С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана
(Басы өткен сандарда).
Жағалауда көл мен тауды қызықтап біраз сайрандағаннан кейін, ымырт үйіріле асханаға кірдік.
Адамдар сирек қатынайтын болғандықтан, бұл арадағы шаруашылық қожасының қарамағындағы еңбеккерлер де көп емес, бірен-саран ғана. Асханада аспаз маңында – екі әйел, бір даяшы қыз. Бізді есік ашып, қол қусырып қарсы алған осы қыз -Нағима.
Лыпып, жүгіріп жүріп орындықтар дайындап, ортада түрған ұзын стол маңына бәрімізді орналастырды: төрде – Мұхаң, оның оң қанатында -қырғыздар, сол қанатында – қазақтар; екі жақтағылар да столдың екінші, буфетке таяу шеткі маңдайында -Мұхаңа қарама-қарсы отырған маған келіп тіреледі.
Әбділдаға жүктелген кешкі қабылдау осылай басталды.
Мұхаң бүгін ерекше көңілді, қабағы әдеттен тыс ашық, көп күліп, көп сөйлейді. Дәл осындай шат-шадыман қалпын бұдан екі жыл бұрын, өзінің алпысқа толған жылғы күзде көргенмін. Ол күндер бұл кісіні бүкіл Одақ, қала берді Таяу Шығыс пен Батыстағы шетел адамдары – әріптестері түгел алақанға салып, аялап әкеткен. Бәрін бастап жүрген Константин Симонов ағасына еркелеп, тіпті, бала боп кеткен.
Абай атындағы театрда өткен салтанатта баяндама жасаған Сәбит Мұқанов та аға досын мейлінше мадақтап, айрықша бағалады.
Тыңдаушы жұртты түгел баураған Сәбеңнің елеулі екі тұжырымы болды. Біреуі «1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесімен Мұхтар шын мағынасындағы еуропалық прозаның дәрежесіне көтерілді» деген түйінді сөзі болса, екіншісі – «Қазақ әдебиетінде драматургия жанры тек Мұхтар Әуезов қана ашқан жаңалық» деген тұжырымы.
Мақтаудан-мақтау Мұхаңцы әбден тойдырған болса керек, ол күнде айтылатын, өзін көрген сайын айтылатын мадаққа жай ғана құлақ түріп отыратын. Ал әріптесінің мына түйінтұжырымдарына өзгеше мән беріп:
-Сәбит, сенің мына пікірлерің көп айтыла бермейтін көшелі пікір болды-ау, – деп біршама тұшынып, кәдімгідей қызыға елеңдеп қалған. Апайда қырғыз ақыны Қуанышбек Мәліков өзгелерден ерекше нұсқалы ойайтпақбоп: ой айтпақ боп:
-Әр жазушының барлық жазғандарынан бағалы бір керемет кітабы болады, ол-жазылмаған кітабы!-дегенде сылқ түсіп:
– Бәлі, мынау не деп тұр, алпысқа келген адамға жазғанынан жазатыны артық деген сөз ақылы бар адамның аузынан қалай шығады? – деп қынжылды.
Бұдан Мұхаңның, қанша дегенмен, алпысты қалжыраған қарттық көріп, алпысқа келгенше бастан кешкен азап пен бейнетті мықтап ауырлап қалған адам екені сезілетін.
Сыр мен сезімдегі мұндай қарама-қарсылық, қуаныш пен реніштің қатар келуі, болмыс-бітімдегі бар мен жоқтың ара салмағын бұлайша таразылау… бүгін Әуезовте атымен жоқ. Қунап, құлшынып шыға келген. Көңілді-ақ. Шалқып, ұзақ-ұзақ сөйлеп кетеді. Өзгеге көп сөз бермей, тек өзі ғана сөйлейді. Әңгімесі әдебиет және әдебиетші туралы. Әңгіменің бір келесінде келген түйін:
-Әдебиеттің ең ұлы қасиеті -ұлттың ұлылығын көрсету, ал әдебиетшінікі-ұлтшыл болу.
Мен ойладым, шынында да, ұлтшылдық деген адамға тән асыл қасиет емес пе? Ұлтын жақсы көру – өзінің туған халқын сүю… Ал халқын сүю неге ғана сол «халықтың жауы болуы» керек?!.
Тоқтоболат та мен секілді, дәл осы ойда отыр екен. Ол менше іштей толғанып қана қойған жоқ, ашық кетті!
-Ойпырм-ай, Мұхтар аға, кенен Мұхам-ай, кемел Мұхам-ай, бәріміздің ойымызда жүрген, бірақ айта алмай жүрген ақиқатты айттыңыз-ау. Біздің, біз секілділердің, анау отырған Зекемнің, мынау Әбділда, Шахмет ағаларымның, бәріміздің ең киелі ұғымымыз осы еді ғой.
Әрқашан аузы кебіңкіреп жүретін Әбекең шыдай алмай, тілін ұп-ұзын ғып шығарып, алдымен ернін түгел бір жағалатып, содан соң екі езуінен кезек-кезек жалақтатып алды да, өзөзінен лықсып, балқ-балқ етіп:
-Мұхаң біледі, маған ғұмыр бойы шала байланып жүрген осы пәле ғой. Біз «қазақ», «қырғыз» деп ұлтымызды атаудан қалғалы қашан? Орталық партия комитетінің соғыстан кейінгі -қырық алтыншы, кырық сегізінші жылғы қаулы-қарарлары бар емес пе? Соның біріне мені кіргізіп, ағаш атқа мінгізгенін бәрің білесіңдер. Не үшін? Пьесамның атын «Біз де қазақпыз» деп қойғаным үшін! Мұндай да масқара болады екен.
Мұхаң бұл мәселеге мейлінше кең, шынында да, Тоқтоболат айтқандай, кемел қарайды. Әркімнің жеке басындағы жәбір емес, бүкіл кеңес идеологиясындағы ауру деп біледі. Кеңес адамдарының бәрі осы індетке шалдыққан. Кеңес адамы өз ұлтын жақсы көру, өзге ұлтты жек көру деп ұғып кеткен. Бар пәле осында. Сондықтан «ұлтшыл» деген ұғым өзінің бастапқы, байырғы мағынасын өзгерткен. Бүгінде «ұлтшыл» деген ең қарғыс атқан сөз. Әркімнің қанына сіңіп кеткен ұшқары ұғым. Соны шыншыл түсінген Әуезов Тәжібаевты құптаған жоқ, әлгі сөзін әзілге айналдырды.
-Бәлі, бұл Әбділда жылап жүріп зорлық қылады, – деп күлді. – Сен өзіңді неге ойламайсың? «Ұлтшыл» деген атаққа қалып, қаулыға іліккеніңці ауыр жаза ретінде сезініпсің. Оның дұрыс. Бірақ өзің Мағжанды «ұлтшыл» деп жерден алып, жерге саласың ғой. Оның дұрыс емес. Оның – Мағжанға жасаған зәбірің, зорлығың. Дүрыс пен бұрысты тез таразылаған жөн.
Мұхаң мұнымен де қойған жоқ. Қырғыздарға тиісті.
Аалы Тоқомбаев қырғыздың Сәбит Мұқановы емес пе?
Дәл айтасыз, – деді Тоқтоболат, екеуі дос, араларынан қыл өтпейді.
–Жә, олары дұрыс, достық дегенің жақсы. Бірақ менің айтарым басқа: Аалының дос туралы емес, жау туралы ұғымы. Өздерің ойлаңдар, қырғыз әдебиетін «Манассыз» шын мәніндегі сөз өнері деп тану мүмкін бе?
Мүмкін емес! – деді Тоқтоболат.
-Ал қырғыз ұлтының ары, ақыл-ойы, сыр-сезімі, абыройы болып табылатын сол ұлы дастанды Аалы халыққа қарсы ұлтшыл шығарма деп тас-талқанын шығарады. Бұл не масқара!
Тоқтоболат – өте әсерленгіш, нәзік сезімнің адамы.
-Ойпырым-ай, Мұхтар аға! – деп тағы тебіреніп кетті. – Бізде өткен конференцияға өзіңіз келіп, Аалыкемнің ұғымын 180 градус өзгертпегенде, біз «Манастан» құлақ қағатын едік. «Манасты» өзіңіз құтқарып қалдыңыз ғой.
-Менің «Манас» туралы ұғымым конференцияда айтылған ауызекі сөз ғана емес, ғұмыр бойғы түсінік. Жиырмасыншы жылдардың аяғында Ленинград университетін «Манас» туралы үлкен зерттеумен бітіргенмін.
Білеміз.
Білеміз,-дедік.
-Білсеңдер, – деді Мұхаң, – мен әлгі сөздің бәрін Аалының ақындығын, жалпы ақылын жатырқап айтып отырғаным жоқ, оның адасуына қарсымын. Адасу деген ақылдан алжасу, бұл – ауру? Бұл ауруға бәріміз шалдыққанбыз. Қырғызда Аалы болып, қазақта Сәбит бастаған бәріміз…
Мухаң біраз ойланып алып, сөзін одан әрі жалғады:
– Қазіргі қазақ, қырғыз әдебиеті жалпы көпұлтты кеңес әдебиеті секілді осы бір оқыс идеологияның шырмауында. Сондықтан еркін өнер боп піспей отыр. Қазақ пен қырғызда қанша хан қазына бар? Көбікті толқын санап жүрміз ғой. Осыны тек келер ұрпақ, бүгінгі – деп Тоқтоболатқа, содан соң маған қарады, – мына сіздер секілді жас таланттар түзер деген үміттемін. Сендерге қарап, жыл келгендей жақсы сезімде жүремін.
Бәріміз қызыға тыңдадық.
Ұзақ әңгіме барысында Мұхаң маған қарап бір-екі рет күтпегбн жерден күлімдеген, мен неге екенін енді түсіндім. Біз ғана емес, бізге тамақ тасып жүрген даяшы қыз Нағима да жиі-жиі өзін-өзі ұмыта, қызыға тыңдап қалады екен. Қызығатыны сондай, ұйып тыңдаған уақытта тіпті бізге тамақ әкелуді ұмытып кетеді екен.
Мұхаң маған тағы бір күлімдей қарағанда байқадым, Нағима шетте отырған менің иығыма бір қолын артып, салмағын сала сүйеніп алыпты. Иығымнан қолын ысырып едім, қатты қысылып қалды. Бетіне оты шығып, қып-қызыл боп кетті. Мен өкіндім. Қолын бекер тайдырған екенмін деп ойладым. Бірақ Мұхаңнан қысылып, үндемедім. Есесінеол үндеді…
Кешті аяқтап, түнгі ондар шамасында асхананы тастап, есікке беттегенімізде, бізді шығарып салмақ болған Нағима менің сол жағымнан еріп келе жатып тіл қатты:
Қайда тоқтадыңыз?
Асхананың есігінен шыға бере мейманхана бұрышында – көл жағасында жайқалып тұрған жалғыз қайыңды көрсеттім:
Анау қайың іргесіндегі бөлмеде жатырмыз.
Бетіне қарасам, бағанағы ұп-ұяң қыз енді батыл, менімен күбірлесіп ашық сөйлесті:
Мен қазір дастарқанды жинаймын.
Ал…
Содан соң қайың түбіне қарай…
Ал…
Сағат он бірде. Келесіз бе?
Мен бас изеген секілдімін. Алдымызда Мұхаң келе жатқан. Шалашарпы естіген секілді. Қатты қысылдым.
Қыз қалып қойды.
Біз асхана мен мейманхана арасындағы шағын алаңда сейілдеп, біраз таза ауа, тау ауасын жұттық та, әрқайсымыз өз бөлмелерімізге бөліндік.
Қызықтың қызығы бөлмеге кірген соң болды. Кереует жанында отырып, жатуға дайындалып шешіне бастап едім, Мұхаң бас салып:
Неге шешінесің? – деді.
Шошып кеттім.
Қой, сен шешінбе, бар! – деді.
Қайда?
Жаңа Нағимамен кездеспек болдыңғой, енді бару керек.
Үлкен кісінің жап-жас жадына таңғалдым. Мұндаймен ісі жоқ, өз алдына бөлек отырған Мұхаң даяшы қыздың атына дейін біліп алыпты және ұмытпапты.
Қойыңыз, бармаймын.
Оның жігіттік емес, ұят болады, -деп Мұхаң бір қолын менің иығыма салды,-бар, бармасаң ұят. Және сен менен қысылма, білдің бе?
Қойыңызшы, Сіздің қасыңызда жүріп қыз қуып кету сұмдық емес пе?
-Бәлі, – деп Мұхаң енді шарасызданып, шаршап қалды, – Немене, мен сендей жас болмады дейсің бе?
Мен де шарасыз едім. Үндемедім.
-Мен саған айтайын, – деп Мұхаң бірқатар салмағын менің иығымдағы қолына салды, – жалғыз-ақ сен ешкімге айтпа!
Жоқ, айтпаймын.
-Ендеше, сен білмейтін шығарсың, жастар арасында «қызойнақ» қана емес, «итойнақ» деген де болады.
Содан соң мені өзіне қарата бұрыпалды:
Мен Ленинградта оқып жүргенімде сол «итойнаққа» қатысқан адаммын.
Ол дауыстап, рақаттана күлді:
Қой деймін, сен менен ұялма, бар, бар дегесін бар!
Мен амалсыз, қайта киіндім.
Е, бәсе!
Есікті жайлап жауып, дәлізге шығып едім, денем дір-дір етіп жылағым келді. Пайғамбар көретін ағама, ұлы ұстазыма кешпес қиянат жасап, қорлағалы тұрғандай сезіндім. Еңіреп жібере жаздадым. Ұзын дәліздің бір бұрыншына барып құнасып, ұзақтұрдым. Мейманханадан аттап шыққым да келмеді, бөлмеме қайтып кіргім де келмеді.
Осының бәрін қолмен қойғандай біліп жатқан Мұхаң бөлме есігін сарт еткізіп ашты да, мені ішке қарай жетелеп әкетті.
Мен шапшаң шешініп, әлдекімнен зәбір көргендей бүрісіп төсегіме жата кетіп едім, қатарымдағы кереуеттен Мұхаң қол созып, соншалық бір мейіріммен маңдайымнан сипап, басындағы жастығын кереует шетіне жақындатып, мені де мойнымнан құшақтап, басымды жастықпен қоса өзіне тартып, аузы-мұрнын төбеме тақады.
Өмірде әке-шешемнен бастап талай адамның жылылығын көріп жүрген адаммын ғой, бірақ дәл осы мезеттегі Мұхаңның мейіріміндей ыстық мейірімді мен бұрын-соңды мүлде көріп-білген емеспін. Айналайынның дірілді демі төбе-құйқамды шымырлатып, айдарымнан елбіреп есті де тұрды. Осынау ғажайып діріл шашымды жібектей сипалап, дәл төбемде мәңгі бақи қалды да қойды. Мұхаң десе болды, оның дірілді демін әлі күнге дейін сезінемін. Ғұмыр бойғы рақатым менің сол діріл!..
Мұхаң өмірді өгей көруді, өзі өмірге өгей көрінуді ұмытып, тіршілігі шыбынсыз жазға, жаннатқа айналар рақат шағы соңғы екі жыл екен-ау дегенбіз біз өткен жолы.
Екі-ақ жыл.
Мырза Құдай Мұхаңа сол екі жылды да сараң сыйлаған секілді.
Ұлы жан өмірдегі өкініш атаулыны түгел ұмытып, әр күнді арайлы таңмен атырып, әр күннің ең керемет минуттарын қалам қызметіне жұмсап, күллі дүниені қаусырып жатқан ұшантеңіз ойлармен, ұлы мақсат, аяулы арман соңында өткізуге айналдырған сол бір мұңсыз жылдар ойда жоқта осалдық танытты. Әуезовтің атақдаңкы әлемді шарлай бастаған тұста өзі де сол көңілдің қыран қанатында парлап, бас-аяғы сол санаулы жылдар ішінде ұзақ-ұзақ шетелдерге шығып, ай жүріп, ай жарым жүріп, елу бесінші жылы тұңғыш рет Индияны, елу жетінші жылы Жапонияны, алпысыншы жылы Американы көріп, алпыс бірінші жылы Индияға екінші рет барып қайтты.
Зейнолла ҚАБДОЛОВ.
(Жалғасы бар).
______________________________________________________________________________________________________________________________
/ Қабдолов Зейнолла. Менің Әуезовім. / З. Қабдолов. Солтүстік Қазақстан.-2 шелде.-5 бет.-2022 жыл.