын, тілегін қобалжумен жеткізе алмайтын. Бізге үнемі: «Ол күндердің даңқы өшпейді. Қазақтың қаншама жігіті жер жастанды. Бейбітшіліктің қадірін біліңдер», – деп айтып отыратын. Атам көзі тірісінде алған көптеген медальдарды кеудесіне жарқыратып тағып жүрді. Жеңістің 60 жылдығына орай оған сонау Беларусь елінен медаль жіберілді. Медальді қолына алып, көзінен жас парлағанын бүгінге дейін ұмытқан емеспін.
Атам дастарқан басында, балашағаның ортасында ерекше көңілді отыратын. Ол кісінің төрде отырғанының өзі біз үшін зор бақыт еді. Бір күні ол шай үстінде:
– Мен бақытты жанмын. Алла тағала маған сұрапыл соғысты да, бейбіт өмірді де көруді нәсіп етіпті. Басымнан талай қиындықтар өтті. Бірақ мен мойымадым. Ел үшін ерлік жасау дегенің нығмет қой, -деді. Ол осы сөздерін біртүрлі мақтаныш сезіммен айтты. Денсаулығы сыр бере бастаған кейінгі жылдары ол біздің қойған сауалымызға қысқаша ғана жауап беретін болды. Қойған сұрағымызға: «Тек сендер аман болыңдар!»- деген жауап алатынбыз. Оның да бір себебі бар шығар. Егемендікке қол жеткізген еліміздің ертеңін жастар ғана көркейтеді деп ойлайтын болса керек.
1941 -1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысыныц отты парақтары тарих қойнауына тереңдеп барады. Снарядтар мен бомбалардан қалған окоптар, блиндаждар мен жарықшақтар әлдеқашан тегістеліп кеткендей. Қиян-кескі шайқастардың орнында ағаштар, гүлдер, шөп өсіп тұр. Қираған қалалар, ауылдар қалпына келтіріліп, бұрынғыдан да сәнді, көрікті бола түсуде. Соғыстың ізі жер бетінде қалған жоқ. Бірақ ол салған жара жүректерде, ардагерлердің зердесінде сақталып қалды.
Дәулет МАЛИКОВ, Есперлі ауылының тұрғыны. Жамбыл ауданы.
______________________________________________________________________________________________________________________________
Дәулет Маликов. Менің де атам от кешкен. / Д. Маликов // Солтүстік Қазақстан. – 24 мамыр.- 4.- 2022 жыл.