С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
Халықаралыө музей күніне орай «Ботай пырағы – 2022» фестивалі өткізілді. Жинағандар сан ғасырлық тарихы бар қоныспен танысты. Көне қоныстағы баспананың ішінде тас дәуірінен сыр шертетін жәдігерлер қойылған көрме де ұйымдастырылды.
Тарихи мекен облыс орталығынан 250 шақырым қашықтықта орналасқан. Ботай қонысынан Қазақстанның ғана емес, әлемнің археологтарын таңғалдыратын тарихи деректер табылғаны белгілі. Жылқы жануары алғаш рет қазақ жерінде қолға үйретілгені де осы қазба жұмыстары арқылы дәлелденген. «Ботай қонысы» бүгінде Қазақстанның брендіне айналды. Халықаралық музей күніне орай ұйымдастырылған фестивальға еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар жиналды. Солардың бірі – Алматы қаласынан арнайы келген Асанәлі Сұраған.
– Тарихи тұрақтың ашылғанына 40 жылдай болды. Бұл фестиваль үшінші рет өткізіліп жатыр. Бұған дейін 1983 және 1990 жылдары өткен іс-шара араға 30 жыл салып қайтадан ұйымдастырылуда. Бұл – мен үшін қасиетті жер, – дейді Асанәлі Сұраған.
М. Қозыбаев университетінің студенті Диас Можғанов көрмеге қойылған тас дәуіріне тиесілі жәдігерлер ерекше кез тартатынын айтады. Көне ғасырлар тарихына сапар шеккендей әсер береді.
– Маған бұл фестиваль қатты ұнады. Өйткені мұндай іс-шаралардың арқасында өткенге сапар шегіп, түрлі қызықты деректермен танысамыз. Осындай жиындар жиі өткізіліп тұрса жақсы болар еді. Себебі әрбір жас өз тарихы мен салт-дәстүрін білуі тиіс, -дейді ол.
Осыдан 40 жыл бұрын археологтар осы аумақтан жылқы сүйектерінің қалдықтарын, керамикалық ыдыстар мен тұрақтар тапқан болатын. Жәдігерлердің бірінде қымыз ДНК-сы анықталған. Анализді даниялық зерттеушілер жасаған екен.
Бұл бүкіл әлемге осы аумақта жылқы алғаш рет қолға үйретіліп, қымыз дайындалғанын дәлелдеді.
– Аталған фестиваль арқылы Ботай қонысы жайлы жастарға айтып, оның қадыр-қасиетін түсіндіргіміз келді. Іс-шара барысында қатысушылар көне ботайлықтардың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ қазба жұмыстары болған жерлерде зерттеу жүргізіп, өздерін археолог маман ретінде сезіне алды, – дейді тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Рақат Мамбеталинов.
Мұндай танымдық фестивальды тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының мамандары жыл сайын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Алдияр АЙТПАЕВ, журналист.
__________________________________________________________________________________________________________________________
Алдияр Айтпаев. Ботай фестивалі. / А. Айтпаев // Солтүстік Қазақстан. – 24 мамыр.- 4.- 2022 жыл.